Басты бет » Әлеумет » Өткен жылдардың сәулесі

Өткен жылдардың сәулесі

Кім-кімге де  еңбек жолын бастаған алғашқы ортасы ыстық. Мектептің жоғарғы кластарында оқып жүргенде мерзімдік басылымдарға  хабар-ошар  жариялап жүрген біздің аңсарымыз журналистік мамандыққа аумай ма!? Сөйтсек, бұл кәсіптің мамандарын даярлайтын ұстахана Қазақстан бойынша жалғыз оқу орнында ол кезде Сергей Миронович Киров есімін иеленген Қазақ мемлекеттік университетінде болып шықты. Оның да күндізгі бөлімінде оқу үшін газет-журнал редакциясында немесе радио-телевидениеде жұмыс істеген екі жылдық өтілің қажет екен. Туып-өскен өңірдегі Шалқар аудандық газетінде бос орын болмай амалсыздан Ембі қаласынан бір-ақ шықтық. Жаңадан ашылған Мұғаджар ауданының орталығы. Қазақ-орыс тілдерінде «Еңбек таңы» және «Коммунист» деген газеттері шығарылады. Қала теміржол бойында, бір бүйірінде одақтық мәртебеге ие, былайғы адамдар үшін жабық «Эмба – 5» деп аталатын әскери қалашық орналасқан.

Жаңа ауданға жан-жақтан әртүрлі жастағы әрқилы мамандықтың иелері отбасымен көшіп келіп, қоныстанып жатты. Әрине, негізгі тірек — өңірдің тұрғылықты халқы, аймақ  ерекшеліктерін, істің жай-жапсарын білетін жергілікті мамандар. Бердіғали Әйтпенбетовпен алғаш танысқаным есімде. Темір қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумының жоспарлау-экономика бөлімін бітірген, Алматы халық шаруашылығы институтында сырттай оқиды. Әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері Әйтпенбет пен анасы Сұлудың шаңырағында ортаншы бала. Ұлынан үміт күткен болар, асыл әкенің: «Шырағым, ата-баба ісін  жалғастыру ұрпақтың ұлағатты істі ұластыруы деп білгейсің. Осындай орайлы істерден өнеге алсаң өмірдегі орныңды табатындығыңды ойдан шығарма» деген кеңесі әлі күнге санада сайрап тұрады.

Балаң жігіт әке сенімінен шықты. Туған ауылы — «Жұрын» кеңшарында экономист қызметін атқара жүріп, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты. Кеңес Одағы дәуірінде ең жоғары награда — Социалистік  Еңбек Ері атағына алты азаматы ие болған, аудандық  және облыстық  деңгейдегі қызметтерге жоғарылаған ондаған адам үшін тәрбие бесігі — туған ауылында Бердіғали кәсіби шеберлігін шыңдады, шаруаны ұйымдастырудың қыр-сырына қанықты. Білуге құштар, тапсырманы тиянақты орындайтын жас маман  Коммунистік партияның мүшелігіне қабылданды, көп ұзамай аудандық партия комитетінің аппаратына нұсқаушылық қызметке шақырылды. Арада бір жыл өткен соң аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

Аға буын өкілдері жақсы біледі, сол кезеңдегі комсомол аппараты талай адамдардың келешегіне даңғыл жол ашты. Біз білетінде Бердіғали Әйтпенбетовтен кейін өңірдің жастар ұйымына жетекшілік еткен Кеңес Абдуллин, Серік Шаңғұтов, Жеткерген Оралмағамбетов, Жанәбіл Мырзабеков Ақтөбе жұртшылығына танымал тұлғалар қатарына қосылды. Комсомол қайраткері Бердіғалимен қызмет барысында танысып-білісуіміздің, әлденеше рет сапарлас болуымыздың нәтижесінде жазған очеркім республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жарияланды.

Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, жауапкершілікті бір сәт жадынан шығармайтын Әйтпенбетовтің еңбек жолы мағыналы деректерге толы. Аудандық партия комитетінің аппаратында ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, кейін аупартком хатшысы болып, айтарлықтай тәжірибе жинақтаған ол бір кезде өзі жұмыс істеген «Жұрын» кеңшарына директор болып оралды.

Ата-бабадан жеткен «Жігіттің кім екенін білгің келсе, қолына билік бер, ол өткір ұстара тәрізді, ұстай алмаса өз қолын өзі тіліп түседі» деген әдемі тәмсіл бар. Ата-ананың, ауылдастардың үлгі-өнегесі, комсомол және партия ұйымдарындағы мектеп Әйтпенбетовтің жігерін жанып, намысын қайраған екен. Оған дәлел — кеңшарды басқарған 1981-1985 жылдардағы шаруашылықтың үздік өндірістік көрсеткіштері. Қоғамдық мал санын өз төлі есебінен көбейтуде, мал өнімдерінің өзіндік құнын арзандатуда, әрбір шаруашылық жылын таза пайдамен аяқтауда жеткен табыстары үшін кеңшар Қазақ  КСР-інің ауыспалы Қызыл Туына ие болып, халық шаруашылығы жетістіктері Көрмесінің Құрмет Кітабына жазылды. Әкімшілік  кеңсесі Мәскеу қаласында орналасқан Бүкілодақтық мал шаруашылығы институтымен ұзақ жылдар ынтымақтаса жұмыс істеу өз нәтижесін берді. Кеңшарда асылтұқымды цигай қойын өсіру және түліктің өнімділігін жыл санап арттыру  жүйесі қалыптастырылды.

Ауылдастардың  мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бағытында жаңадан әлеуметтік нысандар салынды, малшылар мен механизаторлардың балаларын кеңшар есебінен жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқыту кеңінен өрістетілді.

