Басты бет » Басты жаңалықтар » Ендігі жоспар — барлық ауылға газ тарту

Ендігі жоспар — барлық ауылға газ тарту

Облысқа жасаған жұмыс сапарлары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Глеб Щегельский, Дания Еспаева және Құралай Қаракендер «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы облыстық филиалында болып, ірі кәсіпорындағы  газ тарату желілерінің жаңа құрылысы мен модернизациясына арналған инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Кездесуге облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

Газ тарату жүйелеріне тауарлық газды тасымалдаумен айналысатын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бүгінде еліміздің 11 аймағындағы 35 мыңнан астам кәсіпорын мен 8 миллионнан аса тұрғынды газбен  қамтамасыз етеді. Республикадағы тауарлық газдың ірі жеткізушісі саналатын бұл кәсіпорынның ықпалымен бүгінде облыс халқының 87 пайызы көгілдір отынмен қамтылған.

Елбасының Жолдаудағы  «Жаңғыру 3.0» тапсырмасының, ондағы кәсіпорындарды модернизациялау ісінің жүзеге асырылу барысын білу мақсатында «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы Ақтөбе өндірістік филиалына келдік. Жақында еліміздің бірқатар аймақтарында коммуналдық қызметтер үшін тариф көтерілді. Тариф бағасының көтерілу себебі мен қандай мақсатқа негізделгенін білу де — басты міндетіміз.

Осы кәсіпорынның ықпалымен екі апта бұрын Алға ауданында газ тарату стансасы іске қосылды. Бұл — жергілікті тұрғындар үшін қуанышты жаңалық, — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Глеб Щегельский.

Мәжіліс депутаттары кәсіпорынның ішін аралап, қайта жабдықталу барысымен, сондай-ақ, өндірістік-техникалық бөлімнің жұмысымен танысты.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры  Бақтияр Ізбасаров депутаттарға кәсіпорынды 2015-2020 жылдарға арналған газ тарату желілерінің жаңа құрылысы мен модернизациялауға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалу барысымен таныстырды. Оның айтуынша, жалпы сомасы 21814 миллион теңгені құрайтын инвестициялық бағдарлама табысты жүзеге асырылуда. Облыс әкімдігімен бекітілген ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде Ырғыз, Ойыл, Әйтеке би аудандары орталықтары, сондай-ақ Қосестек, Богословка, Талдысай, Еңбек, Алтынды, Аққұдық, Жайсаң елді мекендеріне көгілдір отын тартылған.

Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша газ құбырының ұзындығы 3502 шақырымды құрайды. Облыстағы 7 қала мен 102 елді мекенді қосқанда, облыс тұрғындарының 87 пайызы газбен қамтамасыз етілді. Екі жыл ішінде тағы 21 жобаны жүзеге асыру, ал одан әрі барлық ауылға газ құбырын тарту жоспарлануда, — деді Бахтияр Ізбасаров.

Бұдан әрі ол халық қалаулыларына «Үйлерді газдандыру» пилоттық жобасы жайында әңгімелеп, былтыр осы жоба төңірегінде  2400-ге жуық тұрғын үйді газдандыруға мүмкіндік туғанын әрі үй иелерінің  газ қондыруға қаржыны бөліп төлеуге мүмкіндігі барын айтты.

Биыл 1 қаңтардан бастап облыста газбен жабдықтау қызметі үшін  тариф көтерілді. Нақтырақ айтсақ, жеке тұлғалар үшін тариф құны — 4 пайызға, ал заңды тұлғалар үшін 8 пайызға өсті. Кәсіпорын мамандары тауарлы газ бағасын көтеру үшін әуелі қоғамдық тыңдау өткізілгенін айтты.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаттарына филиалдың халыққа операциялық қызмет көрсету жұмысы таныстырылды. Электрондық жүйе кешендерді газдандыру үшін абоненттерге техникалық шарттар және тұрмыстық газ есептегіш орнату үшін өтініш рәсімдеуге және басқа да мүмкіндіктер береді.

— Филиалдың келешегі бар, ол үшін облыс басшылығымен меморандум бекітілген. Бізге облыстық мәслихат депутаттары бизнес өзінің инвестициялық бағдарламасын болжау үшін жылына бір реттен кем емес тарифтерді өзгертуді қарастыру туралы өтініш білдірді, — деді кездесу қорытындысы бойынша Глеб Щегельский.

Бұдан кейін депутаттар қуаттылығы сағатына 30 мың текше метр автоматтандырылған газ тарату стансасының жұмысымен, ондағы модернизациялау іс-шарасымен танысу үшін Алғаға барды. Алғадағы газ тарату стансасы екі апта бұрын пайдалануға берілгені белгілі. Депутаттардың пікірінше, бұл станса Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында белгіленген міндеттерге толығымен жауап береді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.   

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*