Басты бет » Әлеумет » Қысқы жолдар қауіпсіз бе?

Қысқы жолдар қауіпсіз бе?

Қыстың көзі қырауда жолға шығу үлкен сын. Әсіресе, қазіргідей қыстың нағыз қаһарлы айлары өтіп жатқан кезде сақтық қажет. Бұған біздің жол шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарымыз дайын ба? Қысқы жолдар шын мәнінде қауіпсіз бе? Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов республикалық маңызы бар көлік жолдарын қарап, нақты жағдаймен танысты.

Ақтөбе қаласындағы №8 жол пайдалану телімінде болған кезде республикалық маңызы бар жолдардың қысқы күтіміне жауапты  «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалының басшылары мен мамандары қыс айларындағы жол қауіпсіздігін сақтауға, жолаушылардың кедергісіз жүруіне қамқорлықтар туғызуға байланысты жасалып отырған жұмыстарды баяндады. Аталған  кәсіпорын басшыларының айтуынша, автокөлік құралдарының тоқтаусыз әрі кедергісіз, қауіпсіз қозғалысын ұйымдастырудың кешенді шаралары қолға алынған. Осы жұмыспен айналысатын аудан орталықтарында және ірі елді мекендерде 5 жол пайдалану телімі, 14 жол пайдалану бөлімшесі орналасқан. Олар тек негізгі қызметтерін атқарып қоймайды, сонымен бірге, жолаушыларды жылы орындарға орналастыру жұмыстарымен де айналысады. Бұлардан бөлек, республикалық маңызы бар жолдарда 74 сервистік қызмет атқаратын орын бар. Олардың өз қонақүйлері, асханалары, автотұрақтары жұмыс істейді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамының облыстық филиалының қарамағында 78 бірлік қар тазалау техникасы бар. Бұл нормативтік қажеттіліктің 54 пайызын құрайды. Қалған техникаларды қажет болған жағдайда жалға алу көзделген.

Қыс мезгіліне қажетті инертті материалдар да дайын. Осы бағытта 7 мың текше метр құм, 600 тонна тұз және 210 тонна көмір дайындалған. Бір сөзбен айтқанда, жолшылар қысқы жағдайға толық дайын екендерін айтты. Айтып қана қойған жоқ, сап түзеп тұрған қуатты техникаларды, тау болып үйілген инертті материалдарды, жүргіншілер жол бойында қалған жағдайда орналасатын арнаулы жылы орындарды, демалатын, тамақтанатын бөлмелерді көрсетті. Жолаушыларды бұл орындарға тасып жеткізетін қуатты «Урал» автобусы да әзір.

Ақтөбе -Хромтау жолының Өлке мекеніне  жақын тұсында боранды күндері жол бойындағы көлік кептелісін болдырмау үшін 300 көлік сыятын арнайы автотұрақ дайындалған. Оған жолда жүру мүмкін болмаған жағдайда жолаушы көліктері уақытша қойылмақ. Бұл қар басқан жағдайда жолшылардың жолды еркін ашуына жағдай жасайды.

— Республикалық маңызы бар облыс көлеміндегі жолдардың жалпы ұзындығы 1894 шақырымды құрайды. Соның 30 пайызы немесе 531 шақырымы қар басу мүмкіндігі жоғары деп саналады. Оның да алдын алу шаралары жасалды. Облыс бойынша сондай 40 шақырым жолға темір бетон қалқандар қойылды. Бұдан бөлек, қосымша тал-шыбықтардан қалқандар тоқылды. Оларды керек жерлерге қар басудан қорғау үшін қойып отырамыз, — дейді филиалдың бас маманы Нұркен Қожахметұлы.

— Көріп тұрсыздар, ауа райы құбылып тұр. Кез келген уақытта бұзылуы мүмкін. Сондықтан, жолшылар, сіздер, бұған барлық уақытта дайын болуларың керек. Біз бұған дейін дайындықтарыңды пысықтаған едік. Енді нақты өмірде тексеріп жатырмыз, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*