Басты бет » Әлеумет » Рухани жаңғырумен өзектес

Рухани жаңғырумен өзектес

Елді ертеңге бастайтын 10 міндет

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы тың бастамаларымен, жаңашыл ұсыныстарымен назар аудартады. Мемлекет басшысы биылғы жылғы Жолдауы арқылы келешекте жүзеге асырылуы тиісті маңызды стратегиялық қадамдарды белгілеп беріп отыр.

Бірден анық байқалатыны — Жолдауда көптеген өзекті мәселелер жан-жақты қамтылған. Әсіресе, цифрлық технологияны енгізіп, сол арқылы әлемдік бәсекеге қабілетті болу қажеттігі туралы тұжырым бізді ілгеріге жетелейді. Ақиқатында электронды технологиялар дәуірі жүріп тұрған уақытта оны күнделікті тіршілігімізде жан-жақты қолданбай, дамыған мемлекет ретінде алға шығуымыз мүмкін бе?!

Жолдаудағы «Адами капитал — жаңғыру негізі» деп аталатын жетінші міндеттің аумағында көптеген көкейкесті мәселелер тиянақталады.

Мәселен, осында «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап көрсетіледі.

Қоғамдағы қарыштап дамудың, ілгеріге ұмтылудың, әлемдік деңгейден көрінудің бастауы байыпты берілген білімнен өрістейтінін ескерсек, бұл міндеттің орындалуы заман талабымен үндес екенін сезінеміз.

«Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» деп атап көрсетілген Жолдауда. Бұл Елбасының бұрыннан айтылып келе жатқан ұстанымының беріктігін байқатады.

Жолдауда көптеген әлеуметтік саладағы проблемаларды шешу, бұл үшін заманауи технологияларды меңгеріп, тіпті білім беру саласына өзінің инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың жеке саласы ретінде қарау ұстанымы алға тартылады.

Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту қажеттігі айтылады. Өзіміз күнделікті өмірімізде көп айтып жүрген «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында екендігі түйінделеді.

Жолдауда халықтың әл-ауқатын арттыру, оның ішінде зейнеткерлерге қолдау, мұғалімдердің еңбегін лайықты бағалау, тұрғындарды медициналық қамту тұрғысындағы көптеген түйіндер шешімін тапқаны көпшіліктің көңіліне сәуле түсіретіні анық.

Түйіндеп айтар болсақ, жыл басында жария болған биылғы Жолдау халқымыздың рухани жаңғыруымен өзектес, еліміздің ертеңіне сендіретін, кемел келешекке ұмтылдыратын тарихи құжат ретінде қабылданары сөзсіз.

 Бұлбұл ЕЛЕУСІНОВА,

облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*