Басты бет » Жаңалықтар » Жемқорлықпен күрес уақытша науқан емес

Жемқорлықпен күрес уақытша науқан емес

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен  жылы жемқорлыққа байланысты 44 дерек тіркелсе, биыл 16 іс қаралған. Бұл — соңғы жылдары облыста жемқорлыққа қарсы жүргізілген жұмыстың оң нәтижесін көрсетеді.

«Жемқорлықсыз болашаққа бірге!» атты облыстық форумда өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және онымен күрес жұмыстарының нәтижесі айтылды. Форумға 450-ге жуық делегат қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жиналғандарды халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнімен құттықтап, жемқорлықпен қоғам болып күресу керектігін айтты.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру — Елбасының айқындап берген мемлекеттік саясатының басым бағытының бірі. Жемқорлықпен  күресу —  қоғамының және әрбір азаматтың ортақ ісі. Оны әрбір отбасы түсінуі керек.  Сыбайлас жемқорлық адам табиғатының бұзылуына, адамгершіліктің тапталуына, қоғамның бөлінуіне әкеледі. Адам белгілі бір материалдық жағдайға тәуелді болса, ол ар-ұят пен  намысты екінші орынға қояды. Егер ар-ұят, намысты екінші орынға қойсақ, онда болашақта тұтас бір ұрпақты жоғалтып алуымыз мүмкін. Жемқорлыққа қарсы күресе отырып, өмірімізді одан әрі жақсартып,  адамгершілік, рухани байлығымызды жоғалтпай өркениетті ел құру баршамыздың міндетіміз болуы тиіс. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылық сияқты жаман әдеттен арылу  жолында көптеген іс шаралар қолға алынып, жүзеге асып отыр. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған форум —  соның  дәлелі.

Жемқорлықпен күрес —  уақытша науқан емес, жүйелі, әрі  ұзақ мерзімді мемлекеттік саясат.  Сондықтан біз бұл бағытта қоғамның, ұйымдардың белсенділігін одан әрі күшейтуіміз қажет, — деді облыс әкімінің орынбасары.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Қайыржан Тоқышев департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюдың басты шарты —  қызмет алушылардың мемлекеттік қызметшімен тікелей қатынасын жою. Осыған орай көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді толық автоматтандыру және оңтайландыруымыз қажет. Мемлекеттік қызмет түрлерін электронды форматта көрсету немесе халыққа қызмет көрсету орындарынан  алу үлесін көтеру үшін бұл мәселені кең насихаттауымыз керек.

2018-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл жоспар-жобасының басым бағытында,  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды көбейту, журналисттер арасында конкурс, студент жастар арасында әр түрлі бағыттағы акциялар өткізу секілді шаруалар қамтылған. Бұдан басқа, жалпы қоғамдық ақпарттық жұмыс, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының және  ғаламтордың күшін пайдалана отырып,  ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген. Әрбір мемлекеттік орган осы бағыттарды назарға алуы керек.  

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда  көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жүйелі шаралары күнделікті тәжірибеге енгізілуі керек. Заңда көзделген 13 жүйелі шараны іске асыру мемлекеттік органдардың басты міндеті, — деді  департамент басшысы.

Жиында облыстық мәслихаттың депутаты және Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Амангелді Есіркепов партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.

— Партия тарапынан қыруар жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде арнайы құрылған комиссия  Ұлттық қордан бөлінген ақшаның қалай жұмсалып жатқанын бақылап отыр.

Жалпы депутаттар фракциясының 91 пайызын «Нұр Отан» партиясы құрайды. Сыбалас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары да назардан тыс қалған емес. Дөңгелек үстелдер, отырыстар ұйымдастырылады. Соған қарамастан кемшілік жоқ деп айта алмаймыз. Мәселен 11 айда 24 партия мүшесі жемқорлық мәселесі бойынша іске тартылып, оның 10-ы партия қатарынан шығарылған, — деді мәслихат депутатты.

Сондай-ақ орта, жоғары оқу орындарын жас ұрпақты тәрбиелеу алаңына айналдыруды ұсынды. Тіпті жемқорлықпен күресті қосымша пән ретінде енгізіп, дәріс беру керектігін айтты.

