Басты бет » Әлеумет » Агроөнеркәсіп кешеніне бетбұрыс

Агроөнеркәсіп кешеніне бетбұрыс

Елді ертеңге бастайтын 10 міндет

Президентіміз биылғы Жолдауында ел күткен, көпшілік ойындағы дүниенің бәрін айтты десе де болады. Он бағыттың астарында мемлекетіміздің дамуының, халықтың әл-ауқатының артуының, жалпы тіршілігіміздің жақсаруының көп түйінді мәселелері қозғалған.

Бұл Жолдау біздің алғы күндеріміздің бағдаршысы, саяси мәні зор құжат деп білемін.

Мен өзім ұзақ жыл еңбек еткен, күнделікті шаруа барысында араласып жүрген ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелерге көбірек назар аудардым.

Президент «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деген тұжырымды алға тартты. Сондай-ақ шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажеттігін міндет етіп қойды. Бұл енді өз ішімізде тұйықталып қала бермей, жан-жаққа өзімізде барды танытуды, басқа да елдермен терезесі тең қалыпта тірлік қылуға бағыт берген жай.

Бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі — ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек деген ой тағы да осы Жолдауда алдымыздан шықты. Бұл шаруаның маңыздылығын біз күнделікті ауыл-елді аралап, қожалықтардың жұмысымен танысқан кезімізде анық байқап жүрміз. Өйткені ұсақ шаруалар мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды, басқа да көмектерді өз бетімен ала алмайды. Оны ала алмаған соң шаруасы ары қарай дами бермейді. Ал кооперативке бірігу көп мәселелерді оңтайлы шешуге жол ашады. Елбасының айтып отырғаны осы.

Мен қоғамдық ұйымның жетекшісі ретінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлері арасында жиі боламын. Елбасы Жолдауында айтылған осы міндеттерді халық арасында кеңінен түсіндіруді, оны өмірге енгізу жолында өз үлесімді қосуды парызым деп білемін.

Жалпы агроөнеркәсіп кешеніне жасалып отырған бетбұрыс еліміздің экономикасын одан әрі нығайтуға, саланың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

 Келдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ,

«Бейбітшілік және қоғамдық келісім» кеңесі облыстық ұйымының төрағасы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*