Басты бет » Басты жаңалықтар » Жаңажылдық тілек және отшашу

Жаңажылдық тілек және отшашу

31 желтоқсан күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта өткен мерекелік шараға қатысып, ақтөбеліктерді Жаңа жылмен құттықтады.

Бұл күні Орталық саябақта сағат 22.00-ден 1 қаңтар күнгі сағат 02.00-ге дейін қаланың шығармашылық ұжымдарының мерекелік шоу бағдарламасы, жаңажылдық түнгі би кеші, сондай-ақ «Қош келдің, Жаңа жыл» атты театрландырылған қойылым өткізіліп, тұрғындар отшашуды тамашалады.

Мерекелік кеште облыс әкімі тұрғындарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

— Міне, тағы да бір жыл тарихтың қойнауына енді. Қазақта «Өткен жылға өкпе жоқ» деген жақсы сөз бар. Мемлекет басшысы айтқандай, 2017 жыл Қазақстан үшін, оның ішінде ақтөбеліктер үшін жаман жыл болған жоқ. Ең негізгісі, елімізде тыныштық, тұрақтылық бар. Соның арқасында халқымыздың әл-ауқаты, жағдайы жақсарып келеді. Билік халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін ойдағыдай орындады. Бүгін біз тағы да бір жылдың жаңа парағын ашып отырмыз. Қазақта «Ырыс қайда барасың, ынтымаққа барамын» дейді. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елде ғана жетістік, табыс болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы 26 жылдан бері жүргізіп отырған негізгі саясаты — елімізде достық, бейбітшілік, бірліктің болуы. Міне, бүгінге дейін жеткен жетістігіміздің бәрі соның арқасында. Біз, ақтөбеліктер, былтырғы жасаған жұмысымызды ары қарай жалғастырамыз. Ең негізгісі, біздің экономикалық-әлеуметтік көрсеткішіміз жылдан-жылға даму керек, экономиканың даму қарқынын төмендетпеуіміз керек.

Елбасымыздың Ақтөбеге осыдан 10 жыл бұрын келгенде айтқан: «Өсе бер, өркендей бер, құтты мекен — Ақтөбе!» деген сөзі бар. Былтыр «Туған жер» акциясын өткізгенде біз өзімізге «Құтты мекен — Ақтөбе!» деп ұран етіп алдық. Ендігі мақсат сол міндетімізді жүзеге асырып, Ақтөбені нағыз құтты мекенге айналдыруымыз керек. Ол үшін барлық ақтөбелік өздерінің үлесін қосу керек. Бүгінгі мерекеде облыс басшылығы атынан барлығыңызды Жаңа жылмен құттықтаймын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болып, туымыз көкте желбірей берсін! — деді облыс әкімі.

Мерекелік шарада тұрғындар Аяз ата, Ақшақармен суретке түсіп, балалар мәз-мейрам болысты. Кеш соңында отшашуды тамашалаған тұрғындар бір-бірін Жаңа жылмен құттықтап, тілектерін білдіріп жатты.

Д.ТАУАНОВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*