Басты бет » Басты жаңалықтар » Жылдың жарық жұлдыздары

Жылдың жарық жұлдыздары

Тауық жылында толағай табыстарға жетіп, талайлардың таңдайын қақтырған жерлестеріміз аз емес. Олар қоғамның әртүрлі салаларында жарқырай көрініп, елдің аузында жүрді. Кейіпкерлеріміздің арасында мемлекеттік марапаттан бөлек, дүниежүзілік додаларда жұлдызы жанғандар да бар.

2017 жылдың соңғы санында «Ақтөбе» газетінің тілшісі ең үздік дегендерге тоқталып, олардың жаңажылдық тілегі мен алдағы жоспарын білген еді.

 Үлкен ұжымның еңбегінің нәтижесі

Облыста 50 мыңнан астам кәсіпкер бар болғанымен, олардың арасынан Елбасының қолынан марапат алып жатқандар ілуде біреу. Сол саусақпен санарлық іскер азаматтардың бірі — Аманғос Төлеуов. Жуырда ғана оның кеудесінде «Отан» ордені жарқырады.

40 жылдан астам уақыт бойы осы салада еңбек етіп келе жатқан жігіт ағасы орден-медальға кенде емес. Десе де, Аманғос Сансызбайұлы биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі табыстаған «Отан» орденінің жөні бөлек екенін айтады.

— Әрине, бұл құрметке бөленгенімде, қуанышымда шек болған жоқ. Ақордада осынау марапатқа ие болған сәтті сөзбен жеткізу қиын. Мен бұны өзім басқаратын үлкен ұжымның еңбегінің нәтижесі деп білемін. Және соны елеп-ескерген биліктегілерге ризашылығымды білдіремін, — дейді ол.

Марапатты үлкен қуанышпен қабылдап, мойнына ерекше жауапкершілік жүктейтінін айтқан Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС директоры оқырмандарға алдымен амандық тіледі, сондай-ақ, еліміздің ауыл шаруашылығы саласы одан әрі өркендей берсін дегенді айтты.

— Мені келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, редакция болып «Жыл кәсіпкері» деп танығандарыңызға рахмет, айналайын. Тілегім сол, Қазақстанымыз тек гүлдене берсін! Барлығымыз аман болып, ауырмай-сырқамай, жүре берейік! Келер жылы да ауыл шаруашылығы өнімінің сапасын жақсартудағы жұмыстарымды жалғастыруды жоспарлап отырмын, — деп лебізін білдірді Аманғос Төлеуов.

Жұлдызы жанған жерлесіміз

Жастығына қарамастан, бірталай белестерді бағындырған Димаш Құдайберген үшін де Тауық жылы толайым табыстарға толы болды.

Қытайдың «Hunan TV» телеарнасы ұйымдастырған «Мен әншімін» байқауында II орын алған жерлесіміз осы жылы жоғарыда аталған мемлекеттің Шанхай қаласында ұйымдастырылған «China Top music Awards» шарасында «Азияның ең танымал әншісі» атанса, Шэньчжэнь қаласында «Халықаралық дәрежедегі танымал әнші» атты жүлдені еншіледі. Сонымен бірге, биыл Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің Ақтөбе күндері аясында оның елорда төріндегі «Астана арена» стадионында «Бастау» атты концерті өтті. 4 сағатқа созылған кешке 30 мың көрермен жиналды.

Тағы бір жаңалық, осы айда оның Қытай Халық Республикасы бойынша гастрольдік сапары басталып, бірнеше шығармашылық кештері өтті.

Қазіргі таңда аспан асты елінде жүрген Димаштың өзімен сөйлесіп, жаңажылдық тілегін білуге мүмкіндік болмады. Бір анығы, атағы алысқа тараған өнерлі жігіттің жерлестеріне қашанда жақсылық тілері хақ…

«Репертуарымды молайтып, концертімді өткізсем…»

 Қазақстандағы ең үздік күйші Ақтөбеде тұрады. Ол — Ардақ Елеусіз.

Халықаралық «Мен қазақпын» телевизиялық мегажобасында «Күй» жанры бойынша жеңімпаз атанған жерлесіміз, осылайша, ұлттық өнерді ұлықтады.

— 6 айға созылған байқау, әрине, оңай болған жоқ. Әр облыстан жиналған өнерпаздардың барлығы мықтылығын көрсетті. Бірақ, Ақтөбедей қолдаушы елім барда намысты қолдан бермей, бар өнерімді салуға тырыстым, — деген ол — бұған дейін де республикалық байқаулардан оза шауып жүрген жас. Елордадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі жыл басында Ақтөбе қаласында «Аманат» атты әдемі кешін өткізгенін айта кету керек. Сондықтан 24 жастағы өнерпазды «Жыл күйшісі» десек, қателесе қоймаспыз.

Домбыраны серік еткен Ардақтың алға қойған мақсаты айқын, жоспары көп.

— Шынтуайтын айтсам, елімізде мен қатыспаған байқаулар аз. Болашақта енді өзге мемлекеттерде ұйымдастырылатын шараларға атсалысып, бағымды сынасам деймін. Алдағыны Алла біледі ғой, алдын ала ештеңе айтпай-ақ қояйын. Мұнымен бірге, өзімнің репертуарымды молайтып, тағы да  шығармашылық концертімді беруді армандаймын, — деген жас күйшінің алдағы Ит жылының игілігі көп болатынына сенімі кәміл. Лайым, солай болғай!