Үнемі ізденісте жүретін жаңашыл басшының іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетін бағалаған аудан коммунистері оны 1985 жылдың қыркүйек  айында Мұғаджар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайлады. Осы ретте айта кету керек, аудан алғаш шаңырақ көтерген 1966 жылдан 1985 жылға дейінгі аралықта өңірде екі азамат — Жағыпар Әміров пен Қуандық Әлішев басшылық етті. Өмірдің үлкен мектебін абыройлы өткерген осы ағалардың  жолын Әйтпенбетов сәтті жалғастырды. Ол 1997 жылы Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мұғаджар ауданы таратылғанға дейін үзіліссіз он екі жыл өңірдің бірінші басшысы болды: бастапқы жеті жылында — аупарткомның бірінші хатшысы, кейінгі бес жылында аудан әкімшілігінің басшысы.

Кеңес Одағының күйреуі қарсаңындағы қиындықтар көпшіліктің жадында, оның бер жағында ел Тәуелсіздігі жарияланған тұстағы аласапыран тірлік те ұмытыла қойған жоқ. Бердіғали Әйтпенбетұлы өзінің командасындағы серіктерімен бірге уақыт сынына төтеп берді, күш-жігері мен жалынды сөзін халық көңілінде келешекке деген сенімді ұялатуға аянбай жұмсады.

Аудан өңірі алтын, мұнай, газ, диатомит, кварц құмы сияқты пайдалы қазбаларға бай, құрылысқа пайдаланылатын материалдар баршылық. Қоғам алмасып жатқан өтпелі кезеңде бағалы байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі керек, мәдени-тұрмыстық  нысандардың бүтіндігін сақтау — міндет. Біздің кейіпкеріміз командасындағы әрбір қызметкерге осындай талап қойды. Туып-өскен өлкеге деген перзенттік пейілмен сол тұстағы облыс басшылығына арнайы хат жазып, мүмкіндігінше Мұғаджар ауданын таратпай сақтап қалуды ұсынды. Хатта өңірдің қуатты экономикалық әлеуеті, өндіріс көлемінің ұлғайтылу мүмкіндіктері нақтылы деректермен тиянақталған.

Әйтпенбетов ауданның бірінші басшысы болған жылдарынан бірқатар маңызды  құжаттарды жеке мұрағатында сақтаған. Оның бірі — Ембі қаласында көшелердің біріне Ленин орденді теміржолшы Серғазы Мәмбетовтің  есімі берілуіне байланысты әйгілі Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов 1995 жылдың 6 қыркүйегінде жолдаған хат. Әдебиеттің заңғар тұлғалары игілікті шаруаны қолға алып, жүзеге асырғаны үшін ризашылық сезімін білдіріпті. Олар даңқты теміржолшының баласы, құрылыс инженері Қалекешпен көптен араласады екен. Екінші құжат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы аудан өңіріндегі «Жаңажол» мұнай-газ кен орнына және «Ембі – 5» әскери-сынақ алаңына келген сапары туралы сыр шертеді. Кейіпкеріміз Мемлекет басшысы алдында сөз сөйлеп, ауданның өткені және қазіргі сипаты туралы нақты деректермен баяндады.

Бердіғали 1997 жылы бұрынғы Мұғаджар және Октябрь аудандары біріктіріліп, таза қазақы ұғымды білдіретін  Мұғалжар деген жаңа атаумен жұмысын бастаған соң сақтандыру бизнесіне ауысып, «Алтын полис» сақтандыру компаниясы» акционерлік  қоғамының Ақтөбе облыстық филиалында директор қызметін атқарды. Ысылған азамат заман ағысына қарай дүниеге келген жаңа салада ізденушілік  дүниетанымын көрсете білді. Шаруашылық өзегін сақтап, бір кезде қол жеткен табыстарды қалпына келтірудің құпиясына терең бойлады. Нәтижесінде 2006 жылы облыстық филиал «Тиімді дамушы кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын құйма» жүлдесін  жеңіп алды.

Әйтпенбетов ауыл шаруашылығы және ұқсату кәсіпорындары кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы қызметінде де байсалды қалпынан танбай айналасындағыларға біліктілігін танытты. Кез келген даулы мәселелерді шешуде қолданыстағы заңдарға сүйеніп жұмыс істеді. Әрине, мұндай қасиеттер азамат беделін жоғарылатуға жол ашады.

Оның  жарты ғасырдан астам еңбек өтілі лайықты бағаланды. Мемлекеттік бірнеше медальдары, «Мұғалжар ауданының құрметті азаматы» атағы – кейінде қалған жылдарда Отан үшін, туған халқы үшін жұмсаған қажыр-қайраттың айқын айғағы. Бердіғали бүгінгі жетпіс жастың белесіне адал жар, қамқор әке, мейірбан ата ретінде жетіп отыр. Зайыбы Құрманай Құмжарған ауылдық кеңесінің хатшылығынан басталған жолды есеп саласында сәтті жалғастырды. Ерлі-зайыпты зейнеткерлер ұл-қыздары Гүлдарияның, Нұрболдың, Жасұланның, Жандостың, Айдостың ажарлы шаңырағында өсіп-өнген немерелерінің шуақты күлкісінен  ләззат алғанын Тәңірдің сыйы деп бағалайды.

Айтпақшы, кейіпкеріміз сонау балаң шағынан спортқа құштар жандардың бірі болды. Студенттік шағында Қапланбекте жеңіл атлетикадан өткізілген республикалық чемпионатта облыс намысын қорғағаны бар. Қазір бос уақытында үйінің ауласында  жеміс ағаштарын күтіп, гүлдерді аялағанды ұнатады. Көркем әдеби кітаптардың оқудың пайдасы зор екенін үнемі айта жүреді.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*