Басты бет » Денсаулық » Ұлағатты жолдың иесі

Ұлағатты жолдың иесі

Мерей

Адамның адам болып қалыптасуы оның тәрбиеленген ортасына байланысты. Әсіресе, өз орныңды табуға жол бастайтын, үлгі-өнеге, ақыл кеңес беретін жанашыр ұстаздың болуы үлкен бақыт. Ұстаз шәкіртінің білімін шыңдаушы, білімнің биігіне қанат қағып, талай асуларды бағындыру жолындағы демеушісі әрі қолдаушысы. Осындай ұлағатын көрсетіп жүрген ұстаздардың бірі — Қазақстан Республикасының ҰҒА академигі, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері Намаз Ізімбергенов.

Міне, біздің сол аса қадірлі ұстазымыз сексеннің сеңгіріне шығып отыр.

Ұстаз туралы сәулелі сөз, салиқалы пікір айту үшін ғалымның жүріп өткен өмір жолдарына соқпай кету әбестік болар еді. Намаз Ізімбергенұлы 1937 жылы 25 желтоқсанда Маңғыстау облысының Түпқараған (бұрынғы Т.Г.Шевченко) ауданында қарапайым шаруалар отбасында туған. 1956 жылы Форт-Шевченко қаласындағы қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін екі жылдай ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет жасаған кезде халықтың мұң-мұқтажын, ел ішінде жетіспейтін, олардың өмірі үшін ең маңызды мәселелерге көзі жетіп білуі осы дәрігерлік мамандықты саналы таңдауға мұрындық болды. 1958 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түсті. Бірінші курстан бастап биология кафедрасының студенттік ғылыми үйірмесіне қатысып, Софья Наумовна Гордина сынды ұлағатты ұстаздардың жетекшілігімен эксперименттік жұмыстармен айналысып, студенттердің конференцияларынды баяндамалар жасап, жүлделі орындарға ие болды. Сол ұстазы институттың соңғы курсында  жүргенде: «Егер сен хирург болуды армандасаң, өзің ұнататын жұмыспен айналыс, тек жақсы хирург бол», — деп ақ батасын берген болатын. Осылайша оқу орнын 1964 жылы үздік бітіргеннен кейін сол институттың хирургия кафедрасында клиникалық ординатураға қалдырылды. Клиникалық ординатураны бітіргеннен кейін өзі оқыған  кафедрада ассистент болып қалу ұсынылғанда жас Намаз «Студенттерді оқытуға білімім жетпейді» деп ұсынылған жұмыстан бас тартты. Бірақ бұл бас тарту кездейсоқ шешім емес, болашақ ғалым-ұстаздың өмірлік қағидаларының бірі еді. Осы қағиданы ол бүкіл өмір бойы қатаң сақтап келе жатыр. Сонымен 1966 жылы Мәскеу қаласындағы атақты Ленин орденді Орталық дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының хирургия кафедрасына аспирантураға түсті. Осы хирургия кафедрасында Александр Николаевич Бакулевтің шәкірті РСФСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер профессор Тимофей Павлович Макаренко сияқты ғалымдардың тәлім-тәрбиесін алды.  Мәскеу қаласында, өзі оқыған институтта кандидаттық (1970) және докторлық (1978) диссертацияларын қорғады. Намаз Ізімбергеновтің екі диссертациясы да бауыр, өт жолдары хирургиясының мәселелеріне арналған. Сондықтан ол еліміздегі бауыр-өт жолдары ауруларының белгілі маманы болып есептеледі. Мәскеудегі өмір Намаз ағамыз үшін өте үлкен мектеп болды. Қаланың ғылыми-мәдени өмірі, атақты мұражайлары, өнер ошақтары Намаз ағамыздың интеллектуалдық өсуіне көп әсерін тигізді.

Намаз Ізімбергенұлы аспирантураны бітіргеннен кейін 1969 жылы өзі бітірген Ақтөбе медицина институтының госпиталдық хирургия кафедрасына ассистент болып орналасты. Және осы кафедрада барлық сатылардан өтті: ассистент (1969-1975), доцент (1975-1978), кафедра меңгерушісі (1979-2003),  2004  жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін  кафедра профессоры болып қызмет жасап келе жатыр.

Немістің ғұламасы И.Гете «Біліп қана қою — аз, сол білгеніңді істе қолдана білуің керек» деген екен. Біздің ардақты ұстазымыз Намаз Ізімбергенұлы — өзінің терең білімін іс жүзінде қолдана білген адам.

