Кедендік одақ: интеграция процесі

Әлемдік тәжірибеде экономикалық бірігудің бірнеше түрлері және сатылары кездеседі: еркін сауда аймағы; Кедендік одақ; бірыңғай экономикалық кеңістік; экономикалық одақ.

Еркін сауда аймағын осы аймақтан шығатын тауарларға қатысты құрамына кіретін аймақтар арасындағы барлық сауда-саттық үшін баждар және сауданы реттейтін басқа да шектеу шаралары алынып тасталған екі немесе одан да көп кеден шекараларының тобы деп түсінуге болады.

Еркін сауда аймағының қатысушы-мемлекеті келісімге қатыспаған жағдайда әрқайсысы жеке сауда саясатын жүзеге асырады.

Еркін сауда аймағының үлгісі ретінде Қазақстан мүшесі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын айтуға болады.

Кедендік одақ дегеніміз — екі немесе бірнеше аймақтардың бір кедендік аймақпен алмастырылуы. Нәтижесінде одақ аймағы арасындағы саудада баждар және сауданы реттейтін басқа да шектеу шаралары қолданылмайды немесе кем дегенде осы аймақтан шығатын тауарлар саудасына қатысты қолданылмайды; баждар және сауданы реттейтін басқа да шектеу шаралары одақ құрамына кірмейтін аймақтармен сауда-саттыққа қатысты әрбір одақ мүшесі тарапынан қолданылады.

Басқаша айтқанда, Кедендік одақ үшінші елдерге қатысты бірыңғай кедендік тариф (бірыңғай сыртқы сауда саясаты) қолдану және еркін сауда аймағының қисындасуы болып табылады.

Кедендік одақ мысалы болып Еуропалық Одақтың Түркиямен Ассоциациясы, МЕРКОСУР, Шығыс Африка Қауымдастығы табылады.

Елдер арасындағы өзара сауда ғана емес, жұмыс күші мен капитал айналымы жолдарындағы кедергілердің жойылуымен Кедендік одақ толықтырылған жағдайда бірыңғай экономикалық кеңістік пайда болады.

Ортақ нарық мысалы ретінде әлемдік тәжірибеде Араб жалпы нарығын, Орталық Америкалық жалпы нарықты айтуға болады.

Экономикалық одақ жоғарыда аталған бірігу шараларына қосымша қатысушы-елдердің бірыңғай экономикалық саясатты жүзеге асыруын, бірыңғай валюта енгізуін, әлеуметтік-экономикалық процестерді мемлекетаралық реттеу жүйесін құруды көздейді.

Қазіргі уақытта мұндай бірігу сатысына тек Еуропалық Одақ ғана қол жеткізді.

Дүниежүзілік кеден ұйымының мәліметтері бойынша нотификациядан өткен Кедендік одақ туралы келісім негізінде қызмет ететін 12 мемлекетаралық бірлестіктер бар.

Олардың қатарына Еуропалық одақ, Орталық Америкалық жалпы нарық, Кариб қауымдастығы және жалпы нарығы, Анд ұлттар қауымдастығы, Оңтүстік Африкалық кеден одағы, Орталық Америкалық жалпы нарық, ЕО – Түркия, ЕО – Андорра, Орталық Африкалық экономикалық және валюта қауымдастығы, Шығыс Африка қауымдастығы және Парсы шығанағы елдерінің қауымдастық бойынша кеңесі жатады.

Кедендік одақтың қалыптасуына байланысты Қазақстан үшін мемлекеттермен неғұрлым тығыз қарым-қатынас орнату арқылы әлемдік экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын іздеу, өзара инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар құру, мемлекеттердің экономикалық әлеуетін ескере отырып, біріккен өндіріс орындарын ашу, жалпы ішкі өнім 1,6 млрд. АҚШ долларын құрайтын ортақ деңгеймен Қазақстанда 15,9 млн. адамнан Кедендік одақта 167,2 млн. адамға дейін ішкі нарықты кеңейту, ішкі нарықтың кеңеюі нәтижесінде Кедендік одақтың бірыңғай кедендік аймағында, соның ішінде Қазақстанда жаңа өндіріс орындарының, бірін-бірі толықтырушы кәсіпорындар кооперацияларының дамуы және сатылас біріккен корпорациялар құру үшін қызығушылықтардың пайда болуы, өнімдерге қойылатын қазіргі уақыттағы әрекет етуші стандарттар мен талаптардың бір ізге салынуына байланысты отандық тауарларды өткізу нарығының кеңейтілуіне және инвестциялық тартымдылығын арттыруға негіз болатын Кедендік одақ елдері, соның ішінде Ресей Федерациясы нарықтарына қазақстандық тауарлардың шығуын жеңілдету және кеңейту сияқты негізгі мүмкіндіктер туып отыр.

