Басты бет » Жаңалықтар » Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: 24 жер телімі балабақша салу үшін сатылды

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: 24 жер телімі балабақша салу үшін сатылды

Ақтөбе қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақшаларды салу жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта 24  жер телімі кәсіпкерлерге ауцион арқылы сатылған.

Жақында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі негізінде жасалып жатқан жұмыстар сарапқа салынды.  Шараға тиісті мекемелердің басшыларымен бірге аукцион арқылы жер телімдерін сатып алған кәсіпкерлер де қатысты.

Жиында алдымен қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Рустам Әлжанов баяндама жасады. Қазір облыс орталығында 140 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 51-і — мемлекеттік,  78-і — жекеменшік балабақшалар. Сондай-ақ, 1 мектеп-бақша мен 10 шағын орталық жұмыс істейді.

Мемлекеттік балабақшаларда 15 749 балапан тәрбиеленіп жатыр. Ал жеке балабақшада 9450 балаға мемлекеттік тапсырыс берілуде, — деді Рустам Әлжанов. Оның айтуынша, өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 24 жеке балабақшаға (2236  орын) мемлекеттік тапсырыс берілген. 2016 жылы балабақшадағы 100 орынға 135 баладан келсе, қазір біраз азайып, 100 орынға 115 баладан келеді.

2016 жылы 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші — 88,7 пайыз болса, биыл бұл бағыттағы жұмыс 93 пайызға жетті.

Қазір жеке балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беру жалғасып жатыр. Сол арқылы облыс орталығындағы 3-6 жастағы балапандардың барлығын бірдей  балабақшамен қамтылуды жоспарлап отырмыз, — деді Рустам Әлжанов.

Қазір Ақтөбеде жекеменшік-әріптестік аясындағы балабақшалардың саны артып отыр. Мысалы, өткен жылдың маусым айында 280 орындық «Райгүл» балабақшасы ел  игілігі үшін пайдалануға берілсе, шілдеде тағы да 280 орындық «Райгүл-1» балабақшасы ашылды. Сондай-ақ, №46 «Ай-Керім» балабақшасы сенімгерлік басқаруға берілді.

Биылғы жылы да Ақтөбе қаласындағы 5 балабақшаны (№2 «Бұлбұл», №4 «Көктем», №8 «Балбөбек», №40 «Балдәурен», №42 «Айналайын») сенімгерлік басқаруға беру жоспарланған.

Ақпан айында 8-шағын ауданда 280 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілмек. 12 топ ашу жоспарланған мекемеде 350 балапан тәрбиеленетін болады.

Жиын барысында Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұшқын Мыңбаев сөз алып аукцион арқылы кәсіпкерлерге берілген жер телімдері туралы  айтты.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар салу үшін ағылшын әдісі бойынша жалпы көлемі 16,4 гектар 24 жер телімі 53,3 миллион теңгеге  сатылды. Кәсіпкерлердің көпшілігі қазір балабақша құрылысын салу үшін қажеті құжаттарды әзірлеуде. Кейбір кәсіпкерлер құрылыс жұмыстарын аяқтауға жақын. Мысалы, көктемде Оңтүстік-Батыс-2 (150 орындық) және Батыс-2 (170 орындық) шағын аудандарында балабақшалар еңсе тіктейтін болады, — деді Ұшқын Мыңбаев. Оның айтуынша, аукцион арқылы жер алған кәсіпкерлердің көмегімен «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 300 орындық екі балабақша бой көтермек. Ақжар елді мекенінде 240 және 150 орындық балабақша ашылады. Сонымен қатар, жаңа балабақшалар Заречный-3, Сазды, Бауырластар, Ясный, Рауан, Қызылжар, т.б. қала маңындағы елді мекендерде еңсе тіктемек.  Елек пен Қанағат ауылдарында да аукцион арқылы кәсіпкерлерге жер берілді. Қазір жобалық жұмыстар жасалып жатыр.

Шарада Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жер телімдерін сатып алған кәсіпкерлерді жеке-жеке тұрғызып, жасалып жатқан жұмыстар туралы сұрады.

Аукцион арқылы Ақжар ауылынан жер телімін сатып алған кәсіпкер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша салатын болғанымен, балабақшаға мемлекеттік тапсырыс бойынша бала қабылдау қиын болмай ма деген күдігін жасырмады.

— Балабақша ашу мақсатында жер сатып алуын алғанмен, «ол балабақшаға бала толтыра аламын ба?» деген күдік бар. Өйткені, бізге берілген жердің дәл қасынан үлкен балабақша салынып жатыр. Мен салатын балабақшаның сыйымдылығы — 120 орындық, — деді кәсіпкер.

— Бұл үшін қорқып, қобалжудың қажеті жоқ. Өйткені, сіз сатып алған жер телімінің маңынан соншалықты зәулім жеке балабақша ашылса да, ең алдымен басымдық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылған балабақшаға беріледі. Бірлескен келісімшартта 120 орынға мемлекеттік тапсырыс беруге келісілсе, міндетті түрде мемлекеттік тапсырыс алатын боласыз. Оның үстіне Ақжар ауылында адам саны өте көп. Жыл сайын тұрғындардың саны арта түсуде.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша балабақша салу үшін жер телімі берілместен бұрын сол жердегі жағдай толық зерттеледі. Сол себепті, аукцион арқылы сатылған 24 жер телімінің бәрінің аумағында балабақшаға деген сұраныс жоғары, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Жиын соңында қала әкімі кәсіпкерлерге келісімшартта көрсетілген мерзімде жоспарланған жұмыстарды тиянақты тындыруды тапсырды.

Бұдан кейін Ілияс Испанов бастаған топ Қалыбаев көшесінде орналасқан «Кен және Барби» жеке балабақшасына және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Оңтүстік-Батыс-2» шағын ауданында салынып жатқан «Жан бала» балабақшасына барып, жұмыстарымен танысты.

«Кен және Барби» балабақшасы — Ақтөбеде ашылған алғашқы жеке балабақшалардың бірі. Қазір мұнда 115 бала тәрбиеленіп жатыр.

— 2016 жылдың қараша айынан бастап мемлекеттік тапсырыс алдық.

Мемлекеттен қолдау, көмек болса, 2-3 балабақша салғым келеді, — дейді балабақша құрылтайшысы Клара Бисенова.

Ілияс Испанов өз ісін ілгері жылжыту үшін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көп көмек көрсетіліп  жатқанын, мысалы, балабақша ашу ісінде мемлекеттік қолдауға ие болуда 6 бағыт бар екенін айтты.

Ал «Оңтүстік-Батыс-2» шағын ауданында балабақша салып жатқан кәсіпкер қала әкімінен балабақша алдындағы жолды жөндеп беруін өтінді. Өз сөзінде Ілияс Испанов кәсіпкер ұсынысын қолдап, жолды жөндеуге уәде берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*