Басты бет » Басты жаңалықтар » «Көрген де арманда, көрмеген де арманда!..»

«Көрген де арманда, көрмеген де арманда!..»

Астана — 20

Биыл 20 жылдығын атап өткелі отырған Астананың ұлттық сипаттағы һәм сәулетті ғимараттары аз емес. Бүгін біз айтулы нысандардың бірнешеуінің ашылу тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталмақпыз.

«Қазақ елі» 

Еліміз еңсесін тіктеп, егемендік алғалы бері тәуелсіздікке тәбәрік етер мұндай монументтер саусақпен санарлық қана. Бірақ, дәл осындай күрделі композициялық мәнге ие сәулетті мүсін-кешені бұрын-соңды тұрғызылған емес. Жалпы аумағы 5,2 гектар жерді алып жатқан бұл ескерткіштің ел тарихынан алар орны ерекше. «Қазақ елі» — халқымыздың көне тарихын, мәдениеті мен жетістіктерін әспеттейтін ауқымды кешен.

Монументтің ұзындығы — 91 метр. Бұл еліміздің тәуелсіздік алған жылын білдіреді. Оның ұшар басына Самұрық құсы қонып тұр. Бұл тәуелсіз Қазақстанның дамуға, гүлденуге ұмтылған ынта-жігерін бей­нелейді. Сондықтан алып сәулетті-мүсін кешенінің «Қазақ елі» ата­нуы да тегін емес. Бұл — Тәуелсіздіктің символы.

Бойына қазақ елінің өткені мен бүгінін топтастыруға тырысқан композициялық мазмұны мол кешен әйгілі ақ мәрмәрдан қаланған. Монумент Тәуелсіздік монументі ғана емес, халықтың рухының, ха­лықтың мәңгілігінің, мемлекеттік тұтастығының, іргесінің беріктігін аңғартатын белгі. Атап айтқанда, монумент орналасқан тұғырдың төрт жағына қазақ халқының болмыс-бітімін, өткен тарихын бейне­лейтін барельеф бедерлер салынды. Төрт қабырғаның өз айтары бар. Қазақ елінің басынан өткерген тағдыр соқпағы да сонда жатыр. Оның бірінші барельефі «Елбасы және халық» деп аталады. Онда Ата Заңға қолын қойып, ант беріп тұрған мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі бейнеленген. Бұл — елімізде заңның заңғар, ал азаматтардың құқықтары мен бостан­дықтары қашанда асыл қазына екендігінің белгісі. Елбасын қоршай орналасқан халық — ол  кең-байтақ өлкеміздің тату-тәтті тіршілік құ­шағындағы тұрғындары. Ал көкте қалықтаған қарлығаштар — елдегі ер­кіндік пен бейбітшіліктің көрінісі.

Монументтің оңтүстік беткейіндегі барельеф «Қаһармандық» деп аталады. Бұл — қазақ халқының ежелден қанында бар өр-рухтың жарқын көрінісі. Яғни байырғы көшпелі халықтың бойына біткен бол­мысы мұнда бейнеленген батырлар мен ақын-жыраулардың мүсіндері арқылы тамаша үйлесімін тапқан. Монументтің батыс бөлігі «Жасам­паздық» тақырыбымен сыр шертіп тұр. Көшпелі заманнан ғарышты игеру дәуіріне дейінгі қазақ халқының еңбек жолындағы даму жолы­ның белгісі осында өрнектеледі. Бұл жерден елдің әлеуметтік-эконо­микалық өсіп-өркендеуіне үлесін қосқан металлургті де, мұнайшыны да, инженер мен диқан, құрылысшы мен ғарышкерді де кезіктіресіз. Демек, еңбексүйгіш елдің ерен қажыр-қайраты сонысымен құнды. Ескерткіштің соңғы шығыс беткейі «Болашақ» деп аталады. Ел ертеңі болар айбынды жас буынның бейнесін әспеттеген бұл барельеф Қа­зақстан жастарына арналған. Ғылым мен білім, спорт, мәдениет пен өнерде өрге ұмтылған ел ертеңінің өкілдерін осы арадан табасыз. Ал олардың қақ ортасында жұп құраған жас отбасы бөліп тұр. Бұл қоға­мымыздың мемлекеттің ішіндегі шағын мемлекет — отбасына қомақты көңіл бөліп, адам ресурсына айрықша мән беруінің кепілі.

