Басты бет » Жаңалықтар » 100 орындық интернат пайдалануға берілді

100 орындық интернат пайдалануға берілді

Мереке қарсаңында Ақтөбе қаласындағы «Сымбат» жекеменшік физика-математика мектебінің жанындағы 100 орындық  интернат пайдалануға берілді. Ғимараттың салтанатты ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова және Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Облыс әкімі жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

— Осы мектепті аралаған кезде Рабиға Мұхитқызына ауыл балалары үшін де мүмкіндік қарастырылуын айтқан едім. Мектеп басшылығы ұсынысты бірден қабылдады. Ауылда талантты балалар көп. Олар да қала баласы сияқты заман талабына сай  білім алуы керек. Бүгін, міне, елімізде бірінші рет мемлекет пен жекеменшік әріптестігі негізінде жұмыс жасайтын 100 орындық интернат ашылып отыр. Интернатқа қабылданған 100 баланың 85-і мемлекет қаржысы есебінен оқыса, қалғаны мектеп қаржысы есебінен оқиды. Жалпы балаға  дұрыс тәрбие беретін жер —  интернат. Баланың бұл жерде бос уақыты болмайды. Үйірмеге қатысады, уақытында сабағын оқиды, тіл үйренеді. Тәртіпті, мейірімді азамат болып өседі, — деді облыс әкімі.

Ғимараттың лентасын қиған жергілікті билік өкілдері ішін аралап көрді. Заманауи үлгіде салынған интернаттың іші оқушыларға өте ыңғайлы. Бір бөлмеде төрт бала тұрады. Бөлменің ішінде арнайы жуынатын, сабақ оқитын орындар бар.  Интернатта жатып оқу үшін 760 бала конкурсқа қатысқан. Оның ішінен тек үздік жүз бала іріктеліп алыныпты. Мектепке тек қана 7-8 сыныптың оқушылары қабылданады. Интернаттың ашылуына Байғанин мен Алға ауданынан келген ата-аналар облыс басшысына ғимараттың ұнағанын айтып, ризашылықтарын білдірді. Мектеп директоры Берік Оразовтың айтуынша, интернаттың ішіндегі асханада балаларға күніне алты мезгіл тамақ беріледі. Балалар бес күн оқиды. Сенбі күні түрлі үйірмелерге қатысады, қосымша сабақтар жүреді. Ауылдан келген балаларға қаражатты мемлекет төлейді. Жалпы мектепте оқу үшін бір балаға айына ата-ана 50 мың теңге береді. Оның ішіне алты мезгіл тамақ пен тегін үйірмелер кіреді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*