Басты бет » Басты жаңалықтар » Жылу қалыпты берілуде

Жылу қалыпты берілуде

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласы жылумен жабдықтау кәсіпорындарының жұмысын тексерді.

Ол облыс орталығындағы жылу және электр энергиясының негізгі көзі болып табылатын «Ақтөбе жылу-электр орталығы» АҚ-да болды.

Облыс басшысы мұнда жылу-электр станциясының жұмысымен және оны дамытудың перспективасымен танысты. Биылғы жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде, жылу беру температурасы Цельсий шкаласы бойынша 85,3 градусты құрайды.

— Ең бастысы — температуралық режимді сақтау және қала тұрғындары жылумен байланысты ешқандай проблеманы сезінбеу үшін жұмыстың апатсыз болуын қамтамасыз ету. Бұл үшін кәсіпорын басшылығы өздеріне қабылдаған міндеттемелерін, оның ішінде инвестициялық бағдарлама аясындағы мәселелер де бар, толығымен орындауы тиіс, — деді Б.Сапарбаев.

Станцияның өндірістік қуаттарын жаңғырту және кеңейту мақсатында 2022 жылға дейінгі инвестициялық бағдарлама бекітілді, ол әрқайсысы 25 МВт қуаттылықтағы екі газтурбиналық қондырғы құрылысын, су тоғанын, ультрасүзгілеу қондырғысын, тағы басқа агрегаттарды қамтиды.

— Кәсіпорын қалыпты және сенімді жұмыс істеуде. Қысқа әзірлік бойынша жоспарланған жұмыс көлемі толық ауқымда орындалды. «Ақтөбе жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамының негізгі міндеті — одан әрі даму. Инвестициялық бағдарлама бізде қазірдің өзінде дайын тұр, — деп өз кезегінде атап көрсетті «Ақтөбе жылу-электр орталығы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Рахым Мұхамедғалиев.

Облыс басшысы сондай-ақ Батыс-2 шағын ауданындағы қуаттылығы сағатына 36 гкал қазандық жұмысын көрді. Бұл жерде жаңа тұрғын үй және әлеуметтік құрылыстардың көптеп салынуына байланысты жұмыс істеп тұрған қазандықты кеңейту мәселесі қарыстырылуда.

— Бұл қазандық жылумен Батыс-2 шағын ауданын қамтамасыз етеді. Мұнда жылу мен ыстық су жеті тоғыз қабатты тұрғын үйге, Назарбаев интеллектуалды мектебіне, жақында ғана пайдалануға берілген №64 орта мектепке, сондай-ақ «Достық» бассейніне, шығармашылық академиясына жеткізіледі. Барлығы да қалыпты жұмыс істеуде, — деді «Трансэнерго» АҚ бас инженерінің орынбасары Айтбай Дауылбаев.

 Владимир БУРЬЯНОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*