Басты бет » Жаңалықтар » Мәжіліс депутаттары спорт кешенін аралады

Мәжіліс депутаттары спорт кешенін аралады

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары Глеб Щегельский, Құралай Қаракен, Дания Еспаева мен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова Алға ауданында жұмыс сапарымен болып, аудан ахуалымен танысты.

Алдымен депутаттар қала сыртында орналасқан жаңа автоматты газ тарату станциясына (АГТС-30) барды. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған бұл станцияның қуаттылығы — сағатына 30 мың текше метр. Ақтөбе магистралдық газ құбыры басқармасының Алға ауданы бойынша үлестірмелі газ шаруашылығының басшысы  В.Кириченко станцияның жалпы қызметімен таныстырып, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Халық қалаулылары жұмыс сапарын Есет батыр атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қорытындылады. Алға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Берік Бақытов спорт кешенінің жұмысымен егжей-текжейлі таныстырып, бапкерлермен қатар жаттығушылардың жеңістерін сөзге тиек етті.

2015 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген бұл спорт кешенінде 5 секция жұмыс жасайды және күндізгі уақытта мұнда 496 жас спортпен шұғылданады. Бұл ретте депутаттар аталмыш спорт кешенінің жұмысына оң баға берді. Осы орайда Берік Бақытов спорт кешенінің қолданысқа берілген кезінде қызметкерлердің бөлінбегенін айта кетіп, биылғы жылы мекемеге штат бөлуін сұрады. Сондай-ақ орталық стадионның футбол алаңына жасанды төсеніш және балалар мен жасөспірімдердің жарыстарға қатынауы үшін автобустың қажет екенін жеткізді.

Мәжіліс депутаттары Берік Бақытов айтқан мәселелерді ескеріп, назарда ұстайтындарын айтты.

 Мәдина Болатбек.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*