Басты бет » Мереке » Тіл мәртебесі қалай көтеріледі?

Тіл мәртебесі қалай көтеріледі?

«Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт — тіл», — деді Мағжан Жұмабаев. 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» Заң қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді.Жаңа заңның 1-бабында: «Қазақ ССР-і қазақ тілінің мемлекеттік тұрғыдан қорғалуын жүзеге асырады және оның мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда, халыққа білім беру, мәдениет, ғылым мекемелерінде, қызмет көрсету, бұқаралық информация салалары мен басқа да салаларда белсенді түрде қолданылуына қамқорлық жасап отырады», — деп атап көрсетілуі үлкен үміттің бастауы болған еді. Міне, осы үміттің жүзеге асуы, тіліміздің өз мәртебесіне сай қолданылуы мен құрметке ие болуы үшін мемлекет тарапынан жылдар бойы жүргізілген кешенді істер, ең алдымен, Тәуелсіздіктің жемісі.

Нақты мысалдарға жүгінер болсақ, Тәуелсіздіктен бұрын,1989 жылы Ақтөбе қаласындағы 98 балабақшаның тек 19-ында ғана қазақ тілі үйретілген, ал бірыңғай қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшаның саны екеу ғана еді. Ақтөбе қаласындағы 31 мектептің үшеуі ғана қазақ мектебі болса, ал Ақтөбе ауданында бірде-бір қазақ мектебі болмаған. Мәртөк ауданында 27 мектептің үшеуі, Новоресей ауданында 37 мектептің жетеуі ғана қазақтілінде білім беретін. Ал қаптаған орыс мектептерінің бәрінде бірдей қазақ тілі толықтай, яғни 1-9 сыныптар аралығында, оқытылмайтын. Орыс мектептерінің түлектері үшін қазақ тілі негізгі пән ретінде аттестатқа да енгізілмеген. Бұл сол кезде облыстағы қазақ мектебі жоқ елді мекендерде тұрып жатқан қазақ балаларының өз тілінен мүлде мақұрым өскенін білдіреді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева:

— Жас ұрпақтың өз тілінде білім алуы — Тәуелсіздік жылдарының ең басты жетістіктерінің бірі. Тәуелсіздікке дейін біздің облыста балалардың 2 пайызы ғана қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшаларға баратын. Ал 2016-2017 жылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 85 пайызға жетті. Айта кетейін, республика бойынша бұл көрсеткіш — 64 пайыз. Елімізде былтырғы жылы 1-сынып табалдырығынан аттаған бүлдіршіндердің 89 пайызын ата-аналары қазақ мектебіне берді. 2016 жылы облысымызда барлық мектептердің 64 пайызы қазақ мектептері болды.  Бүгінгі күні тіпті өзге ұлттар балаларының қазақ мектебіне барып жүргеніне ешкім таңғалмайды. Біздің облыста өзге ұлттардан 636 бала қазақ мектебінде оқып жүр. Сондай-ақ, бұрынғы орыс мектептерінің басым бөлігінде қазақ тілді сыныптар ашылған, яғни аралас мектепке айналды. Мектептен кейінгі білім беру жүйесіне келсек, облысымыздағы арнаулы және жоғары оқу орындарындағы жастардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алып жүр, — дейді.

Тәуелсіздікке дейін Қазақстанда ресми құжаттар айналымы бір ғана тілде — орыс тілінде болды. Қазір екі тілге көшірілген.

— Мемлекеттік органдарда іс-қағаздар жүргізуге қазақ тілі қазір толықтай енгізілді. Бұл 2001-2010 жылдарға көзделген Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды, — дейді Гүлайым Төлебаева.

Басқарма басшының айтуынша, бүгінгі күні облыста БАҚ саласындағы қазақ тілінің үлесі 85 пайызға жетіп отыр.

