Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбенің экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі талқыланды

Ақтөбенің экологиялық жағдайын жақсарту мәселесі талқыланды

Ақтөбенің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар 2018 жылы да жалғасады. Бұл туралы қала әкімдігінің ғимаратында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен  өткен кеңес барысында облыстың бас экологы Жақсығали Иманқұлов баяндады.

Шаһар басшысы Ілияс Испанов айтып өткендей, Ақтөбеде қыс мезгілінде айтарлықтай экологиялық мәселе жоқ. Дегенмен, өткен жылы басталған істер аяқсыз қалмауы тиіс.

Жиында сөз алған экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов атқарылып жатқан жұмыстар, атмосфералық ауаның жағдайы жөнінде баяндады. Облыстың бас экологының айтуы бойынша, жұмыс негізі  сәуір айында басталады.

— Жұмыс жүріп жатыр, алдағы уақытта да  жалғасатын болады. Біз барлығын зерттеп, белгілеп отырмыз. 2016-2017 жылдары экология департаменті мамандарына тапсырылған көп жұмыстың бірі қаладағы жағымсыз иістің көздерін анықтау еді. Зерттеу нәтижесі бойынша иістің  қайдан шығатыны белгілі болды. Бұл күнде жағымсыз иістің  тұрақты және жергілікті екі көзі бар екенін анықтадық. Өткен жылдан бастап, осы екі бағыт бойынша қала әкімдігі мен «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы жұмысқа кірісіп кетті. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиналыста тиісті органдарға нақты тапсырмалар беріліп, қаржыландыру көздері айқындалды. Сондықтан 2017 жылы басталған жұмыстар аяқсыз қалмайтындығын баса айтқым келеді, — дейді Жақсығали Иманқұлов.

Өткен жылдың жазында Ақтөбеде  атмосфералық ауадағы күкіртсутегінің шамадан айтарлықтай асып кеткені және соның салдарынан жағымсыз иістің пайда болғаны баршаның есінде. Ол кезде мамандар жағдайды температураның күрт көтеріліп кетуіне байланысты деп түсіндірген болатын. Бұл мәселені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев басты назарға алып, нақты шаралар қолдануды тапсырған еді.

Бүгінде ағынды суларды кәріз жүйелеріне төгетін 4790 кәсіпорын болса, оның 319-ы өндірістік кәсіпорындар екен. Кездесуді қорытындылай келе, қала басшысы Экологиялық жағдайды одан әрі жақсарту жөнінде тапсырма берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*