Басты бет » Білім » Облыстық олимпиада қорытындысы: 69 оқушы облыс намысын қорғайды

Облыстық олимпиада қорытындысы: 69 оқушы облыс намысын қорғайды

Жақында Ақтөбеде оқушылардың жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Шараға 9-11-сыныптың 913  оқушысы қатысып, оның 409-ы жүлдегер атанды. 124 оқушыға облыстық білім басқармасының Алғыс хаты табыс етілді. 69 бала Атырау, Қостанай қалаларында өтетін республикалық олимпиадаларға жолдама алды.

15 пән бойынша өткен шарада математика (112), география (87), биология (85), пәндерінен бақ сынағандар көп болды. Сондай-ақ, биыл өзге ұлт  мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сынға түскендер (43) саны артқан.

Олимпиада қорытындысында әдеттегідей облыстық мектеп-интернаттардың, нақтырақ айтқанда,  Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты және облыстық физика-математика мектеп-интернаты жоғары көрсеткіштерге ие болды. Одан кейінгі кезекте Ақтөбе қаласының мектептері иеленеді. Мысалы, №9, №21, №25, №61 мектептерде І, ІІ орындарды еншілеген балалар саны басым.

Аудандар арасында Мұғалжар, Байғанин, Алға, Хромтау, Қарғалы аудандарының көрсеткіштері жоғары. Мәселен, Мұғалжар ауданынан жарысқа 47 бала қатысып, соның 26-сы жүлдегер атанған.

Мұғалжар ауданы облыстық олимпиадада үш жыл қатарынан тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып жүр. Сондай-ақ, Байғанин ауданының да көрсеткіші мақтауға тұрарлық. Аталған ауданнан олимпиадаға қатысқан 30 баланың 15-і жүлдегер болса, оның 3-еуі (математика, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы пәндері бойынша) І орындарды иеленді. Қарғалы шағын аудан болса да, облыстық олимпиадаға 18 оқушы қатысып, оның 2-еуі І орын иеленді. Бұл — үлкен жетістік, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.  Сондай-ақ, Алға ауданынан олимпиадаға қатысуға келген оқушылардың  53 пайызы, Хромтау ауданынан келген қатысушылардың 52 пайызы жүлделі орындарды иеленген.

Жүлдегерлер екі бағытта анықталды. Яғни, мамандандырылған, инновациялық мектептер мен орта мектептердің оқушылары бөлек сынға түсті, — дейді Гүлжан Құлыбекова. Қорытындысында, инновациялық мектептерден 21 оқушы — І орын, 70 оқушы — ІІ орын, 108 оқушы ІІІ орын иеленді. Ал орта мектептерден жалпы 174 жүлдегер шыққан. І орын алғандардың саны — 26.

Сонымен, республикалық олимпиадаға қатысып, кімдер облыс намысын қорғайды? Бұл туралы Гүлжан Құлыбекқызы былай дейді:

Кейбір пәндерден бір емес, екі оқушы І орын алды. Оның үстіне облыстық олимпиада жеңімпаздары екі бағытта анықталғаны белгілі. Сол себепті, кей пәннен екеу де емес, үш бала І орын иеленді. Ал олимпиада ережесіне сәйкес, әр пәннен І орын алған екі оқушы ғана республикалық олимпиадаға қатысады. Жеңімпаздардың арасында кімдердің республикалық олимпиадада бақ сынайтынын қазылар алқасы іріктеді. Нәтижесінде, 83 жеңімпаздың 69 облыс намысын қорғайтын болады.   

Айта кету керек, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 12-20 наурызда Атырау қаласында, гуманитарлық бағыт бойынша 14-30 наурызда Қостанай қаласында республикалық олимпиада өтеді.

 P.S. Пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысында, Ырғыз бен Әйтеке би аудандары төмен көрсеткіш көрсетті. Ырғыз ауданынан қатысқан 34 баланың 2-еуі ғана (5,8 пайызы), ал Әйтеке би ауданында 32 оқушының 7-еуі (21 пайыз)  жүлделі орынға ие болды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*