Басты бет » Басты жаңалықтар » Жыл оқиғалары

Жыл оқиғалары

Биыл облыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмалары толығымен орындалды. Жыл қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Облыс экономикасының өсімі  дағдарысқа және мұнай мен түсті металдарға деген сұраныстың төмендеуіне қарамастан 2016 жылмен салыстырғанда алдын ала болжамдар бойынша 5 пайыздан асады.

Ақтөбе — жылдан-жылға қарышты дамып келе жатқан аймақ. Облыстың әлеуметтік-экономикасын өркендету бағытында жыл бойы атқарылған маңызды шаралар мен оқиғаларды оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

  • Жыл тәжірибесі

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Кеңейтілген отырыста облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Президенттің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады. Елбасы Б.Сапарбаевтың баяндамасын талқылау барысында кеңеске қатысып отырған өзге облыс басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда осы өңірдің тәжірибесін қолдануды ұсынды. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу үшін Ақтөбеге  жұмыс сапарымен Павлодар облысынан делегация келді.

  • Жыл сапары

Облысқа екі күндік жұмыс сапарымен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Мемлекет басшысы ірі өндіріс орындарын аралап, жаңадан салынған әлеуметтік кешендермен танысты. Жұртшылықпен жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Сондай-ақ, биыл облысқа жасаған сапарында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин  «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылуы туралы сөз болғанда аталған ауқымдағы тәжірибені Қазақстанның өзге де өңірлерінде тарату қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, осы жылы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ақтөбеде әлеуметтік жаңғырту бағдарламасының орындалуына арналған жиынға қатысып, облыста жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.

  • Жыл жобасы

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақтөбеге  келді. Мәртебелі мейманның облысқа келудегі мақсаты — Ақтөбеде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуымен әрі  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысу. Қазір «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда Ақтөбе облысы республикада көш бастап тұр.

  • Жыл өнімі

Облыста 505,8 мың тонна астық жиналды.  Облыс бойынша дәнді дақыл егісінің  орташа  түсімі гектарына 13 центнерден айналды. Соңғы үш жылда егістік алқаптарының көлемі айтарлықтай көбейді. Нәтижесінде, айналымға енген егістік алқабы — 154,6 мың гектар.

  • Жыл форумы

Ақтөбеде «Туған жер» республикалық жерлестер форумы өтті. Кең ауқымды шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Сондай-ақ, форумға қатысу үшін өңірге әлемнің 21 елінен 300-ден аса делегат келді. Форум аясында көптеген шаралар ұйымдастырылды.

  • Жыл құрылысы

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев «Ақтөбе-Атырау» автожолын қалпына келтіру жұмыстарының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүргізілетін жоба толықтай 2020 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

  • Жыл жаңалығы

Бейжіңдегі «Kazakh Invest» ҰК» АҚ жанынан Ақтөбе облысының инвестиция тарту және экспортты дамыту бойынша өкілдігі ашылды. Бұл туралы Қытайға жасаған сапары кезінде  қытайлық кәсіпкерлер алдында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. Мақсат — қытайлық кәсіпкерлерді Ақтөбе облысымен толық таныстыру, сонымен қатар, инвестициялық мүмкіндіктермен танысып, өңірге инвестициялар тартуды ұлғайтуға, сондай-ақ өзімізде өндірілетін өнімнің Қытайға экспортын ынталандыруға мүмкіндік береді.

  • Жыл зауыты

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты жалпыұлттық телекөпір өтті. Телекөпір кезінде Мемлекет басшысы облыста екі жаңа кәсіпорынды іске қосты. Оның бірі — «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС, ал екіншісі —  «Бозой» жерасты газ сақтау қоймасы. Дәстүрлі телекөпір кезінде Елбасы екі жобаны да іске қосуға рұқсат берді.