«Атамекен — «Қазақстан картасы»

«Атамекен — «Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені 2001 жылдың 8 қыркүйегінде Астана қаласында Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен ашылды. Мұндай тарихты танытудың үлгілері қазір әлемнің көп елдеріне танымал.

Жан-жүрегімізді елжіретіп, от-жігерімізді лаулатқан Отанымыздың жағрапиясын танып, жас ұрпақты қасиетті мекеннің иесі ретінде сезінуге үйрететін «Атамекен — Қазақстан картасы» атты этномемориалды кешен құдды бір «оқу құралы» секілді. Алайда бұл картаны қабырғаға ілудің қажеті жоқ, оған мұғалімнің таяқшасы да керек емес. Өйткені мұнда бәрі қолмен қойғандай көрсетілген. Екі футбол алаңындай болатын 1,7 га аумаққа жасалған үлкен картада Қызылқұмның күрішті, мақталы алқаптары мен Қарағандының көмірі, Маңғыстаудың мұнайы, қарт Бурабай, Қорғалжынның ерке құстары мен Каспийдің ару аққулары, Алатаудың ақ бас шыңдары, тағы да басқа айтып тауыса алмайтын қазыналы Қазақ даласы әсем бейнеленген. Бұл картада еліміздің 14 облысы мен Алматы, Астана қалалары көрсетілген. Табиғи-климаттық аумақтардың сан түрлілігі мен ландшафтары, сәулеті мен құрылыс салаларын да қамтыған экспонаттар арасында тарихи және мәдени ескерткіштерге ерекше орын берілген. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қала қонақтары өз өлкесінің құндылықтарын картадан көріп, ерекше сезімге бөленеді.

300-ден аса макет-үлгінің әрбірінен шебердің туған жерге деген ыстық махаббатының кішкентай бөлшегін тануға болады. Мұндағы 40-қа жуық үлгі Астананың Сол жағалауының көрінісіне арналған.

«Әзірет сұлтан» 

«Әзірет сұлтан» мешіті Астанадағы ең әдемі сәулет нысандарының бірі және Қазақстан халқының рухани байлығының көрінісі іспеттес. Мешіт құрылысы 2009 жылы шілдеде басталды.

Мешіт құрылысына әр кезеңде 1000-нан 1500-ге дейін адам қатысты. 2012 жылы 6 шілде күні сағат 12.00-де Астананың ғажайып нысандарының қатарын толықтырған мешіттің ашылу салтанаты болды. Ол — көлемі жағынан Түрікменстандағы «Духовность Түркменбашы» мешітінен кейінгі Орталық Азиядағы екінші мешіт.

«Әзірет сұлтан» «Қасиетті сұлтан» деген мағына береді. «Әзірет сұлтан» — Түркістанда кесенесі бар, «Диуан-и-хикметтің» авторы, сопы шейх Қожа Ахмет Яссауи эпитеттерінің бірі.

Мешіт ғимараты классикалық ислам стилінде, қазақтың ою-өрнектерін қолдану арқылы салынған. Ол үш қабатты, бірінші қабатында — неке қию залы, тағы басқа да қосымша орындар. Екінші қабатында ерлер мінәжат ететін, 4 мың орындық зал бар. Үшінші қабаттағы 1000 орындық зал әйелдердің мінәжат етуіне арналған. Мешітке 5 мың, мереке күндері тіпті 10 мың адамға дейін сыйып кетеді.

