Басты бет » Жаңалықтар » Өз артегіміз ашылады

Өз артегіміз ашылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Әсем» балаларды сауықтыру лагерінде болды. Оның жанынан жыл бойы жұмыс жасайтын балалар лагерін ашу жоспарланып отыр.

Балалар демалатын аймақ 13 гектар алаңда орналасқан. Мұнда табиғаттың өзі барлық жағдайды жасап қойғандай: өзен алқабы жақын, талы көп, шөбі мол шабындықтар мен құмды жағажайлар орналасқан. Жуырда лагерьдің аумағында балалардың сабақтан қол үзбей-ақ сол жерде тұрып, демалулары үшін жаңа оқу корпусын салу жұмыстары басталады.

— Елбасы қоғамымыздың басты әлеуеті болып табылатын балалардың жан-жақты дамуына қашанда баса назар аударады. Сондықтан біз облысымызда «Артек» үлгісіндегі жыл бойы жұмыс жасайтын заманауи балалар лагерін ашуға бар күшімізді салуымыз керек. Келешекте ол халықаралық болуы тиіс. Мұнда барлық аудандардан, Қазақстанның басқа облыстары мен көрші елдерден балалар келетін болады, — деді Б.Сапарбаев.

Өткен жылдың жазында 112 мыңнан аса ақтөбелік оқушы жазғы лагерьлерде демалды, бұл оқушылардың жалпы санының 92 пайызын құрайды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 152 миллиондай теңге бөлінген болатын.

Облыста барлығы 11 қала сыртындағы, 384 мектеп жанындағы және 37 шатырлы лагерь жұмыс жасайды. Лагерьлерде балалардың шығармашылық тұрғыдан және жеке басының жан-жақты дамуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, рухани-адамгершілік  құндылықтарына баулуға және сауықтыруға қажетті барлық жағдай жасалған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*