Басты бет » Рухани жаңғыру » Ата-аналармен кездесті

Ата-аналармен кездесті

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл Ақтөбе қаласындағы №56 мектепте оқушылардың ата-аналарымен кездесу өткізді.

Басқосуда жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, сапалы білім мен саналы тәрбие беру, салт-дәстүрімізді жаңғырту туралы әңгімелер кеңінен айтылды. Кездесуге Ақтөбедегі өзге де мектептердегі қамқоршылық кеңес мүшелері мен ата-аналар қауымы қатысты.

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жастарға түрлі игі іс-шаралар өткізу керек екендігін айтты.

— Біз Елбасымыздың берген бағыттары бойынша Қазақстанның әр өңірін аралап, шалғай ауылдардағы жастармен, тұрғындармен кездесіп жүрміз. Халықтың мұң-мұқтажын, жағдайын білу біздің басты парызымыз. Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақытта сан түрлі ұлттың өкілдерімен бірге, елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында осы кезеңге жетіп отырмыз. Әлі де болса елімізге тұрақтылық пен тыныштық керек. Біз өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыздың тарихын жадымызда ұстап, сол қиындықтарды ескере отырып, оның қайталанбауы үшін жастардың санасына құюымыз керек. Ал ұлттық құндылықтарымыздан жеритін болсақ, біз ешқашан болашағымызды дұрыс бағыттай алмаймыз, — деді Бақытбек Смағұл

Кездесуде Мәжіліс депутаты ата-аналар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, көтерілген мәселелерді тиісті орындарға жеткізуге уәде етті.

Сондай-ақ облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева мектептерде қамқоршылық кеңестері құрылып, ондағы ата-аналар мен кәсіпкерлер балаларға дұрыс тәрбие беру мақсатында жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*