  • Жыл марапаты

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік мерекесі құрметіне мемлекеттік марапаттаулар мен сыйлықтарды тапсыру салтанатын өткізді. Мемлекет басшысы облыс  әкімі Бердібек Сапарбаевты «Отан» орденімен марапаттады. Мұндай құрмет Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуовке де көрсетілді.

  • Жыл құрметі

Ақтөбедегі Аққағаз Досжанова атындағы конференция залында Қазақстанның Еңбек Ері, нейрохирург Серік Ақшолақовқа құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен шараға Серік Қуандықұлы, академиктер Төрегелді Шарманов пен Жақсылық Досқалиев,  сондай-ақ медицина саласының қызметкерлері мен аудандардан келген өкілдер қатысты. Шарада Серік Ақшолақовтың өмірі мен кәсіби қызметі туралы фильм көпшіліктің назарына ұсынылды.

Тәуелсіздік мерекесі күні С.Ақшолақовқа «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді.

  • Жыл баспанасы

Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 273 пәтерлі сегіз үй тапсырылды.

Биыл Ақтөбе облысында ең кем дегенде 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған.

  • Жыл сағаты

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «АQTO’BE» телеарнасы эфирінде облыс тұрғындарымен тікелей байланысқа шықты. «Әкім сағаты» бағдарламасы аясында жұртшылықтың өз сауалдарын қоюына, ұсыныс-пікірлерін айтуына толық мүмкіндік жасалды. Телеарнаның тікелей эфирі барысында барлығы мың жарымға жуық сұрақ келіп түсті. Оның 1200-і Ватсап желісі арқылы, өзге әлеуметтік желілерден қосымша 50 сұрақ түсіп, ал Call-орталыққа 200 адам телефон арқылы сауал жолдаған.

  • Жыл мерейтойы

Белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы 75 жасқа толды. «Талант табиғаты — тегінен» атты әдеби кеште облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жазушыны барлық жерлестері атынан мерейтойымен құттықтады.

Байғанин ауданында Төлеген Айбергеновтің туғанына 80 жыл толуына арналған шаралар өтті.

Осы жылы ақын Мұхтар Құрманәлиннің туғанына 90 жыл толды.

Сол сияқты, биыл халқына адал қызмет еткен Дербісәлі Беркімбаевтың 180 жылдығына арналып екі күнге белгіленген іс-шаралар облыс орталығы — Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Дербісәлі Беркімбаев кабинетінің салтанатты ашылуымен басталды.

  • Жыл концерті

Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Ақтөбе облысының күндері өтті. Ол «Ақтөбе — құтты мекен» гала-концертінен басталды. Концертте Абдулхамит Райымбергенов, Марат Әйтімов, Света Айтбаева, Жадыра Арыстанова сынды белгілі шеберлер өнер көрсетті.  Астанадағы Ақтөбе күндері Димаш Құдайбергеннің «Бастау» концертімен жалғасты. Концертте әнші 100 пайыз жанды дауыста ән салды.

  • Жыл жорығы

Атыраудан бастау алған «Қарой-Шейітсай-Қарой» автожорығы Ақтөбеге жетті. Басты мақсат — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлт-азаттық көтерілістің басшылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы туралы тың деректер жинап, бабалар рухына тағзым ету. Автожорықты ұйымдастырушылар Шейітсай бойында қазақтың қос батыры Исатай мен Махамбетті жақындастыру мақсатында топырақ алмастыру  рәсімін жасады.

  • Жыл еріктілері

Елімізде өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне облыс атынан 100 ерікті қатысты. Үш тілді еркін меңгерген жастар әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрме қонақтарына қызмет етті. Еліміз үшін аса маңызды шарадан оралған еріктілерді күтіп алу сәтінде ата-аналар балаларының  мұндай мүмкіндікке қол жеткізуіне ықпал еткені үшін жергілікті билікке алғысын білдірді.

