Басты бет » Басты жаңалықтар » Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация: жыл түйіні жасалды

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация: жыл түйіні жасалды

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ жылды аяқтады. Оның қорытындылары қандай? Алда қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? Осы мәселелерді талқылауға байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев индустриалды аймақта жиналыс өткізді.

— Бізді басты мақсатымыз — инвестиция тарту, сол арқылы кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнім түрін молайту. Осы мақсатта жұмыс істеп жатқан индустриалды аймақтың мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз керек. Біз осында қажетті инфрақұрылымдардың бәрін іске қосып, кәсіпкерлерге көп жеңілдік жасап отырмыз, — деді облыс басшысы. — «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірқатар жұмыстар атқарып отыр. Өткен жылды таза пайдамен аяқтады. Алайда атқаратын шаруалар әлі де аз емес. Қазіргі уақытта индустриалды аймақта алғашқы кәсіпорындар жұмыс істеуді бастады. Ең бастысы — қозғалыс бар, соны дамытуымыз керек.

«Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Дархан Өтеміс жыл бойы атқарылған жұмыстарды саралап берді.

Корпорация тұрақтандыру қоры жұмысына көп көңіл бөліп, аймақаралық кооперацияны өрістету бағытында бірқатар шараларды жүзеге асырды. Былтыр Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарымен байланыс жасау нәтижесінде облысқа арзан азық-түлік өнімдері, көкөністер жеткізілді. Ресей Федерациясының Орынбор, Самара облыстарымен де қарым-қатынас жасалды. Соның нәтижесінде аталған өнім түрлері тұтынушыларға едәуір мөлшерде арзанға түсті.

Корпорация атқарып жатқан жұмыстардың бір саласы жер қойнауын пайдалану мәселесін қамтиды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация осы бағытта төрт келісім-шарт жасап, қазіргі уақытта Шалқар ауданында ағынды әктасты барлау мен бұрыннан бар кен орнында құрылыс тасын өндіру, Қарғалы өңірінде құрылыс тасын барлау, сондай-ақ Алға аумағында құмды зерттеу жұмыстарының жобалық құжаттары әзірленуде.

Биылғы жылға жасалған он жеті келісімшарт темір, мыс, алтын, көмір, калий тұздарына барлау жұмыстарын жүргізіп, бірқатарын өндіру жобаларын қамтиды. Кен орындарын игеру үшін 11 бірлескен кәсіпорын құрылды.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту жобалары да басты назарда ұсталуда. Былтырғы жылдың соңына дейін 46 жоба бойынша сараптама жүргізілді. Көрсетілген қызметтің жалпы сомасы 49 миллион теңге құрады. «Ақтөбе мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы» ЖШС жоспарына сәйкес «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы биылғы жылы Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында 107 жобаны қарастыруды жоспарлауда.

Тағы бір қолға алынатын шаруа — Ақтөбе қаласында көше саудасын дамыту. Осы бағытта кәсіпкерлер үшін 18 жер учаскесі конкурстық негізде бөлінді.

Жиында индустриалды аймақтың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану туралы айырықша сөз қозғалды. Бүгінгі күні мұнда жалпы сомасы 88 миллиард теңге құрайтын 13 жоба жүзеге асырылуда. Бөлінген 155 га жердің 83 гектары игерілді. Индустриалды аймақта жұмыс істеу үшін отандық кәсіпкерлер ғана емес, сонымен қатар шетелдік инвесторлар да тартылуда. Бүгінгі күні Германия, Болгария, Түрік және Щвейцария елдері инвестициясы қатысуымен төрт жоба қолға алынуда.

«Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен өткен жылы «Талан Текнолоджи» ЖШС, «Ақтөбе Топса Пласт» ЖШС және «Жедель-плюс» ЖШС жобалары пайдалануға берілді. Алты жоба 2018 жылы қатарға қосылып, инвестициялық аймақтың әлеуетін көтере түспекші деп күтілуде. Осындай ауқымды жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 2018 жылы индустриалды аймақтан ғана бюджетке 320 миллион түседі деп жоспарлануда.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жиын қорытындысында елді азық-түлікпен қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру, сондай-ақ аудандарда бизнес-инкубаторлар жұмысын жандандыру секілді мәселелерге назар аударып, тиісті басқармалар мен құрылымдар басшылары алдына міндеттер жүктеді.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*