Басты бет » Әлеумет » Цифрландыру — басты мәселе

Цифрландыру — басты мәселе

Елді ертеңге бастайтын 10 міндет

Біз ең алдымен Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына қатысты Мәлімдемесін ерекше ынтамен тыңдадық. Ақиқатын айтсақ, одан тың жаңалықтар, жақсы өзгерістер нышанын күттік. Ал Жолдаумен танысқан сәтімізде оның әрбір жолындағы ілгерілеуге бастайтын ізгі ниеттерді айқын сезіндік.

Бірінші міндет қатарында «Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек.

Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді» деп атап көрсетілді.

Бұл, менің байқауымда, маңызды да ауқымды жобаның бастауы. Оның мәні, Мәлімдемеде атап көрсетілгендей, өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі деңгейін көтеруге септігін тигізетіндігінде.

Маған ұнағаны, жаңалықты енгізудің нәтижелеріне сараптама-болжамдар жасалуы. Мәселен, «Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек» деген тұжырым адамдарға деген қамқорлықты сездіреді.

Ең бастысы, жаңа 2018 жылы Мемлекетімізде атқарылатын маңызды істер нақты атап айтылды. Елбасымыз он негізгі мәселеге назарымызды аударды.

Мен жоғары оқу орнының оқытушысы және ғылым адамы ретінде бұл бағдарламалық құжатты ойға тоқи оқып шықтым. Алдағы күндерде де жұмыс барысында бірнеше мәрте қайта айналып қарап, әрбір сөйлемнің астарына терең үңіліп, зерделеп отыру қажеттігін және сезінемін.

Жолдаудағы білім беру сапасын көтеру, оны жетілдіру бағытындағы нақты шаралар көңіл аударады. Ұстаздарға құрмет лебі айқын сезіледі. Білім беру саласын экономиканың жеке тармағы ретінде қарау туралы ұсыныс көңілге қонады. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беру жөніндегі міндет заман талабына сай келеді деп білеміз. Ал оқытушыларды қайта даярлықтан өткізу, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тарту, әлемдік университеттердің кампустарын ашу — біздің білімге ұмтылған жастарымыз үшін жасалып жатқан қамқорлық, келер күннің қамын ойлау деп ұғындық.

    Алтай ТАЙЖАНОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*