Намаз ағамыз басшылық еткен ұзақ жылдар ішінде госпитальды хирургия кафедрасы емдеу, мамандарды даярлау және ғылыми жұмыстарды жүргізу жағынан елімізге танымал  белгілі ғылыми орталықтардың біріне айналды. Көптеген дәрігерлердің, институтта істейтін жас ұстаздардың ғылыммен айналысып, диссертациялар қорғауына жағдай туғызылды. Осы орталықта қазіргі таңда Намаз ағамыздың жетекшілігімен  6 докторлық және 28 кандидаттық диссертация қорғалып, сонымен бірге клиникалық ординатурада өздерін Намаз Ізімбергенұлының шәкіртімін дейтін қаншама жоғарғы дәрежелі хирург мамандар даярланды. Қазіргі уақытта осы шәкірттері университетімізде және еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген хирургиялық мекемелерде абыройлы қызметтер атқарып жүр. Осыған байланысты қазір Батыс Қазақстан аймағында жұмыс жасап жатқан хирургтерді «профессор Ізімбергеновтің мектебінен шыққан дәрігерлер» деп атайды. Намаз Ізімбергенұлы — Батыс Қазақстан аймағы тарихында өзінің мектебін ашқан алғашқы ғалым-хирург.

Намаз Ізімбергенұлы бүгінгі Ақтөбе қаласы және облыс хирургиясының бет-бейнесі десек, артық айтқан болмаспыз деп ойлаймын. Өйткені профессор Н.Ізімбергенов өзінің кафедра меңгерушілік жұмысын кафедра орналасқан ауруханаға жаңа аппараттар алудан, жаңа емдеу әдістерін тәжірибеге енгізуден, қазіргі заман талабына сай хирургия саласының бөлімшелерін ашудан бастады. Сол 1980-1985 жылдардың өзінде клиниканың жанынан эндоскопиялық, сәулелік тексеру бөлмелері, детоксикациялық, жоғарғы қысымды оттегімен емдейтін бөлімшелер ашылды. Тәжірибеге лапароскопиялық тексеру, лазер сәулесімен емдеу әдістері енгізілді.

Намаз Ізімбергенұлының ғылыми зерттеу мәселелері әртүрлі. Жазған жұмыстары, қорғаған кандидаттық, докторлық диссертациялары бауыр, өт жолдары хирургиясын зерттеу мәселелері болса да, кафедра орналасқан облыстық ауруханада ең басты мәселе жедел хирургия, іш қуысы ағзаларының аурулары, олардың іріңді асқынулары болды. Сондықтан  өзінің ғылыми бағытын өзгертіп, осы Ақтөбе халқының мұқтажын шешуге кірісті. Сол кездегі өте жиі кездесетін және өте жоғары кісі өліміне соқтыратын перитонит мәселесімен айналыса бастады. Алдына мақсат қойып белгілі бір бағытта жұмыс жасаса, адам баласының алмайтын қамалы, жетпейтін межесі жоқ. 1986-1990 жылдары Ақтөбе қаласы, республикаға және одаққа белгілі Хирургия орталығына айналды. Намаз ағамыздың ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында бірнеше республикалық, Бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Аталмыш іс-шаралар жедел хирургияда кездесетін өте ауыр асқынулардың емдеу нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік туғызды. Қазақстанда бірінші рет Намаз ағамыз басқарған клиникада іш қуысының іріңді асқынуларын, перитонитті емдеудің жаңа инновациялық әдістері тәжірибеге енгізілді — лапаростомия, операциядан кейінгі кезеңде іш қуысын жоспарлы түрде тазалау, іш қуысын озонмен өңдеу, ішек арқылы озонотерапия жасау, шарбымай қуысын лапароскопиялық әдіспен тазалау. Сонымен бірге Намаз Ізімбергенұлы елімізде алғашқы рет қазіргі эндоскопиялық технологияны хирургияның байырғы ашық әдісімен бірге операциядан кейінгі кезеңде іш қуысын тазалауға пайдалануды тәжірибеге енгізді. Соның нәтижесінде  баяғы 44 пайызы кісі өліміне соқтыратын перитониттен кісі өлімі 11,8 пайызға, панкреонекроз кезіндегі 67 пайыздан 14,2 пайызға дейін төмендеді.

Осындай ғылыми-тәжірибелік жетістіктерге байланысты сонау 1990 жылы Қазақ ССР-і Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Н.Ізімбергенов басқаратын клиниканың жанынан жедел хирургия және перитонит мәселелерімен шұғылданатын Республикалық орталық ашылған болатын. Бұл орталық  аталмыш мәселелер бойынша әлі де табысты қызмет атқарып келеді. Солардың бірі — 2004-2006 жылдары «Абдоминальды хирургиядағы іріңді-септикалық ауруларды емдеу және алдын алу»  тақырыбы бойынша ресми қаржыландырумен орындалған мемлекеттік жоба. Бұл ғылыми жобаның нәтижелері халықаралық экспертизадан өткізіліп, өте жоғарғы бағаға ие болды.

