Басты бет » Жаңалықтар » Биыл ақтөбеліктерге 12 000-нан астам жер телімі берілді

Биыл ақтөбеліктерге 12 000-нан астам жер телімі берілді

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен жеке тұрғын үй құрылысына жер беру мәселесі талқыланды. Мәжіліске Ақтөбе қаласы мен аудандар әкімдері, басқарма басшылары қатысты.

Жиынды ашқан Бердібек Сапарбаев 2017 жылы 15 мыңға жуық жер учаскесін бөлу жоспарланғанын атап өтті. Қазіргі уақытта жер беру мәселесі 82%-ға орындалып, 12 мыңнан астам ақтөбелік жер телімін алды.

Облыстық автоматтандырылған арнайы жүйеде 150 мыңнан астам өтініш тіркелген. Кезекке тұрғандардың дені Ақтөбе қаласында, мұнда — 120 мың, Алға ауданында — 14 мың, Мәртөк ауданы бойынша 5 мың адам өтініш берген.  Бұл мәселе Ойыл және Қобда аудандарында толық шешілген.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, жыл басынан бері облыс орталығында жеке тұрғын үй құрылысына 7,5 мыңға жуық жер телімі берілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 мыңға дейін жеткізіледі. Жер телімдері «Бауырластар-3», «Думан», «Жаңақоныс-2», «Парасат», «Ақшат-3» тұрғын массивтерінен берілмек. Сондай-ақ, Қурайлы, Сазды, Өрлеу, Қызылжар ауылдарына тиесілі 117 жер учаскесі көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға табысталады.

Сонымен қатар, кезекке тұрғандар саны күн сайын 140 адамға артуда. Қала әкімі жыл басынан бері өтініш берушілердің 13 мың адамға көбейгенін атап өтті.

Бұл мәселе қажетті коммуникациялардың болмауы себебінен шешімін таппай отыр. Жағдайды түзету үшін ауыл шаруашылығының мақсатсыз пайдаланылған жерлерін қайтару жоспарланған. Бүгінгі күні 730 га жер телімі мемлекет меншігіне өткізілді.

Қалалық билік бау-бақша ұжымдарының жұмыстарына да тәртіп орнатуда. Пайдаланылмаған жер учаскелерін анықтау және ұжымдардың техникалық  жағдайын зерттеу мақсатында басқарушы компаниялармен бірлесіп мүлікті түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы шаралардың нәтижесінде үстіміздегі жылы «Сарбаз», «Сая», «Сазды орман шаруашылығы», «Ақжар» бау-бақша ұжымдарына қарасты 241 жер телімінің мәртебесі тұрғын үй құрылысына арналған жер телімі болып өзгертілді.

Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының әкімдіктеріне жеке тұрғын үй құрылысына  жер телімдерін бөлу жоспарын орындау бойынша барлық түбегейлі шараларды қабылдауды, тұрғын массивтерін коммуникациялармен қамтамасыз ету мәселесін шешуді және қала маңындағы саяжай учаскелерінің мәртебесін жеке тұрғын үйге ауыстыруды жалғастыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*