Кедендік одақ комиссиясы кедендік одақтың реттеуші органы болып табылады. Оның құрамына: Қазақстан Республикасының атынан – ҚР бірінші вице-премьері Ө. Шөкеев, Ресей Федерациясының атынан – РФ Төрағасының бірінші орынбасары И. Шувалов, Беларусь Республикасының атынан – БР Үкіметі Төрағасының орынбасары А.В. Кобяков – үш мемлекеттің Үкімет басшыларының орынбасарлары кіреді.

Кедендік одақ комиссиясының шешімі Қазақстан – 21,5, Беларусь – 21,5, Ресей – 57 дауысқа ие көпшілік дауыспен, яғни дауыстың үштен екісімен қабылданатын болады. Егер жақтардың бірі Кедендік одақ комиссиясының қабылдаған шешімімен келіспеген немесе қажетті дауыс саны жиналмаған жағдайда, мәселе консенсус шешімін қабылдайтын мемлекет басшылары деңгейіндегі Кедендік одақтың жоғарғы органына қарауға беріледі.

Қазақстандық тауар өндірушілер үшін еркін сауда аймағы келісіміне сәйкес кедендік баждар алынбайтын ТМД (62% жуығы), соның ішінде РФ және Беларусь елдерінен әкелінетін тауарлар негізгі бәсекелес болып табылады. Мысалы, Қазақстанға әкелінетін барлық импорт көлемінің ішінде 90%-ға жуығы Украина (71,7%) және Ресейден (16,5%) бажсыз әкелінетін кондитер өнімдері, сүт өнімдерінің 92%-дан көбі ТМД елдерінен, соның ішінде Ресейден – 45%, Қырғызстаннан – 25% импортталады, ұқсас жағдай шырын нарығында да кездеседі (75,9% – ТМД елдерінен, соның ішінде Ресейден – 25%, Тәжікстаннан – 22,4%), алкогольсіз сусындар (ТМД – 99,8%, Ресей – 99,6%), сыра (ТМД – 98,1%, Ресей – 98%) және басқалары.

Осыған орай баждың өсуі азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне әсер етпейді, себебі олар негізінен Қазақстан аймағында өндіріледі немесе импорттық баж қолданылмайтын ТМД елдерінен әкелінеді.

Жоғары деңгейдегі баждың бір уақытта қолданылуы қазақстандық кәсіпорындардың шаруашылық қызметіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себептен Қазақстан үшін тауарлар бойынша Бірыңғай кедендік тарифке кезең-кезеңмен көшу құқығы сақталып отыр.

Тауар Көшу кезеңі Қазақстанда әрекет етуші баж Бірыңғай кедендік тариф
Дәрі-дәрмек құралдары 5 жыл 0% 10-15%
Медициналық құрал-жабдықтар 4 жыл 0% 10-15%
Қалайыдан жасалған жеке өнімдер (сым темірлер, тақтайлар, фитингтер) Жарты жыл 0-5% 20%
Қалайы фольгасы 3 жыл 0% 20%
Теміржол вагоны 3 жыл 0% 10%
Химия өнеркәсібі үшін шикізат, полимерлер 4 жыл 0% 10%
Целлюлоза 4 жыл 0% 5-10%
Көшірме қағазы 4 жыл 0% 15%
Пневматикалық құралдар 3 жыл 0% 10%
Электромагниттер және қорғауыштар 3 жыл 0% 15%
Жылыжай 3 жыл 0% 20%

Бұл норма бізге өнім тапшылығының пайда болуына және сәйкесінше республикадағы салынып жатқан зауыттардың өндірістік қуатының толық деңгейде дайын болғанына дейін баға өсіміне жол бермейді.

Оның үстіне ҚР «Инвестициялар туралы» Заңы аясында жүзеге асыру жоспарланған тауарлар бойынша «мақсатты импортты» енгізу болжануда. Сондықтан қазіргі уақытта сәйкес өзгерістер дайындалып жатыр, себебі инвестициялық преференциялардың бір түрі кедендік баж төлеуден босату болып табылады. Аталған режимге технологиялық құрал-жабдықтарды, олардың қосалқы бөлшектерін, шикізаттарды, ұшақтарды, станоктарды және т.б. әкелу жатады.

Сөйтіп, бұл норма қазақстандық кәсіпорындарға жаңарту және жабдықтау үшін жаңа технологиялық құрал-жабдықтарды, олардың қосалқы бөлшектерін, сондай-ақ өнім өндіру үшін қажетті шикізаттарды баж төлемей әкелуге мүмкіндік туғызады.

Жеңілдік Кедендік одаққа мүше елде өндірілмеген шикізатқа немесе Кедендік одаққа мүше елде өндірілген, бірақ жүзеге асырылатын инвестициялық жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес келмейтін шикізатқа қатысты қолданылады.

Азамат ҚамшЫмбаев,

ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары

бойынша өңіраралық инспекциясының бастығы.

Айдары: Экономика

Пікір жазу

Жіберу

© 2014 Ақтөбе газеті. All rights reserved. XHTML / CSS Valid.
Proudly designed by Theme Junkie. Powered by WordPress