Басты бет » Жаңалықтар » Тоқтап тұрған кәсіпорындар ісі жанданады

Тоқтап тұрған кәсіпорындар ісі жанданады

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен тоқтап тұрған кəсіпорындардың ісін жандандыру, сондай-ақ, бос тұрған өндірістік ғимараттардың әлеуетін пайдалану мəселелері бойынша кеңес өткізілді.

Кеңес отырысына кәсіпорын иелері, мүдделі мемлекеттік мекемелер мен  ұйымдар және қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Ілияс Испановтың айтуынша, қазір қала аумағында осындай 8 ғимарат бар.

Бүгінгі таңда қабылданған шаралар нәтижесінде 2 кәсіпорын өз қызметін қайта жаңғыртты. Атап айтсақ,  «МТС-Трактор» шағын тракторлар шығаратын зауыт пен бұрынғы тоқыма фабрикасы өндірісі негізіндегі «Ақ-Руно» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің базасында 2 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз., Бұл іс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы шеңберінде жүргізілмек. Нақтырақ айтсақ, бұл өндіріс орындарында 10 мың шаршы метрлік спорт кешені мен  бизнес-инкубатор іске қосылмақ, — деді қала әкімі.

Кеңес барысында бұдан бөлек ұяшықты бетон өндіру зауытын сатып алу бойынша әлеуетті инвесторларды іздестіру жұмысы шеңберінде атқарылған шаруалар сөз болды. «Ақтөбе Строй Индустрия» АҚ аталмыш кәсіпорынды ресейлік инвестор — «ТД Фотон» ЖШС компаниясы сатып алғандығы мәлімделді. Бүгінгі таңда мүлікті сату-сатып алу келісімі жасалған, биыл екінші жартыжылдықта инвестор аталған зауытты толықтай қайта құру және жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Қала әкімінің айтуынша, қалған кәсіпорындар бойынша перспективалық бағыттар белгіленген. Атап айтқанда, осындай кәсіпорындардың қатарындағы

«Жан Ами и К», «Хобас Пайпс Қазақстан», «Эдеми» серіктестіктері мен «Актюбсельмаш» зауыты секілді кәсіпорындардың ісін жандандыру және іске қосу мүмкіндігі бар.

Кеңес барысында мұндай кәсіпорындардың тоқтап тұруына қаржы айналым қаражаттарының жетіспеушілігі, жабдықтардың тозуы негізгі себеп ретінде айтылды. Аталмыш кәсіпорындар бойынша инвесторларды тарту немесе екінші деңгейлі банктер тарапынан несиелеу жұмыстарын қарастыру шаралары сөз болды. Бұл орайда облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлыбек Мұқанов бизнесті мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктерін сөз етті.

Кездесу қорытындысы бойынша қала әкімі осы бағыттағы жұмысты жандандыру, сонымен бірге тиісті мемлекеттік органдарға кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге барынша көмек көрсету, әсіресе инвесторлар іздестіру және бизнес дамытуға ғимараттар жалға беруде тиісті шаралар қабылдау қажеттілігін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*