Басты бет » Жастар » Жас ғалымдар жолдауға үн қосты

Жас ғалымдар жолдауға үн қосты

Облыстық әкімдік ғимаратында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты  Жолдауын талқылау бойынша кезекті жас ғалымдар кеңесінің отырысы өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың төрағалығымен өткен кездесуге облыстың  жас ғалымдары қатысты.

Бұлбұл Ораққызы Елбасы Жолдауының халық арасында кеңінен насихатталып, орындалуы үшін облыстың жас ғалымдарының қосар үлесі зор екендігін баса айтты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы өткен жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудың жалғасы деп қабылдауымыз қажет. Мемлекет басшысы бұл жолы жаңа технологиялар, экономика және әлеуметтік салаға енгізілетін терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне дайын болуымызды басты міндет етіп қойды. Жастар — біздің ертеңіміз, болашағымыз. Сондықтан да еліміздің дамыған елдердің қатарына еніп, экономикалық, әлеуметтік салада ілгерілеуі үшін жастардың, әсіресе жас ғалымдардың қосар үлесі зор. Осы мақсатта облысымызда жас ғалымдар кеңесі құрылғаны белгілі. Жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау тауып отырған кеңестің, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Түрлі деңгейдегі белестерді бағындырып жүрген жас ғалымдарымыз, Елбасының бұл жолғы Жолдауына да өз үлестерін қосарына еш күмән жоқ, —  деді басқарма басшысы.

Ал жас ғалымдар кеңесі қоғамдық қорының директоры Жайық Сұлтанның айтуынша, Елбасының бұл жолғы Жолдауы ғылым жолында жүрген жастар үшін жаңа бір серпін бергендей.

— Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауында салмақты  ой тастап, нақты бағыт-бағдар ұсынып отыр. Жалпы, жастар мәселесі қай кезде де күн тәртібінен түскен емес. Біздің басты мақсатымыз — адами капиталды нығайту. Өйткені, адами капиталды нығайтпайынша, дамыған елдердің қатарына қосыла алмаймыз. Міне, осы мақсатта жұмыс жасап жатқан жас ғалымдардың  көрсеткіштері  де жоқ емес. Көптеген шетелдік ғылыми басылымдарда мақалаларымыз  жарияланды. Патенттерге қол жеткіздік. Түрлі ғылыми зертханалар ашылды. Жалпы экологиялық жағдай, өндірістік қалдықтарды құрылыс материалы ретінде қайта пайдалану мәселесі әлемдегі өзекті мәселе екені белгілі. Біздер осы бағытта жасап жатқан жұмыстарымызды әрі қарай жалғастыра бермекпіз деді, —  Жайық Сұлтан.

Айта кетейік, бүгінгі таңда 40-қа жуық мүшесі бар қоғамдық қор облыста 2016 жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Техникалық, жаратылыстану және гуманитарлық бағыттары бойынша жұмыс жасайтын кеңестің құрамында мектеп оқушылары, студенттер және өндірістік кәсіпорындарда жұмыс жасайтын жастар бар.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*