— Былтыр облыстық маслихаттың депутаттары бірлесе отырып колледж жанынан «Рухани жаңғыру — ұлт болашағы» деген лагерь құрдық. Онда 250-ден астам бала тәрбиеленді. Тәрибе сағаттары кезінде балаларға сыбайлас жемқорлықтың мемлекетке тигізер зияны туралы айтылды. Бұл ретте менің айтайын дегенім, ауыл шаруашылығы колледжі сияқты оқу орындарын өскелең ұрпақты тәрбиелейтін алаң қылуға болады. Бұндай кезде бір уақытта емес, жыл бойы жұмыс жүрер еді, — деген колледж директоры жақын күндері жастар форумы өткелі жатқанын мәлімдеді.

Форумда «Ербақыт» патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаев жемқорлықпен күрес жұмыстары әрбір отбасынан басталуы керектігін, ал   «Оксана» украин этномәдени бірлестігінің көркемдік жетекшісі Татьяна Карант жемқорлықпен күресте этномәдени бірлестіктер де шет қалып жатпағанын айтты.  Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев сыбайлас жемқорлыққа байланысты қолға алынған шаруаларды баяндады. Ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссия құрылған.

— Ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылып жатырған жұмыстар айқын, әрі ашық болуы үшін осы бағыттағы ақпараттар мен  шешімдер  uil.aktobe.gov.kz ,  akimat_uil  инстаграмм парақшалары мен  «Вконтакте», «Фейсбук» әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Биыл аудан  әкімдігі жанынан құқықтық оқыту мектебі ашылды. Мақсат — аудандағы  жастардың құқықтық сана сезімі мен көзқарасын өзгерту. Мектептің «2017 жылға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, жоспарға сәйкес семинарлар, дөңгелек үстелдер және заңдарды түсіндіру бағытында дәрістер өтіп, жұмыс жасалды, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ ауданда наурыз айынан бастап еліміздің барлық аймақтарында жүргізілген «Есіктен есікке» ведмостволық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында,  аудандағы барлық коммуналдық мекемелер түбіртектердің кері бетіне «Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу» және «Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға қатысуы» атты жадынамалар жазып, таратқан.  Барлығы 11 364 дана түбіртек таратылыпты.  Сонымен қатар қоғамдық орындарға 1062 дана плакат ілінген.

Сондай-ақ биыл  әлеуметтік тапсырыс аясында «Батыс —мониторинг» әлеуметтік зерттеу агенттігі Ойыл ауданының әлеуметтік – экономикалық және діни ахуалын зерттеу, халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен төзбеушілікті қалыптастыру деңгейін анықтау мақсатында, ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайына зерттеу жүргізген. Нәтижесінде аудан тұрғындарының 68 пайызы «ауданда сыбайлас жемқорлықты жоқ деуге болады» деп жауап берсе, 20 пайызы жемқорлық  мүлдем жоқ деп есептейді.

Жиында Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы Амантай қажы Садиев шариғаттағы жемқорлықтың үкімін кеңінен айтып берді.

— Шариғат бойынша жемқорлық, пара —  мансап иесін параға жығу мақсатында берілетін мүліктік құндылық.  Исламда жемқорлық пен параға үзілді-кесілді тыйым салынған. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ, біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар» делінген. (Бақара, 188)

Имам Бұхари және имам Муслим риуаят еткен хадисте Расулулла с.а.у. былай деген: «Алла Тағала пара берген және параны алғанды лағынеттеді». Басқа хадистерде «Жақсы ниет харамды халал ете алмайды», «Харам нәрсеге айла жасауда —  харам», «Пайдалы жұмыс істеп пайдалы табыс табу ер және әйелдерге парыз». Алла Тағала қасиетті аят жолдарында сыбайлас жемқорлыққа тыйым салған. 

Аллаға шынайы құлшылық, ғибадат жасап, айтқандарын бұлжытпай орындауға тырысқан жанның үйінде береке ұялайды. Ұлағатты данышпан бабаларымыз «Аз болса да берекесін берсін» деп босқа айтпаған. «Отан — отбасынан басталады» демекші, әрбір жанұяда береке болса, қоғамда да береке болады, — деді имам.

Форумның соңында департамент басшысы  Қайыржан Тоқышев жемқорлыққа қарсы шараларды ұйымдастырып, мемлекет пен қоғам, өмірдің түрлі салаларында жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға, оның деңгейін барынша қысқартуға үлесін қосып жүрген азаматтарды марапаттады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*