Басты бет » Басты жаңалықтар » Мұз айдыны сарайы мен теннис орталығының құрылысы жұмысын қарады

Мұз айдыны сарайы мен теннис орталығының құрылысы жұмысын қарады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Батыс-2 шағын ауданындағы жаңа спорт нысандарының құрылысы барысымен танысты.

Атап айтқанда, ол Шығармашылық академиясының жанында орналасқан Теннис орталығының құрылыс алаңында болды. Спорт кешені төртеуі жабық, төртеуі ашық, барлығы сегіз корттан тұратын болады. Мұнда 500-ден аса адам жаттыға алады. Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылуда.

Облыс әкімі Теннис орталығының келешекте халықаралық турнирлер мен жарыстарды өткізу кезінде сұранысқа ие болуы үшін барлық заманауи стандарттарға сай келуі керектігін атап өтті.

Сондай-ақ ол мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолданған Мұз айдыны сарайының да құрылысы жұмысын қарады. Жобаны жүзеге асыру туралы келісімге өткен жылдың шілде айында Бердібек Сапарбаев пен Словакияның қаржы вице-министрі Дана Мигердің кездесуі кезінде қол жеткізілген болатын. Мұз аренасы 2500 орынға арналған. Жоба құны 3,7 миллиард теңгені құрайды, оның 70 пайызын словактің «Н+Н Technica» компаниясы инвестициялаған.

Бұл жаңа нысан қысқы спорт түрлерін одан әрі дамытуға септігін тигізетін болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*