Басты бет » Денсаулық » «Денсаулық» клиникасы: сапалы ем, тиімді баға

«Денсаулық» клиникасы: сапалы ем, тиімді баға

Ақтөбе қаласындағы тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсететін, әрі бағасы да қолайлы емдеу мекемесінің бірі —  «Денсаулық» клиникасы.  Қаланың Мәскеу ауданында орналасқан орталық 2000 жылдан бастап жұмыс істейді. Алғашқыда емхана ретінде тұрғындарға қызмет көрсетсе, 2009 жылдан бастап емдік-сауықтыру қызметтерін ұсынды. Жалпы аталған клиниканың ерекшелігі қандай? Бұл туралы емдеу бөлімінің меңгерушісі Лариса Рыбалкинадан сұрап, білдік.

Бөлім меңгерушісінің айтуынша, тұрғындар орталықтан терапевт, хирург, невролог, офтальмолог, оториноларинголог, гинеколог, кардиолог, уролог, практолог, гастроэнтеролог, стоматолог, онколог, маммолог мамандардың кеңесін алуына болады. Сондай-ақ емдеу және стоматологиялық бөлім жұмыс істейді. Қаланың кез келген тұрғыны клиникаға келіп, қалаған дәрігерінің қабылдауына жазылып, тексеруден өте алады. Орталық «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасымен келісім жасаған. Дәрігерлер талдау анализдерін осы зертханаға жібереді. Сондай-ақ емдеу бөлімі санаторий бағыты бойынша да тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бұл жерден профилактикалық мақсатта ем алуына болады. Бір күндік ақы — 3500 теңге. Бұл соманың ішіне электрлі ем, фитотерапия (емдік шөппен емдеу), гидротерапия (тұз, қылқан жапырақ, скипидар және иіс майлар ваннасы), массаж,  балшық, озокерит-парафинмен емдеу және медбикелердің қызметі мен үш мезгіл тамақ  кіреді. Клиника тек қана ересектерді қабылдайды. Мәселен, парафинмен емдеу әдісі буын, тірек-қимыл қозғалысы ауыратын адамдарға өте пайдалы. Ал емдік ванналар ішкі құрылыс пен жүйке жүйесіне, адамның қан айналымына оң әсерін тигізсе, физиотерапия әр түрлі тыныс алу жолдары, өзге де сырқаттар үшін тиімді. Гинекологиялық, урологиялық ауруларға шалдыққан науқастар да клиникаға жиі келеді. Әсіресе, профилактикалық, сауықтыру емін алатындар үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Балқарағай бөшкесі мен емдік ванналар бар. Мәселен, балқарағай бөшкесіне түсу құны — 1000 теңге. Бұл бөшкенің емдік қасиеті қандай? Бөшке балқарағайдан жасалады. Себебі балқарағай қызған кезде биологиялық белсенді заттарды бөледі, яғни бұл бактерицидті әдіске жатады. Ал буға қызған денедегі қан айналымы жақсарады, бойдағы улы заттар сыртқа шығады. Бөшкенің ішіне емдік шөптер мен түрлі иіс майлар бу арқылы жіберіледі.  Бұл бөшке ішкі құрылыс ауруларына да ем. Бауыр, тоқ ішекті тазартуға септігін тигізеді. Жүрек қан-тамыр ауруларына, иммунитетті күшейтуге ықпал етеді.  Алайда қарсы көрсетілімдері де бар.

Қатерлі ісікке, инфекциялық ауруларға шалдыққан науқастардың бұндай бөшкені қабылдауына болмайды. Жалпы клиникаға келген науқас жан-жақты дәрігердің қарауынан өтеді. Содан кейін барып емдік шараларға жолдама береміз. Буын, тірек-қимыл жүйесі, асқазан, ішек, өт ауруларына шалдыққан науқастар жиі келеді. Медбикелер келушілердің жағдайын әлсін-әлсін қарап, барлық қызметті көрсетеді. Клиникада музыка терапиясы да бар. Лор, логопед жұмыс істейді. Бұндай көмекті негізінен балалар алады, — дейді Лариса Рыбалкина.

Емдеу бөлімінде 12 кереует бар. Біз барғанда Байғанин ауданы, Жарлы ауылынан келген қариялар ем алып жатыр екен. Жасы сексенге келген Сабытай Жексенбайұлы оншақты жылдан бері клиниканың тұрақты емделушісі.

— Үлкейген соң денсаулық та сыр бере бастайды. Әсіресе, аяғым сырқырап, тізем ауырады. Зайыбым Қаламқастың да тізесі ауырады. Екеуіміз осы емдеу мекемесіне жыл сайын келіп 10 күн ем аламыз. Ауылға тәуір болып, сергіп қайтамыз. Бұл жердегі мамандар массаж жасап, емдік балшыққа түсіреді, дәрімен егеді. Барлық қызметі ұнайды. Бұл жолы ауылдан төрт адам келіп отырмыз. Жиі келген соң сырттан келетін азаматтармен де танысып аламыз. Бейнеуден екі замандасым келе жатыр. Барлығымыз бір үйдің адамындай ем алып, отбасымызға көтеріңкі көңіл-күймен қайтамыз. Мекеменің дәрігерлеріне алғысымыз шексіз, — дейді ақсақал.

Клиниканың қызметіне көңілі толған ақсақал өзінің қатарластарына да айта жүреді екен. Кейінгі кезде ауылынан келетіндер көбейіпті.

Лариса Рыбалкинаның айтуынша тек қана Ақтөбенің айналасы емес, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан да келетіндер көп көрінеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*