Тағылымы мол ұстаз Намаз ағамыздың отандық хирургияны өркендетуге қосқан үлесі және ғылыми-тәжірибелік ерен еңбектері жоғары бағаланып, 1994 жылы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2003 жылы академигі болып сайланды, 1997 жылы А.Н.Сызғанов атындағы Хирургиялық ғылыми орталықтың және А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің құрметті профессоры, 1998 жылы Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткері атанып, 1999 жылы Дүниежүзілік хирургтер Халықаралық қоғамына мүшелікке қабылданды. Бұл қоғамға сайлану хирургтерді кәсіби бағалаудың ең жоғарғы сатысы болып есептеледі. Өйткені Кеңес Одағы кезінде Қазақстаннан бұл ұйымға тек жалғыз адам, А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық орталықтың директоры академик М.А.Әлиев мүше болды. Сонымен бірге 2000 жылы Халықаралық (Кембридж, Англия), Америкалық (Нью-Йорк, АҚШ) өмірбаяндық орталықтардың бірнеше құрметті атақтарының иегері, оның ішінде «ХХІ ғасырдың 2000 көрнекті интеллектуалының бірі ретінде танылуы» және 2008 жылы Еуразия ғылыми қорының «Алтын скальпель» жүлдесімен марапатталуы егемендік алған еліміз үшін үлкен мақтаныш болды.

Намаз Ізімбергенұлы — кең өрісті, өз бойына техникалық жаңалықтарға деген құштарлықпен клиницизмнің өшпес қағидаларын тығыз ұштастыра жинаған жоғары дәрежелі хирург. Дәрігер-хирург ретінде атақты Ресей хирургия мектебінің адамгершілік, мейірімділік қағидаларын қатаң ұстайды. Сондықтан халық Намаз Ізімбергенұлын ең алдымен дәрігер ретінде бағалайды. Елдің сүйікті дәрігері «Құрмет» орденімен марапатталды, Ақтөбе қаласының және өзінің туып-өскен Маңғыстау облысындағы Түпқараған ауданының  «Құрметті азаматы» атанды.

2009 жылы Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерекесіне байланысты «Актюбинский вестник» газеті редакциясы ұйымдастырған «Ақтөбе өңірінің атағын шығарған 40 тұлға» атты  конкурстың жеңімпазы атанды. Өздерінің мақтаныш тұтатын сүйікті ұл-қыздары: батырлар Қобланды, Есет батыр, Әлия Молдағұлова, атақты тарышы Шығанақ Берсиев, ғалымдар ағайынды Жұбановтар, ғарышкер Виктор Пацаевтардың арасында Намаз Ізімбергенұлының есімінің аталуы халықтың ағамызға деген алғысы, берген бағасы, марапаты.

2006-2007 жылдары Ел Президентінің халыққа Жолдауында республикадағы денсаулық сақтау жұмысының негізгі міндеттерінің бірі ана мен бала өлімін төмендету болып табылды. Бұл уақытта Намаз ағамыз зейнеткерлікке шыққан, соған қарамастан құрамында акушер-гинеколог маманы бар академиялық топ құрып, осы мәселені шешуге кірісті. Намаз Ізімбергенұлы ана өлімінің басты себептерін зерттеп, жүкті және босанған әйелдерге жедел хирургиялық көмек көрсетудің жаңа жүйесін ұсынды. 2009 жылы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұйрығымен клиника жанынан республикамызда ең бірінші болып әйелдерге хирургиялық көмек көрсететін осы орталық ашылды. Аталған орталық жүкті және босанған әйелдерге жедел хирургиялық көмек көрсетумен қатар, акушерстводағы іріңді-септикалық асқынуларды, перитониттерді емдейтін мекемеге айналды. Қол жеткен жетістіктерге көңіл аударсақ, 1990 жылдары акушер-гинекологиялық перитонит кезінде кісі өлімі 22 пайыз болды. Белгілі ашық әдісті, лапаросанацияны пайдалану арқылы ол 15 пайызға дейін азайды. Кесар тілігі операциясынан кейінгі перитонитті емдеу барысында Қазақстанда алғаш рет мүшені сақтау әдісі енгізілді. Кесар тілігі операциясынан кейінгі перитонит болған әйелдердің 16-сына мүшені сақтау операциясы жасалды, оның 3-еуінде жүктілік болып сәби босанды. Бұл — үлкен жетістік. Өйткені әйелдерді әйелдік болмысынан, келешекте бала көтеру мүмкіндігінен айырмайтын ем әдісі. Осындай ұйымдастыру, ғылыми жұмыстардың нәтижесінде 2009 жылдан бері 8-9 жылда Ақтөбе облысында хирургиялық аурулардан ана өлімі тіркелген жоқ. Намаз Ізімбергенұлының бұл жаңалығы тек ана өлімін болдырмай ғана қойған жоқ, сонымен бірге бүкіл ем жүйесін жаңа сатыға көтерді.