  • Жыл жәрмеңкесі

Ойыл ауданының орталығында Ұлы Жібек жолындағы  жаңғырған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы ерекше атап өтілді. Оған Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан қонақтар келді. Даңқы өткен ғасырдың өзінде қазақ даласынан асып, әлемге танылған Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығын  мерекелеу — өткенімізді еске алу, жоғалтқанымызды түгендеу, жас ұрпақтың бойында  ұлтжандылықты қалыптастыру, туған жердің тарихын танудың қайтарымды қадамы.

  • Жыл ордасы

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 60 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өтті. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев,  Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Төреғали Шарманов, белгілі ғалым, республикалық трансплантология орталығының директоры Жақсылық Досқалиев, М.Оспанов атындағы қордың президенті, қайраткердің жары Бақыт Оспанова және еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарының басшылары мен АҚШ, Швеция, Италия, Польшадан келген шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

·  Жыл фестивалі

Ақтөбе қаласында «KazRobotics-2017» халықаралық робототехника фестивалі ұйымдастырылды. Облыс әкімінің қолдауымен өткен шара аясында «KazRoboSport-2017» республикалық ғылыми-техникалық жобалар конкурсының финалдық туры ұйымдастырылды.  Оған аймақтық іріктеу турнирлерінің жеңімпаздары, яғни еліміздегі жалпы білім беретін мектептерден барлығы 141 бала қатысты.

  • Жыл көмегі

Биыл «Мектепке жол» акциясы аясында облыста 21 376 балаға 150 185,6 млн теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы биыл елімізде тоғызыншы рет ұйымдастырылған. Республикада аталған акция аясында балаларға көрсетілген көмектің жалпы мөлшері бойынша Ақтөбе облысы 4-орында тұр.

  • Жыл монументі

Есет Көкіұлының 350 жылдығына орай Алға ауданында батырдың құрметіне көрнекті монумент  салынды. Аталған монумент тұғырының биіктігі — 6 метр, ат үстіндегі батыр мүсінінің биіктігі — 5,5 метр. Ескерткіштің авторы — ақтөбелік мүсінші Ерлан Пірімбетов.

  • Жыл қоныстойы

Көктемгі су тасқыны кезінде баспанадан айырылған тұрғындардың бір бөлігіне Ақтөбе қаласының Қурайлы елді мекенінен жер телімдері берілген болатын. Осы ауылдан жер алған 81 отбасының 64-і құрылыс жұмыстарын аяқтап, жаңа үйлеріне кірді.

  • Жыл ескерткіші

Биыл облыста атқарылған басты шаралар ауқымында әйгілі тарышы Шығанақ Берсиевке арналған ескерткіш диқан баба атындағы көше бойына ауыстырылды. «Дала академигі» атанған тары өсіруші Ш.Берсиевтің құрметіне арналған ескерткіштің салтанатты ашылуында Ойыл халық театрының актерлері  өнер көрсетті.

Жыл алғысы

ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Ақтөбеде «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш-стеланың ашылу салтанаты өтті. Ескерткішті ашу құрметіне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Динар-Электромаш» ЖШС-ның іс басқарушысы Сергей Вишняк, облыстық корей ұлттық-мәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Ким, ҚР құрметті құрылысшысы Шамиль Каспранов, «Оксана» украин ұлттық-мәдени орталығыжетекшісінің орынбасары Татьяна Нечитайло және «Азери» әзербайжанұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Қасым Халелов ие болды. Ескерткіш бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ашылды. Ол кәсіпкерлер қаржысына тұрғызылды.Ескерткіш облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен Өнер орталығы арасындағы алаңда орналасқан. Биіктігі — 30 метр. Оның орта тұсында Қазақстан картасы бейнеленіп, «Қазақ халқына мың алғыс» деген жазу айналдыра жазылған. Ал ескерткіш іргетасын айналдыра қойылған гранит тақтайшаларда Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінге дейін тарихынан мәліметтер бар. Ескерткіштің жоғары жағындағы киіз үй түріндегі композиция бір шаңырақ астындағы тату-тәтті тірлікті айғақтайды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*