Басты бет » Жаңалықтар » Пәтер кілттері табысталды

Пәтер кілттері табысталды

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында 255 отбасыға көп қабатты үйден пәтер берілді. Ал 80 адам коттеджге қол жеткізді.

Қоныс той иелеріне пәтер кілтін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев табыс етті.

Облыс әкімі жаңа қоныс иелерін құттықтай отырып, аймақта жыл соңына дейін кемінде 700 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын атап өтті. 11 айдың қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көздері есебінен 600 мың шаршы метрден астам баспана тапсырылған.

Біздің облысымыз өзінің тұрғын үй құрылысындағы мүмкіндіктері мен әлеуетін «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массивінің құрылысы арқылы сеніммен көрсетіп отыр. Бұған осы тұрғын үйлер айқын дәлел. Болашақта бұл жерде кем дегенде 100 мың адам тұратын болады. Мұнда ең жайлы жағдай жасалады, коммуникациялар жүргізіліп, мектеп, мектепке дейінгі мекемелер, мәдениет және демалыс саябақтары, сауда, ойын-сауық орталықтары салынады,  — деді облыс әкімі өз сөзінде.

Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдаланып, пәтер кілттеріне ие болғандардың қатарында мұғалімдер, медицина қызметкерлері және басқа да жұмысшы мамандық иелері бар. Баспаналардың әр шаршы метрі — 120 мың теңге.

Адам үшін ең негізгісі — баспаналы болу. Бүгін мен үшін көптен күткен қуанышты сәт келді. Жаңа пәтердің иесі атандым. Төрт жылдан бері қаржы жинаған едік. Енді, міне, жаңа пәтерде қоныстойын тойлаудамыз, — деді баспаналы болғандардың бірі Мұқағали Мәмбетов.

Айта кетейік, «Нұр Ақтөбе» тұрғын массивінің 1 және 1 «а» шағын аудандарында 122 коттедж және 2500 пәтерлік 56 аз қабатты үй салынып жатыр. Жылдың соңына дейін 1200-ден астам пәтер пайдалануға берілмек. Бүгінде Ақтөбе қаласында пәтер алу үшін 23 мыңға жуық адам кезекте тұр.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*