Басты бет » Тарих » Азаттық таңына сенген арыстар

Азаттық таңына сенген арыстар

Конференция

«Түркі тілін зерттеуді алғаш түркілер өздері бастаған. Бұған ХІ ғасырдағы Махмұд Қашғари еңбегі дәлел. ХІХ ғасырда түркологияны ресейлік ғалымдар зерттеді. Ал қазақ тілі ғылымын тұңғыш бастаушы — ірі түрколог Ахмет Байтұрсынұлы. Ахаң: «Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген, о жер-бұ жері бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты, артық әріптері көп әліпби де қолайсыз, бойыңды қысып, тәніңді тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады», — деген еді. Бүгінгі таңда әліпбиді жетілдіру бойынша ұлттық комиссия, ең бастысы, төл дыбыстарымыздың түгел, толық болуын көздеуі тиіс», — дейді Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек.

Бұл пікір ғалымның Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Ақтөбеде өткен «Алаш идеясы — Мәңгілік елдің ұстанымы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда жасаған баяндамасында айтылды. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, аталмыш конференция Ақтөбе қалалық әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен 7-8 желтоқсан күндері өтті.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында өткен пленарлық мәжілістен кейін, конференция жұмысы «Алаш және қазақ тіл білімінің мәселелері», «Алашорда: Тәуелсіздік идеясы», «1921-1922 жылдардағы ашаршылық және Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеті» секциялары бойынша жалғасты. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Тұрсын Жұртбай конференцияға қатысушы ғалымдар мен зерттеушілер назарына 1921-1922 жылдары қазақ даласын жайлаған ашаршылық және осы тұста халыққа орасан көмек көрсеткен Алаш қайраткерлерінің тағдыры жөнінде баяндама ұсынды. Оның қолындағы деректер бойынша, билік басындағы большевиктер бұл қасірет кезінде «қазақтардың ашаршылыққа еті үйреніп кеткен» (!) деген «сылтаумен», бірінші кезекте келімсектерге көмек көрсеткен. Ал қазақтар мың-мыңдап қырылып, аман қалғандары үй-күйлерін тастап, босқынға айналды. Әсіресе, батыс, солтүстік өлкелердің қазақтары көп қиындық көрген. Осындай жағдайда Алаш қайраткерлері Семей губерниясы қазақтарынан мал жиып, Торғай жағына апарып таратады. Бұл іс ең сенімді адам ретінде Жүсіпбек Аймауытовқа тапсырылған. 8 мың бас малды Торғайға апарып таратып, мыңдаған жандардың аман қалуына септігі тиген іске басшылық еткен Аймауытов осы үшін алғыс алудың орнына… қуғын-сүргінге ұшыраған.

— Тіміскі тыңшылар өзі аштықтан ашынған, аш өзегі өртенген адамдардың ашкөзденген сәтін пайдаланып, арғын мен қыпшақ руларының адамдарын бір-біріне айдап салған. Оны ұйымдастырған жергілікті жердегі кеңес өкіметі мен партия ұйымдарының белсенділері еді. Ал олар жоғарыдан нұсқау түспесе, өз беттерімен мұндай әрекетке бара алмайтын. Солар ұйымдастырылған арыздың салдарынан, Жүсіпбек Аймауытов жауапқа тартылды, — деді Т.Жұртбай.

Ақыры Аймауытов 1931 жылы «тап жауларымен астыртын байланысы бар» деген жаламен ату жазасына кесілгені белгілі.

Конференцияда, сондай-ақ, Б.Қапалбек, А.Ісімақова, Г.Құбашева, т.б. баяндама жасады.

Конференция жұмысын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айша Құлбатыр қорытындылап:

— Алаш арыстары бүгінгі Қазақ елінің тәуелсіздігін көрмегендерімен, Алаш көсемі Әлихан: «Алаш баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» — деп, азаттық таңы түбі ататынына сенді. Олардың бүкіл қазақты біртұтас мызғымас ел болуға шақырған аманат-өсиетіне адал болу — ұрпақтарға ұласатын ұлы парыз, — деп атап өтті.

 Индира ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*