Басты бет » Әлеумет » Мемлекеттің басты байлығына айрықша көзқарас

Мемлекеттің басты байлығына айрықша көзқарас

Жолдау

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған кешегі Жолдауы негізінен өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктеріне арналыпты. Бұл тақырып, әрине, өзім қызмет ететін саланы да айналып өтпейді.
Мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған Жолдауында Елбасы әдеттегідей алдымен әлеуметтік көрсеткіштерге тоқталыпты. Айталық, өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 процент болып, өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 проценттен асқан. Ал өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40 проценттен асып түскен. Қазақстанның дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкіндік беріп, кедейшілік деңгейі 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін төмендеген. Бұл көңіл марқайтар сандармен танысқанда, келер жылы бұдан да жақсы болуын тіледім. Және мұндай қарқынмен бұл тілегімнің орындалатынына сенімім кәміл.

Маған, әсіресе, «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағыт ерекше ұнады. Шын мәнінде, кез келген адам — мемлекеттің басты байлығы. Бұл Конституцияда да айрықша атап өтілген. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру саласына қамқорлығы, соның ішінде адамдардың жаппай арнаулы білімді игеруіне  жағдай жасауы — құптарлық іс. Жұмыссыз жүрген азаматтардың басқа сала бойынша оқып, артынша еңбекпен қамтылуы игі шаруа деп білемін. Сонымен қатар, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстарының басталатыны, жаңа бағдарламалар мен оқулықтардың жарыққа шығатыны біздің бәсекеге қабілеттілігімізді одан сайын арттырады. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет. Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты береді. Үкімет бұл міндетті орындауға тиіс», — деген Президенттің бұл сөзі әлгіндегі бастамаларға негіз болатыны сөзсіз.

Жетінші бағытқа маңыз бергенімнің сыры — ол біздің салаға етене қатысты. Өйткені біз адамдармен жұмыс істейміз, олардың мұң-мұқтажын мейлінше ескеруге тырысамыз. Сондықтан бұл саладағы осындай игілікті істерге тоқталмай өту мүмкін емес.

Биыл біздің ел Біріккен Ұлттар ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді. Елбасы атап өткендей, Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты. Бұның бәрі әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруімізге сеп боларына сенемін.

Айгүл ДҮЙСЕНОВА,

облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы.

Ақтөбе қаласы.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*