Басты бет » Жаңалықтар » Жаңарған «Геолог» мәдениет үйі

Жаңарған «Геолог» мәдениет үйі

Жөндеу жүргізіліп, қалпына келтірілген «Геолог» мәдениет үйі Қарғалы селосының тұрғындарына есігін айқара ашты. Осы салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Бұл Мәдениет үйін сонау сексенінші жылдардың басында осында қоныстанған геологиялық экспедиция салып берген еді. Беріректе қалалық мәдениет бөлімі балансына берілген ғимарат қаржы жетіспеушілігінен күйі кете бастады.

Бердібек Сапарбаев өз сөзінде село тұрғындары мен ақсақалдарының осы мәселені бірнеше рет көтергенін, соның нәтижесінде осындай жұмыстар атқарылғанын атап көрсетті.

Облыс басшысы жиналған жұртшылықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, еліміздің қол жеткізген биіктеріне тоқталды.

— Біз әлемнің танымал елдері қатарынан өз орнымызды таптық. Астанамызда жоғаыр деңгейдегі саммиттер өтуде, жаз айында «ЭКСПО-2017» көрмесін табысты өткіздік. Осының барлығы — Тәуелсіздігіміздің жемісі,— деді.

Сонымен бірге ол селода соңғы уақыттары жүзеге асқан жаңалықтарға да тоқталды. «Сіздер екі жыл бұрын селоның проблемаларын көтерген едіңіздер. Солардың көпшілігі қазірдің өзінде шешімін тапты. Балғындардың жаңадан салынған спорт кешеніне барып, жаттығуына мүмкіндік туды. Келесі жылы стадион пайдалануға беріледі. Құқық бұзушылықты азайту үшін тұрғын үйлерге бейнеқадағалау қондырғысын орнатпақпыз. Қаланы қауіпсіз ету мақсатын алға қойып отырмыз» деді облыс әкімі.

Еңбек ардагері Мұқанбетқали Қазкеев Қарғалы селосының әлеуметтік мәселелерін шешуге көп көңіл бөліп келе жатқаны үшін облыс әкіміне алғыс сезімін білдірді.

Салтанатты жиын соңында жергілікті мәдениет қызметкерлері село тұрғындарына арнап концерт қойды.

 

Муапық БОРАНҚҰЛОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*