«Алтын медальмен оралуға жазсын…»

 Осы жазда Францияның Париж қаласында грек-рим күресінен өткен әлем біріншілігінде өзіміздің жас палуан Мейрамбек Айнағұлов күміс медальды алғанда, қуанбаған ақтөбелік кемде-кем. Сол сияқты Ресейде самбодан ұйымдастырылған әлем чемпионатында Есет Қуанов чемпион атанғанда ерекше мәз болғанымыз бар.

Дәулет Тұрлыхановтың жасөспірімдерге арналған жүлдесі үшін сайыстың үш дүркін жеңімпазы, Бүкіләлемдік әскери ойындар чемпионатының Қазақстан күресі тарихындағы алғашқы жүлдегері, жалпы дүниежүзілік, Азия, еліміздің додаларынан бос қайтпайтын Мейрамбек спорт сүйер қауымға бұрыннан жақсы таныс. Биыл Франция төріндегі  айтулы жарыстан жүлдегер болып келгенде, оның аты одан сайын асқақтады. Осыны ескерген облыс әкімдігі оған Ақтөбе қаласынан пәтер де берді. Ескі жылға өкпесі жоқ екенін айтқан Мейрамбектің өзі:

— Шүкір, биылғы жыл мен үшін сәтті болды. Енді келер жылы да бар күш-жігерімді салып, жақсы жетістіктерге жетсем деймін. Әуелі ел біріншілігінен, сосын жазда өтетін Азия мен әлем чемпионаттарынан I орынды алу — мақсатым. Бұның бәрі 2020 жылы шымылдығын түретін Олимпиада ойындарына деген дайындық қой. Келесі айда Иран еліне жол жүргелі отырмын. Сол жерде қазақстандық спортшылармен оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, артынша байрақты бәсекеге қатысамыз…

Жаңа жылда жаңа табысқа жетейік демекпін. Мерейіміз бұдан да үстем болсын! Ақтөбелік спортшылар қатысқан жарыстарынан тек алтын медаль алып, Қазақстанды жер-жаһанға таныта берсін! — деді ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов.

Ресей Федерациясының Сочи қаласында самбодан өткен әлем чемпионатының

жеңімпазы Есет Қуановтың бұл жетістігі — Тауық жылындағы Ақтөбе спортының елеулі табысы. Соңғы рет мұндай белеске осыдан 12 жыл бұрын ақтөбелік мықты спортшылардың бірі Асхат Шахаров көтерілген-ді… Есеттің осынау жеңісі үшін облыс әкімі ақтөбеліктер атынан «темір тұлпар» тарту етті.

— Әрине, мені осылай атап өтіп жатқандарыңызға қуаныштымын. Мендегі мақсат — осымен тоқтап қалмау, бұдан да биік белестерге жету. Қазіргі таңда жазғы Азия ойындарына қызу дайындалып жатырмын. Сонымен қатар, тек самбомен шектелмей, дзюдо спорты бойынша ірі жарыстарға қатысуды жоспарлап отырмын. Өйткені екеуі айла-тәсілі, ережесі жағынан ұқсас спорт түрлері. Ал жаңажылдық тілекке келсек, спортшыларымыз жеңістің тұғырынан көріне берсін дегім келеді. Барша оқырмандарға кез келген істе сәттілік тілеймін! — деген Есеттің Жаңа жылды әдеттегідей отбасымен бірге қарсы алатынын білдік. 25 жастағы жігіт келіншегімен Арлан есімді кішкентайды тәрбиелеп отыр.

23-25 жастағы жеңімпаз жігіттердің үлкен спорттағы ғұмырының енді басталғанын ескерсек, жетістіктерінің орасан болуына бар мүмкіндік бар… Үмітіміз алдамағай!

«Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада еңбек етіп жүрген тұлғалар ұсынылған-ды. Мемлекет басшысымен өткен кездесуге жеңімпаздар қатарынан табылған 5 ақтөбелік азамат та қатысты. Оларды да биыл жұлдызы жоғары болғандардың қатарына қосуға әбден болады.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған жоба қоғам, ғылым, мәдениет, бизнес, медицина, спорт салалары бойынша өтіп, онлайн-дауыс беру кезеңіне он жерлесіміз қабылданған-ды. Солардың арасынан 5 ақтөбелік жеңімпаз атанды. Олар — халықаралық «Алтын қыран» қайырымдылық қорының президенті, Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум мүшесі Исламбек Салжанов; кәсіпкер, меценат, «Максимус» ЖШС директоры Қайрат Мәйтеков; «Пандус-ОК» әлеуметтік жобасының авторы, мүмкіндігі шектеулі болса да спорт пен кәсіпкерлікті қатар алып жүрген Шахан Жолдасбаев; Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі қоршаған ортаны қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Юрий Хон; кинорежиссер, сценарист, продюсер, актер Эмир Байғазин. Әрқайсының қоғамға, өз саласы бойынша сіңірген еңбегі зор аталған ақтөбеліктердің есімі енді Қазақстанның тарихы һәм жылнамасында қалатын болды. Бұны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздарымен өткізілген кездесуінде Елбасының өзі де айрықша атап өтті.

Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер — бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, — деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

P.S. Біз аяқталуға жақын 2017 жылы көпшілікке көзайым болып, айтулы жетістіктерге жеткен жерлестерімізді тізбеледік, олардың жүрекжарды лебізін тыңдадық. Ең бастысы, босағамыздан аттағалы тұрған Ит жылы да осындай игі жақсылардың көптеп танылуына, игілікті істерге куә болуға жазғай! Жаңа жылда әрқайсысымыздың жұлдызымыз жарқырағай!

  Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*