Басты бет » Жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Басты міндетіміз — Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүз пайызға орындау

Бердібек САПАРБАЕВ: Басты міндетіміз — Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүз пайызға орындау

Облыс әкімдігінде Мемлекет басшысының Индустрияландыру картасындағы жобалар ұсынылған телекөпірде берген тапсырмаларын орындау мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, Ақтөбе қаласы мен аудандар әкімдері, мемлекеттік органдардың және даму институттарының жетекшілері қатысты.

Облыс әкімі жиынның мақсаты Елбасы тапсырмаларын барынша нәтижелі және тиімді орындау жолдарын тиянақтау екенін атап айтты.

— Мемлекет басшысы экономиканың барлық саласында өсім болуы керектігін міндеттеді, біз бұл міндетті жыл аяғына дейін орындауымыз қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, құрылыс, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, әсіресе, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына ерекше мән берді. Біз Президент тапсырған міндеттерді орындауға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, — деген Бердібек Машбекұлы ол тапсырмалардың орындалуын жеке өзі қадағалайтынын жеткізді.

Облыс әкімі Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңір өндірісін диверсификациялау, Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыру барысын бақылау, «ЭКСПО-2017» жобаларын жүзеге асыру, «Білім-Ғылым-Өндіріс» кластерін құру, фармацевтикалық өндірісті дамыту, сондай-ақ IT технология мен электронды сауданы күшейтуді талап етті.

Облыстың құрылыс саласының алдына пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің көлемін әрі қарай көбейту, құрылыс кластерін құру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы және басқа да жобалардың жүзеге асуына бақылау жасау секілді міндеттер қойылды.

Бердібек Сапарбаев, сонымен бірге, энергияның баламалы көздерін дамыту, қайта өңдеудің деңгейін арттырып, жаңа технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығына ғылыми ізденістерді кіріктіру, суармалы жер көлемін ұлғайту және су қоймалары құрылысы жөнінде де әңгіме қозғады.

— Ауыл шаруашылығының дамуы барлық бағытта қамтамасыз етілуі керек. Біз бұнымен бірінші кезекте тұрғындардың азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешеміз,   импортты азайтып, экспортты ұлғайтамыз. Біз биылғы жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 5 пайыздан кем болмайды деп міндеттеме алғанбыз, ол орындалуы керек, — деді облыс әкімі жиналысқа қатысушыларға.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру да негізгі басымдықтардың қатарында.

Облыс әкімі сондай-ақ агломерацияны әрі қарай дамыту, жетім және ата-аналарының қарауынсыз қалған балаларды қолдау, медициналық кластердің қуатын арттыру, өткізіліп жатқан мәдени және спорттық-бұқаралық шараларды көбейтіп, сапасын жақсарту, өндірістегі жұмысшыларды негізсіз босатуға жол бермеу, облыстағы діни ахуалды бақылауда ұстау секілді мәселелерге ерекше назар аударды.

— Біздің басты міндетіміз —  Мемлекет басшысының аузынан шыққан барлық тапсырмаларды жүз пайызға орындауды қамтамасыз ету. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, әлеуетіміз жетеді. Тек қана жұмысты дұрыс үйлестіріп, қатаң бақылауымыз керек, —  деп жиынды түйіндеді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.