Тіл өрісіне өлшем болатын басты салалардың бірі — ономастика. Тәуелсіздікке дейін облыста көшелердің 90 пайызының, сондай-ақ 167 елді мекеннің атауы идеологияға орай бұрмаланған, орысшаланған атаулар еді.  Бір ғана Ақтөбе қаласында 2005 жылдан бергі уақытта 140 көшенің аты өзгертілді. Ал аудандар аттары арасындағы бұрынғы Новоресей, Октябрь мен Ленин атауларын кейінгі жастар естімей өсті. 1993 жылы Новоресей — Хромтау ауданы; ал Октябрь (бұрынғы Мұғаджар ауданымен қосылып) — Мұғалжар ауданы, 1997 жылы Ленин Қарғалы ауданы болып өзгертілді. Елді мекендердің де көпшілігіне өздерінің Ұлы Даланың байырғы тұрғындарынан алған тарихи атаулары қайтарылды. Гүлайым Төлебаеваның айтуынша, бүгінгі күні облыста жоғарыда айтылған 167 елді мекеннің 146-сының бұрынғы аты қайтарылған.

Ал биылғы Тәуелсіздік күні қарсаңындағы сүйінші хабарды ол бізге:

— Республикалық ономастикалық комиссия Ақтөбе қаласының бірқатар көше аттарын өзгерту және атаусыз көшелерге ат беру жөніндегі ұсыныстарымызға қатысты оң қорытынды берді. Көшелерге ұлт қайраткерлерінің есімдері, тарихи орындар атаулары, танымал әдеби кейіпкерлердің, әдеби шығармалардың аттары, халқымыздың ежелден келе жатқан дүниетанымына байланысты атаулар берілгелі отыр. Ақтөбедегі Мирзоян көшесі енді ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың атымен аталатын болады. Ал Киселев атындағы көшеге Мөңке бидің аты беріледі. Сондай-ақ, облыс орталығында енді Білге қаған, Керей хан, Жәнібек хан, Қасым хан, Тәуке хан, Кенесары хан, Дина Нұрпейісова, Жанша Досмұхамедұлы, Едіге батыр, Ер Тарғын, Жау жүрек мың бала, Ұлпан (Ғабит Мүсірепов шығармасының кейіпкері) атындағы көшелер болмақ. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Енді түпкілікті шешімді облыстық мәслихаттан күтеміз, — деп жеткізді.

Республикалық ономастикалық комиссияның шешімі бойынша, Ақтөбе қаласында 216 көшеге жаңа атау беріліп, 35 көшенің аты өзгереді.

— Біз ономастикадағы өзгерістерге қатысты халықтың пікірін білу мақсатында да зерттеу жүргіздік. Зерттеу қорытындысында облысымыздағы кәмелетке толған азаматтардың  93,8 пайызы осы бағыттағы өзгерістерден хабардар екені және олардың 96 пайызы жүргізіліп отырған саясатты дұрыс санайтыны белгілі болды, — дейді Гүлайым Тельманқызы.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір облыста азаматтардың 93,8 пайызы қазақ тілін меңгерген. Ал өзге ұлт өкілдерінің 24 пайызы мемлекеттік тілде сөйлей алады.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде тіл саясаты мақсат-міндеттерді кезең-кезеңмен іске асыру арқылы жолға қойылды. Бұған дейін Тілдерді қолдану мен дамытудың 1997-2000; 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламалары іске асырылды. Биыл Тілдерді қолдану мен дамыту жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның үшінші кезеңінің алғашқы жылы аяқталмақ.Алдағы басты мақсаттардың бірі — қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру.

— 26 қазанда Елбасының жаңа әліпбиге көшу жөніндегі Жарлығы шықты. Латын графикасына көшу — алдыңғы қатарлы, дамыған елдер сапына қосылу мақсатындағы маңызды қадам. Әлемдегі ең озық 30 елдің 22-сі латын графикасын қолданады. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруді облыс тұрғындарының 67 пайызы қолдады. Жаңа әліпбиге көшу жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Латын графикасына көшкенде, төл дыбыстарымызды жоғалтып алмау керек, — дейді Гүлайым Төлебаева.

Әлемдегі ғылым анықтаған тілдер саны 7 мың екен, соның 1,5 мыңы ғана қазір қолданыста жүр. Сол 1,5 мың тілдің 100-інің мемлекеттік мәртебесі бар. Қазақ тілі — дүние жүзіндегі мемлекеттік мәртебеге ие 100 тілдің бірі.

— Әрине, барлық проблемалар шешілді деуге ерте екенін бәріміз де білеміз. Тіл мәселесінде мемлекеттік саясатпен қатар, одан тыс, азаматтардың сана-сезімі, намысы, ұстанымы арқылы шешілетін түйткілдер де көп. Осы жағынан әлі де белсенділік керек, — дейді Гүлайым Төлебаева.

Индира ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*