Басты бет » Денсаулық » Кішкентай Эльдарға Оңтүстік Кореяда ота жасалды

Кішкентай Эльдарға Оңтүстік Кореяда ота жасалды

Туабітті жүрек ақауына шалдыққан кішкентай ақтөбелік Эльдар Мұратқа Оңтүстік Кореяда тегін ота жасалды. «Северанс-KZ» халықаралық қорының көмегімен Енсе университетінің Северанс  госпиталінде жасалған операция сәтті өтті.

Эльдар былтыр наурыз айында дүниеге келді. Әкесі Мұрат Жұмағалиев пен анасы Эльвира Мәмбетова отбасына тағы бір жанның қосылғанына қатты қуанды. Алайда дәрігерлер баланың денсаулығында күрделі ақау бар екенін айтқанда, ата-ана уайымдап қалады. Баласының жағдайы анасы  Эльвираға қатты әсер етті. Жан дүниесі қатты соққы алды.

Эльдарды босанғаннан кейін алты күн ауруханада жаттық. Үйге келгеннен кейін қырық күннен соң облыстық балалар ауруханасында он бес күн ем алдық. Дәрігерлер жан-жақты тексеріп, туабітті жүрек ақауы бар екенін анықтады. Операция жасату арқылы ғана аурудан айығуға болатынын айтты. Алайда бұндай ота Ақтөбеде жасалмайды екен. Дәрігерлер ойласып, Мәскеуден маман шақыртпақ болды. Бірақ сәбиімнің салмағы жетпейтін болғандықтан ота жасалмады. Ұлымның денсаулығына алаңдап жүргенімде дәрігерлер Оңтүстік Кореяда тегін ота жасалатынын айтты. Сол сәттегі менің қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді, — дейді Эльвира.

Облыстық балалар ауруханасы кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Әнуар Досмағанбетов денсаулық сақтау басқармасына осындай ақауы бар бала туралы ақпарат береді. Басқарма басшылығы оңтүстіккореялық әріптестерімен келісім жүргізіп, Эльдарға ота жасауға шешім шығарады. Осылайша қараша айында аурухананың кардиологы Нұрбек Дастанов Эльвира мен Эльдардың құжаттарын рәсімдеп, Оңтүстік Кореяға алып кетеді. Госпитальға орналастырады. Барлық шығын, яғни ота жасату, барып-келу жол қаражаты  «Северанс-KZ» халықаралық қоры арқылы есептелгендіктен, Эльдардың ата-анасы ешқандай қаржы төлемейді.

— Жиырма тоғызыншы қарашада ұлыма ота жасады. Отадан кейін жан сақтау бөлімінде  бес күн ұйықтап жатты. Алтыншы күні ғана көзін ашты. Сегізінші күні палатаға шығарды. Жиырма үшінші желтоқсанда елге қайттық. Отадан кейін ұлымның жағдайы жақсарып қалды. Бұрын тынысы тарылып, денесі көгеріп кететін. Ауа жетпей, қиналып қалатын еді. Ал операциядан кейін жақсарғанын байқадым. Қазір денсаулығы қалыпты. Кореялық дәрігерлер алты айға дейін дәрігердің бақылауында болу керектігін айтты. Үш айға жететін дәрі-дәрмегін берді. Елімізге қайтар сәтте Эльдарға сыйлықтар беріп, шығарып салды. Жалпы оңтүстіккореялық дәрігерлердің ықыласы мен тәжірибесі, біліктілігі өте жоғары екен. Науқастардың барлық жағдайын жасайды.

Эльдар бес жылға дейін дәріні үзбей ішу керек. Кореялық дәрігерлер баланың денсаулығына қарай бес жылдан кейін тағы да ота жасалуы мүмкін екенін айтты. Егер барлығы жақсы болса, жасалмауы да мүмкін. Алты айға дейін ерекше күтім керек. Қазір барлық шаруаны ысырып қойып, ұлымның денсаулығын түзетуге күш салып жатырмын. Ұлымның денсаулығына алаңдаған ақтөбелік және кореялық ақ халаттыларға алғысым шексіз. Олардың отбастарына амандық тілеймін, — деді Эльвира.

Эльвираның күйеуі Мұрат та ұлының денсаулығына алаңдайды. Қазір екеуі Эльдардан бөлек екі баланы тәрбиелеп отыр.

Еске сала кетсек, өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Северанс-KZ» халықаралық қорының президенті Лариса Ан және  Енсе университеті Северанс госпиталінің бас директоры Ли Бен Сок үш жақты  меморандумға қол қойған болатын. Келісім аясында балалар мен ересек емделушілердің кореялық мамандардан жоғары кәсіби көмектер алуына, қор арқылы шеберлік кластарын өткізуге, Кореяның жетекші емдеу мекемелерінде қызметкерлердің инновациялық әдістерді меңгеруіне мүмкіндік жасау қарастырылған болатын. Эльдарға жасалған ота да  сол келісім аясында жүзеге асып отыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*