Басты бет » Жаңалықтар » «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры тағайындалды

«Ақтөбе» футбол клубының бас директоры тағайындалды

Танымал футболшы Самат Смақов «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры болып тағайындалды. Бұл туралы облыстық футбол ассоциациясының президенті Қайрат Бекенов «Ақтөбе» футбол клубының баспасөз-орталығында өткен жиын барысында мәлімдеді.
Басқосуда алғаш болып сөз алған Қайрат Бекенов:

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың шешімімен Самат Смақов «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры болып тағайындалды. Биылғы жылы команда жоғары нәтижелер көрсетеді деген үміттеміз. Бәріміз білетіндей, Самат бүкіл өмірін футболға арнады. Ақтөбенің футбол тарихында өзіндік орны бар спортшы. Жуырда Самат Смақов және «Ақтөбе» футбол құрамасының бас бапкері Владимир Мухановпен кездесу өтті. Алдағы уақытқа нақты тапсырмалар берілді. Бүгінгі күні ең басты талап — дағдарысқа қарсы жоспарды орындау, — деді.

Сондай-ақ Қайрат Бекенов облыс аудандары мен елді мекендерде жасөспірімдер футболына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Самат Смақов өзіне сенім артқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ризашылығын білдіріп, алға қойылған айқын мақсаттарға қол жеткізу үшін аянбай еңбек ететінін жеткізді.

— Бұл команда маған өте жақын. Осы клубта өмірімнің жарқын жылдары өтті. Сондықтан «Ақтөбе» футбол клубының жоғары деңгейден көрінуі үшін барымызды саламыз, — деді С.Смақов.  

Жиын барысында белгілі болғандай, алғашқы жаттығу жиыны 11 қаңтарда басталмақ. Ұжым қазірден бастап команданы жасақтау жұмыстарын бастап кетті.

Айта кетейік, 39 жастағы спортшы Самат Смақов соңғы рет Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубында ойнады. Сондай-ақ бұған дейін Қазақстанның  «Елімай» (Семей), «Қайрат» (Алматы), «Ертіс» (Павлодар), «Жеңіс» (Астана) және «Ақтөбе» клубтарының құрамында болды. Ресейдің «Ростьселмаш», Түркияның «Ризеспор» командаларында да ойнады. Самат Смақов — Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ең көп ойынға қатысқан футболшы.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*