Намаз ағамыз тек қана медицинаның хирургия саласы ғана емес, сонымен бірге деонтологиялық және моралдық-этикалық мәселелерге де көп көңіл бөлді. Бұл мәселе біздің елімізде кенжелеу қалған мәселе-тұғын. Ағамыздың 1994 жылы шыққан «Хирургиядағы деонтология» атты еңбегі республикадағы осы мәселеге арналған алғашқы туындылардың бірі болды. Өйткені Қазақстанда қазақтың ұлттық ерекшеліктерін білетін қазақ дәрігері жазған бірде-бір еңбек жоқ. Бәрі орыс тілінде жазылған еңбектер. Соңынан 1999 жылы «Очерки хирургической деонтологии» атты екінші кітабы шықты. Қазіргі кезде аталған монографиялар студенттердің, дәрігерлердің қолынан түспейтін оқулықтардың бірі болып отыр.

Профессор Н.І.Ізімбергенов кафедра  басшылығына келген күннен бастап студенттердің нақтылы білім алуын, олардың қазіргі өмір талабына сәйкес болып шығуын кафедра жұмысының басты қағидасына айналдырды. Осыған байланысты өзінің педагогикалық тәжірибесі негізінде 2013 жылы «Очерки педагогики высшей медицинской школы» атты кітабын шығарды. Аталған еңбек те республикамыздағы осы тақырыпқа арналған алғашқы туынды болды.

Намаз ағамыздың еңбектерінің көбі екі тілде — орысша және қазақша жазылған. Мәселен, қазақшасы аударма емес, табиғи, автордың ой-өрісін, көзқарасын әр оқушыға жақсы түсінетін тілде жеткізуі, ал орысшасында қазақ дәрігерінің иісі, жан дүниесінің ұлттық ерекшелігі, лебізі сезіліп тұрады.

Тағы бір айтайын дегенім, жазушы Марк Твен «Егер дәрігер медицинадан  басқа ештеңені білмесе, ол онда медицинаны да білмейді»  деп айтқан екен. Осы орайда  Намаз ағамыз тек қана медицина-хирургия саласын толық игеріп қана қойған жоқ, сонымен бірге әдебиетті, халқымыздың тарихын және өнерін зерттеп, көп көңіл бөліп жүрген адам.

Намаз ағамыз — талаптылардың тынысын ашып, қанаттандырып жіберуді дәстүрге айналдырған жан. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген Абай атамыздың тағылымды сөзі осы кісіге арналған деп айтсақ артық болмас. Намаз ағамыздың қамқорлығына бөленіп, мейірін көргендер қаншама. Көптеген шәкірттері ғылым кандидаттары мен докторлары атанып, ағамыздың абыройын асқақтатып жүр.

Н.Ізімбергенов — 570 ғылыми еңбектің авторы. Олардың ішінде 13 монография, 2 дәрігерлер үшін нұсқау, студенттерге арналған бірнеше оқу құралдары, медицинаның саласынан ашылған 22 жаңалыққа патенттер және дәрігер-хирургтерге арналған 28 әдістеме-нұсқау бар. Намаз Ізімбергенұлы  ғылым деп тек тиісті нәтижелер беретін зерттеулерді ғана санайды. Сондықтан бұл аталған еңбектердің әрқайсысы өз орны бар, өз көрсеткіші және нәтижелері бар жаңалықтар.

Асыл арман мен ерен еңбек адамды биікке жетелейді, көкке құлаш жая самғатады. Жастайынан білімге құштар, ғылымның құдіретін терең түсіне білген Намаз Ізімбергенұлының шыққан биігі ұзақ жылғы еңбектерінің жемісі және бұл еңбегі Ақтөбе аймағының әрбір отбасының аман-саулығында сезіледі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана қазақ. Сандаған шәкірт тәрбиелеп, ғылымға сүбелі үлес қосқан қазақтың осындай шоқтығы биік азаматтарының болуы біз үшін үлкен мақтаныш, зор мәртебе.

Намаз ағамыздың шығармашылық идеяға бай, оны ұйымдастыруы жағынан жоғары деңгейде болуы, кез келген мәселенің жаңа шешімін таба білуі, шәкірттеріне әрдайым қатаң талап қоя білуі, жан-жақтылығы әлі күнге дейін біздерді таңдандырып, қызықтырып келеді. Осы қасиеттері біздер, шәкірттері үшін үлкен үлгі-өнеге деп білеміз.

Бүгінгі мерейтойының қарсаңында шәкірттері атынан шын жүректен құттықтап, қадірлі ұстазымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, мол бақыт, ғылымда және еңбекте шығармашылық табыс тілей отырып, осы жолда қуатының қайнары ешқашан ортаймасын деп тілек айтамыз!

Базылбек ЖАҚИЕВ,

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің №2 хирургиялық аурулар кафедрасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*