Басты бет » Әдебиет » Ақынның кітаптары елге оралды

Ақынның кітаптары елге оралды

Тағзым

Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын Сәбит Баймолдин алпыс жасқа жетер-жетпес қана ғұмыр кешті. Оның алғашқы өлеңдер жинағы 1966 жылы «Жазушы» баспасынан «Жер-мекен» деген атпен шыққан болатын. Одан кейін «Қырда туған», «Монолог», «Қызыл іңір», «Сағыныш», «Алтын гүл», «Сенемін саған», «Іңкәр күндер», «Армия семьясы», «Бесік жыры», «Тал кеме», тағы да басқа кітаптары оқырмандарына жол тартты.

Мен өмірге ертерек қойғам тілек,
Өмір мені қалғытпа, ойландыр тек.
Ойланбасақ, адамзат жаңармайды,
Жүрейін мен жүдесем ойдан жүдеп,—

деп жырлаған ол мынау ғаламға өзгеше көзбен қарады.

Сол құдіретті қалам иесі  дүниеден өткелі сынаптай сырғыған он жеті жыл уақыт ақынның асыл бейнесін жұртшылық жадынан өшіре алған жоқ. Жақында қаламгердің Алматыда тұратын зайыбы Жантөре апай Сәбит ағаның жеке кітапханасынан үш мыңнан асатын кітабын Ақтөбеге жөнелтті. 

Көзі тірісінде елге жыл аралатпай сағынышпен оралып тұратын қалам иесінің қолы ұстаған, көзі көрген жауһар дүниелері енді жерлестерінің рухани қазынасына айналмақшы. Осы бір елеулі жаңалыққа байланысты біз ақынның Ақтөбе қаласында тұратын дәрігер қызы Ләззат Баймолдинамен әңгімелескен едік.

— Кейінгі буынның Сәбит Баймолдин атты ақынды жөнді біле бермейтіні шындық. Сондықтан әкеңіздің өмірбаянын қысқаша да болса қайталап айта кетсеңіз.

— Менің әкем 1942 жылы Байғанин ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, кейін Қазақ КСР Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Байғанин орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болған. Республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің батыс облыстар бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Батыс Қазақстан теміржол басқармасының органы «Болат жол-Стальная магистраль» газеті редакторының орынбасары, облыстық кітапқұмарлар қоғамы басқармасының жауапты хатшысы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редакторы болды.

Оның өмірінің кейінгі жылдары Алматы қаласында өтті.

— Сәби аға жалпы кітапқа қалай қарайтын еді? Балаларын кітап оқуға үйретті ме?

— Әкем Ақтөбеде облыстық кітапқұмарлар қоғамы басқармасының жауапты хатшысы болып қызмет атқарғанда сирек кездесетін кітаптарды үйге жиі әкелетін. Және классикалық туындыларды талдап, зерделеп оқитын. Біздің үйде сол кездің өзінде кез келген кітапқұмардың қолына түсе бермейтін туындылар тұратын.

Біз бір ұяның балапандары секілді бауырларым Лейла, Нұрғиса, Айнұр, Шыңғыс, Нұргүл, Бағлан әкеміздің тәрбиесін оның қабағынан сезініп өстік. Әлі есімде, мен бесінші сыныпта оқып жүргенімде әкем маған «Абай жолы» романын әкеліп берді. «Осыны оқып шық, балам!» деді. Әкенің айтқаны біз үшін заң. Жатпай-тұрмай оқуға кірістім. Бірақ шынын айтайын, біраз жеріне дейін барғаныммен түсініп оқи алмадым.

Біздерді Ақтөбе қаласындағы қазақ мектебіне берді, мен №21 орта мектепті бітірдім. Содан кейін Ақтөбе медицина институтында оқыдым. Мен бесінші курста оқып жүргенде әкем Алматыға қызмет ауыстырды, мен осында қала бердім.

Анам өмір бойы кітапханада қызмет істеді. Сондықтан ол да кітаптың қадірін жақсы білетін. Әкем өмірден өткеннен кейін де оның өмір бойы жинаған кітаптарына шаң тигізбей, ұқыпты түрде күтіп ұстады.

Сіңлім Лейла Алматыдағы А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарып, осы саланың білікті маманы ретінде танылды. Оның да кітапқа жақын жүруі әкемнің ықпалы болса керек.

— Сәбит Баймолдиннің жеке кітапханасының бір бөлігін Ақтөбеге — ақынның туған жеріне жеткізу ойы кімнен шықты?

— Анам жасы ұлғайған сайын әкемнің артында қалған мұраларына қатысты алаңдай бастағанын сездік. Ертеңгі күні қалай сақталады, кім иелік етеді дегендей. Ақырында бізбен ақылдасып, елге әкелу туралы шешімге тоқтадық. Шынын айтқанда, бұл анамның арманы болды. Тағы бір айта кететін жайт, әкемнің өмірінің көп бөлігі өз кітапханасында өтетін.

Ақтөбеде Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап кітапхананың басшылығымен сөйлестік. Олар арнайы орын бөлетін болды. Соған қуаныштымыз.

Ең бастысы — кезінде әкем пайдаланған, көз майын суырып оқыған кітаптары енді көпшіліктің қажетіне жарайтындығы.

 Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бір пікір

  1. Баймолдина Лейла Сабиткызы

    .Иа. Акемиз олгели 17 жыл болды. Акемиздин кабирин де сол жакка апара алмадык. Содан кейин китаптарын Актобеге жеткизу арман болды. Елбасынын Рухани жангыру:Болашакка багдар жолдауында, Туган жерге туынды тик деген болим бар. Актобеликтер биринши брлып мадени ис шаралар откизип жатты. Окып куанып отырамыз. Облыстык китапхана басшыларына алгысымыз шексиз. Уакытында жеткизилди. Ол китапка деген Акемнин суйиспеншилиги ол бир ангиме. Ол китапты калай жинады ол да бир ангиме. Ол кез китап жок уакыты болатын. Али истелер жумыстар коп. Мен озим колымнан келгенше китап корын толыктыруга комектесип турам.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*