Басты бет » Басты жаңалықтар » Офтальмологиялық орталық ашылды

Офтальмологиялық орталық ашылды

Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында Тәуелсіздік күніне орай «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы ашылды.

Орталықтың салтанатты түрде іске қосылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, басқармалар мен департаменттердің басшылары, денсаулық сақтау және медицина қауымдастығының ардагерлері қатысты.

Шара барысында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру — Мемлекет басшысы қойған басты тапсырмалардың бірі. Осы орайда біз бүгін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында осындай алғашқы жобаны ашып отырмыз. Батыс Қазақстан өңірінде көз ауруымен ауыратын адамдарды емдейтін емхана жоқ. Ақтөбе өңірінен жылына 2 мыңға жуық адам көрші Ресей мемлекетіне барып емделеді екен. Енді оның қажеті жоқ. Орталықта көз ауруларына ертерек диагностика жасалып, тиімді емделу үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Мұнда халықаралық деңгейдегі жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмекті тек біздің облыстың ғана емес, Батыс Қазақстанның барлық тұрғындары алуға мүмкіндіктері бар, — деді.

Емхана директоры Ғалымжан Елеуовтің айтуынша, офтальмологиялық орталық Америка, Германия және Жапония елдерінен шығарылатын заманауи үлгідегі емдеу-диагностикалық құралдармен жабдықталған, алты ота жасайтын залы бар.  Бұрын-соңды жасалмаған күрделі ота түрлері енді осы орталықта тегін жасалмақ. Себебі емхана мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасайды. Емхана күніне 500 адамды қабылдап, 150 маман қызмет көрсетеді. Жергілікті дәрігерлерден құралған мамандар шетелдің үздік емханаларынан тәжірибеден өтіп келді. Жүзеге асырылған жобаның жалпы құны —  3,8 миллиард теңге.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*