Басты бет » Жаңалықтар » Кіріпіштің жаңа түрлерін шығарады

Кіріпіштің жаңа түрлерін шығарады

Жаңа өндіріс

Ақтөбе өңірінде соңғы жылдары құрылыс жұмыстары айрықша қарқын алды. Аймақта тұрғын үй құрылысы үдеп, әлеуметтік, өндірістік нысандар да көптеп салынуда. Осыны ескеріп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс материалдарын шығаратын өнеркәсіпті одан әрі дамытуды бірінші кезекті міндет етіп қойған болатын. Облыс өзін құрылыс материалдарымен толық қамтамасыз етумен бірге, сыртқы рынокқа өнім шығаруға тиіс. Бұл міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады.

Кеше Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, Ақтөбе индустриалды аймағында «Жедел Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үш қабатты қабырға блоктары өндірісі іске қосылды. Жаңа өндірістің ашылуына келіп, лентаны қиған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов:

— Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облысымызда тағы да бір жаңа зауыт ашылып жатыр. Бұл — облыс әкімінің бастамасымен басталған жоба. Кезінде салтанатты жағдайда ірге тасын қалаған-ды. Міне, көріп отырсыздар, жыл толмай сол жаңа құрылыс ашылып отыр. Құрылысқа салынған инвестициялық қаржы миллиард теңгеге жуық. Бұл кәсіпорын шығаратын құрылыс өнімдері тек біздің облыс қана емес, қазірдің өзінде еліміздің батыс өңірлеріне түгел жіберіле бастады. Өйткені ол құрылыс саласы үшін аса қажетті. Алдағы жылдарда да бұл құрылыс материалдарына зәруліктің арта түсетінін біз жақсы білеміз, — деп зауыт ұжымын мерекемен құттықтап, еңбек қадамдарына табыс тіледі.

Бұдан соң сөзді «Жедел Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Бақытжан Шоқанов алып, серіктестіктің жаңа жобаны жүзеге асыруына қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғыс айтып, ризашылығын жеткізді. Серіктестік басшысының осында мәлімдегеніндей, жаңа өндіріс іші үш қабатты жылу сақтайтын материалмен толықтырылған, сырты әшекейлендірілген құрастырмалы дайын қабырға блоктарын және төсеніш плиталары мен бордюрлер шығарады. Мұндай құрылыс материалдары дамыған батыс елдеріне қолданылады. Соның дамыған, жетілдірілген түрлерін шығару қолға алынып отыр. Осы өндіріс шығаратын пено полистрол қыста жылудың және жазда қалыпты температураның сақталуын қамтамасыз етеді. Ал қабырғалық блок объектілерді тез тұрғызуға, монолитті құрылыста саңылауларды толтыруға, жылу сақтауға бағытталған үш жақты тапсырманы шешуге мүмкіндік береді. Жаңа зауыттың өндіріске қажетті құм, қиыршық тас, цемент, EPS полистирол сынды шикізат көздері жергілікті өнімдер.

— Біз бұл істі табысты жүргізетінімізге сенімдіміз. Тек Ақтөбе өңірін қамтамасыз етіп қоймай, өзге аймақтарды да қамтимыз. Қазірдің өзінде Атырау облысына біздің зауыт шығарған өнімдер жетті, — деді компания басшысы.

Бір сүйсінерлігі, үш қабатты қабырға блоктарын өндіретін зауыттың құрылысы жедел жүрді. Оның құрылысы осы жылдың наурыз айында ғана басталған болатын. Бұл жобаны жүзеге асыруға құрылыстың басталуынан бастап, өндірістік объектіні іске қосқанға дейін «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы техникалық қолдау көрсетті.

Есмырза Байтұрсынов, зауыт директоры:

— Бұл зауыттың негізгі өнімі — кірпіш. Оның сан алуан түрі шығарылады. Бұдан өзге де құрылысқа қажетті бұйымдар өндіріледі. Мысалға, жиектастардың түрлері, жүргінші жолына төселетін бірнеше түрлі бұйымдар болады. Біздің кірпіштеріміз негізгі қабырғалық құрылыстарға, қаптамаларға, аралық бөлу қабырғаларына арналған. Оларды жинау, қалау оңай, көп шығын кетпейді. Жылуды жақсы сақтайды. Тұрғын үй салуға, өндірістік құрылыстарға қолданылады. Зауыт шығаратын өнімнің бағасы қаладағы бұған дейінгі өндіріс орындары шығарған өнімдермен шамалас.  Зауыттың жобалық қуатты жылына 2,5 млн қабырға блоктарын шығаруға есептелген.  Өндіріс толық күшіне енген кезде 70 адамды жұмыспен қамтиды. Әзірге жұмыс бір ауысымда ұйымдастырылып отыр, 25 адам жұмыс істейді. Осы ресми ашылғанға дейін зауыт сынамалық өнім шығарып келді және өзін жақсы жағынан көрсетті.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.  

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*