Мешіттің аумағы 11 гектар, ал алаңы 17 700 шаршы метр. «Әзірет сұлтан» — Қазақстандағы ең күмбезі үлкен мешіт, оның биіктігі — 51 метр, ал күмбез тұғырының диаметрі — 28,1 метр. Мешітте диаметрі 10,45 және 7,6 метрлік, ал биіктігі 33,46 және 25,25 метрлік сегіз шағын күмбез бар.

«Тілеп»

Қазақстан қоғамының мәдени жаһандануға қатты ұмтылуына қарамастан, қазақстандықтар өздерінің дәстүрлі мәдени дәстүрінен алшақтаған емес, тіпті олар жаңа ағымдарды сол мұраларды жаңғырту барысында қолдануды мақсат етеді. Сондай маңызды мәдени дәстүрлердің бірі — ғалымдар қазіргі скрипканың арғы атасы деп есептейтін қобыз дәстүрі. Қобызда ойнайтын музыканттарды «қобызшы» деп атайды. Қобыздың құрметіне және қобызшы-шебер Тілеп Аспантайұлының құрметіне көп функциялы концерт залы «Тілеп» қобыз сарайы деп аталған. Көп функциялы бұл концерт залы — Астанадағы ең жаңа залдардың бірі.

Бұл дәстүрлі этникалық музыка сарайы заманауи музыкалық құрылғылармен жабдықталғандықтан, ең жоғары деңгейдегі музыкалық шаралар өткізуге жарайды. Залға 340 көрермен сыяды. «Тілеп» қобыз сарайының сыртқы сәулеттік келбеті есте қаларлықтай, ал оның ішкі жағы қазақ киіз үйінің стилінде жасалған. Егер бұл сарайдағы концертке барсаңыз, сіз көп ғасырлық көшпенділер мәдениетіне сапар шегіп, Қазақстаннан басқа еш жерден ести алмайтын ерекше музыка тыңдап, рахатқа батасыз.

АСТАНА — АҚТӨБЕЛІКТІҢ КӨЗІМЕН

Ғанибек Есенжолов, металлург:

— Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан ғана емес, маған сәулетімен, әдемі ғимараттарымен де ұнайды. Елордаға 2009 жылдан бері жылда жолымның түсетіні сондықтан. Әрі ол жақта жақын туыстарым бар, олар мені еңбек демалысым сайын қонаққа шақырады.

Астана дегенде, әрине, әуелі «Бәйтерек» монументі ойға оралады. Сосын «Хан шатыр», «Думан» сияқты кешендер еске түседі. Өзім бас қалаға жасаған әр сапарымда аталған орталықтарға баруға тырысамын. Естелікке суретке түсемін.

Жыл өткен сайын Астанамыз көркейіп келеді. Былтыр өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінің өзі оның имиджін асқақтатты деп ойлаймын. Өзім де халықаралық көрме аясында қойылған павильондарды аралап, ондағы жаңа технологияларды көріп, таң-тамаша күйде қалдым. Осыдан кейін Астананы қалай жаңашыл қала демейсің?!

Бір айтарым, елордаға барған сайын өзгерген нәрсе көп екенін аңғарамын. Өткен жылдың желтоқсан айында «Қазақстан» концерт залында Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы әріптестерімізбен байқауға қатысқанымда, соған кезекті рет көзім жетті. Астананың ажары күнбе-күн ашыла түсуде. Бұны мен ғана емес, балаларым да байқап жатады. Олар да Астанамен бірге өсіп келе жатыр ғой…

Дәм бұйырса, болашақта астаналық атану ойда бар. Жұмыстың реті болса, бас қалаға неге көшпеске? Десе де, өзіміздің Ақтөбе де, басқа қалалармен салыстырғанда, қай жағынан да қалысып тұрмағанын айтқым келеді.

БІЛІП ЖҮРІҢІЗ!

 Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астана қаласының бас жоспарының авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*