Басты бет » Мәдениет » Қазақтың Майрасының концерті өтті

Қазақтың Майрасының концерті өтті

Тәуелсіздік күнінде Өнер орталығының залында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Майра Ілиясованың «Айналдым елім» атты мерекелік ән кеші болды.

Әншіліктен бөлек, бірнеше топқа продюсер, «Сағындырған әндер-ай», «Жан Анам», «Алтын домбыра», «Күміс көмей, жез таңдай» сынды концерттік жобалардың авторы Майра Ілиясова біздің өңірге гастрольдік сапармен 3-4 жылдан бері келмегенін айтып, дайындығы жөнінде баян етті.

— Бүгінгі концерттің басты ерекшелігі, әрине, жаңадан ашылған Өнер орталығында өтуі. Әйтпесе, бұған дейін осындағы көрермендерімізді «Қоныс» спорт сарайына да жинағанбыз. Сондықтан кең сарайда алғашқылардың бірі болып кеш өткізетініме қуаныштымын. Екіншіден, Ақтөбеге жалғыз келгенім жоқ. Менімен бірге Астанадан арнайы келген шәкіртім Елнұр Қыдырбекұлы халық әндерін орындайды. Сондай-ақ, өзім де ақтөбеліктердің алдында домбырамен дәстүрлі әндерді айтқалы отырмын.

Сіздің өңірге облыс әкімшілігінің шақыртуымен, өзім ерекше сыйлайтын Бердібек Машбекұлының қолдауымен келдім, — деді Майра Ілиясова.

Жезтаңдай әншінің шығармашылық кешінде халық әндері, эстрадалық шығармалар шырқалды. Мерекелік концертте, сонымен қатар, өмір мен өнерде қол ұстасқан Ақтөбеден шыққан жұп Шынтас-Айнагүл әннен шашу шашты.

Айта кету керек, «Айналдым елім» концертінің көрермендері қатарында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов болды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*