Басты бет » Мереке » Тәуелсіздік құрдастары

Тәуелсіздік құрдастары

1991 жылы дүниеге келген Тәуелсіздіктің құрдастары бүгінде еліміздің өркендеуіне өздерінің елеулі үлестерін қосып келеді. Олардың бірқатарымен сөйлесіп, әңгімеге тартқан едік.

 Биік мерей

 Әділет ИМАМАДИНОВ:

— Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігін жариялап, азаттықтың ақ таңы арайлап атқан жылы 16 желтоқсанда дүние есігін ашқандардың бірі менмін.

Шалқар қаласында өмірге келіп, 2009 жылы осындағы №1 орта мектепті бітірдім. Сол жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Алматы академиясына оқуға түстім. Қазіргі таңда Шалқар аудандық ішкі істер бөлімінде экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі, полиция капитаны болып қызмет атқарамын.

Тәуелсіздіктің құрдасы атану мен үшін биік мәртебе әрі зор жауапкершілік жүктейді. Бүгінде өз елімнің тыныштығын қорғап жүрмін. Қазақстанның берік қалқаны болатыныма сенемін.

Тарих беттерінен мен өмірге келген жылдары еліміздің талай қиын кезеңнен өткенін байқаймын. Ең бастысы, халқымыз жасымай, келер күнге үлкен үміт артып, талмай-тынбай еңбектене отырып, төзімділікпен еңсере білді. Бүгінде Шалқар ауданының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Әсіресе, спорттық үйірмелер көптеп ашылуда. Жастарды қолдау мақсатында әр деңгейлі бағдарламалар жүзеге асуда. Ауылдық жерде жастар өз кәсібін ашу үшін пайызсыз және кепілсіз қаржыландыруды бөлу тетіктері қарастырылып отыр. Егемен елдің мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беріп жатыр.

Өмірлік жарым Гүлім Сайлыбайқызы да Тәуелсіздіктің құрдасы. 1991 жылдың 11 желтоқсанында дүниеге келген. Бүгінде Шалқардағы №1 мектеп-гимназияда шәкірттер тәрбиелеуде.

Өркендеп келе жатқан мемлекеттің мерейін көтеріп, байрағын желбіретер тәуелсіз Қазақстанның құрдастары екені айқын. Сондықтан елдің тұтастығы мен бірлігі үшін қызмет ету, елдің бетке ұстар азаматы болу — менің басты арманым. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін!

 Ерекше жауапкершіліктің жүгі

 Болатхан ҚҰТБАЙ:

— Мен Тәуелсіз Қазақ елінің топырағында тудым, ашық аспан астында өмір сүріп жатырмын. Сан мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен күресіп жеткен Тәуелсіздіктің маңызын, ұлан байтақ жерімнің құндылығын өте жақсы білемін.

Еліміз егемендік алған жылы 16 желтоқсан күні Қарғалы ауданының Әлімбет ауылында дүниеге келдім. Ата-анам сол кезеңдегі тұрмыстық жағдайдың қиын болғанын айтып отырады. Отын тапшылығы, жұмыссыздық… Десек те, олар сол қиындықтарға төтеп беріп, ыстығы мен суығына шыдай білді. Маңызды сәттер көп болды. Осы жылдар аралығында Ақтөбе өңірінің экономикасы өркендеп, мәдениеті, тұрмыстық жағдайы жақсарды.

Бүгінде азаттықтың жаршысындай зеңгір көкте желбіреген Туымыз бар, еңселі Елордамыз, Ата заңымыз бен Елтаңбамыз, бүкіл жұрт қосыла айтатын Әнұранымыз бар. Осыны көріп өскен біз  — бақытты ұрпақпыз. Мен тәуелсіздік құрдасы екенімді мақтан тұтамын. Еліммен бірге өсіп келе жатқаныма қуанамын.

Еліммен бірге есейдім

 Гүлдана ЕСЕНЖОЛОВА:

— 1991 жылдың 18 тамызында дүние есігін ашып, Тәуелсіз елдің перзенті атану менің кеудеме мақтаныш сезімін ұялатады. Ақтөбе облысындағы тамырын тереңнен алатын, тарихы бай аудандардың бірі Темірдің Шұбарқұдығында тудым, өстім, өндім. №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясында білім нәрімен сусындадым. 2009 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті атанып,  3-курста оқып жүргенімде «Болашақтың іргесін Президентпен бірге қалаймыз» атты жастар слетінде облыс әкімінің грантын, 4-курста оқып жүргенімде «Бота» қоғамдық қоры  бағдарламасы өткізген «Кәсіби  мансапты бастауға дайындық» семинарында грант жеңіп алдым.

«Еліміздің болашағы — жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында», — деп Елбасымыз айтқандай, ұстаздық жолды таңдадым.  Ауданда өткен түрлі дебат ойындары, қоғамдық шаралардың қайнаған ортасында жүрдім. Себебі жаныма жақын болды. «Газет — халықтың құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынов атамыз айтпақшы,  2016 жылдан бастап ауданның тыныс-тіршілігін 1973 жылдан бері  хабардар етіп отырған аудандық «Темір» газетінің тілшісі атандым. Елдігіміз, егемендігіміз, еркіндігіміз үшін маңызды мәселе —Елбасының көреген саясаты, сындарлы бастамасы, жыл сайынғы Жолдауы, рухани жаңғыруы күн санап санама оттық болуда. Бағдарым — ұлттық рухтан нәр алып, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстанның жарқын болашағына үлес қосу!

Біздің буынның мақсаты

 Фархат ТОҚСАМБАЕВ:

«Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ», — деп Қасым Аманжолов айтпақшы, иә, біз шексіз бақыттымыз. Сондықтан, тәуелсіздіктің құрдасы екенімді ойлағанда, бойымды ерекше сезім билейді. Ол жеке басыңның қуаны­шыңның туған еліңнің тарихи өміріндегі айрықша сәтпен тұспа-тұс келуіне деген ризашылықтың әсері дер едім.

Мен 1991 жылы Хромтау ауданының Табантал ауылында дүниеге келдім. 2000 жылы отбасымызбен Хромтауға қоныс аудардық. 2015 жылы Рудный индустриялды институтын ойдағыдай тәмәмдап, қазіргі таңда Хромтау қаласындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясы акционерлік қоғамында қызмет етемін.

Отбасылы болып, сәби сүйгеннен кейін мақсатым еселене түскендей. Жалпы алғанда, елге елеулі, халыққа қалаулы адам болып, Тәуелсіз елімнің дамуына тамшыдай болса да, үлес қоссам деймін. Атақ пен абыройдан бұрын елдің дамуы жолында тер төгіп, қызметіңе адал болсаң — сол мойныңа артылған жүк пен жауапкершілікті орындай білгенің.

Қамқорлық шарапаты

Берік НҰРМҰХАМЕДОВ:

Ата-бабаларымыз азаттықты талай ғасыр бойы аңсап өтіп, сол үшін жанын да қиса, сондай қиындықпен келген Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы кейінгі буын — жастарға да байланысты. Біздің басты мақсатымыз — Елбасымыз бен мемлекетіміз артқан жауапкершілік жүгін көтере біліп, еліміздің үмітін ақтау.

Мен 1991 жылдың 20 желтоқсанында Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында дүниеге келдім. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде филология мамандығы бойынша білім алып, Президент атындағы стипендияға ие болдым. Мұның барлығы мемлекеттің жастарға жасап жатқан қамқорлығы деп түсінемін. Қазіргі таңда өзім білім алған осы университетте қызмет етемін.

Мақсатым — Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосу, білімді, зиялы шәкірт тәрбиелеу. Бүгінде Тәуелсіздіктің 26 белесіне көтеріліп отырған Қазақ­станның әлем алдындағы биік беделі мен абыройы бар. Міне, осы жасампаздық жолды жалғастыру — басты парызымыз.

Ендеше, қазіргі жастар алдына биік мақсат қойып, өзінен кейінгілерге үлгі көрсете білуі тиіс. Сонда ғана Тәуелсіздігіміз баянды, еліміздің ертеңі жарқын болмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*