Басты бет » Жаңалықтар » Байқау жүлдегерлері анықталды

Байқау жүлдегерлері анықталды

Шығармашылық академиясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі облыстық департаментінің ұйымдастыруымен өткен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті.

Ақтөбе қаласындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен техникалық және орта кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары, облыс педагогтері қатысқан байқауға 100-ден аса жұмыс ұсынылып, үздік танылған 16 жұмыс іріктеліп алынды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе  облысы бойынша департаментінің басшысы Қ.Тоқышев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Н.Әбішева, «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Р.Отыншин, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Қ.Сатыбалдина қатысып, байқаудан үздік шыққан жүлдегерлерді марапаттады.

Шара барысында сөз алған Қ.Тоқышев:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылған арнайы мобильдік топ мүшелері өңірдің 120-дан аса селолық округін аралап, насихат жұмыстарын жүргізді. 150-ден астам еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені қалыптастырудың ең негізгі құралдарының бірі — жас ұрпақты тәрбиелеу. Осыған байланысты біздің облыста бірқатар шаралар жүргізілуде. Осындай іс-шаралардың бірі — жалпы білім беретін орта мектептер мен колледж  оқушылары, педагогтер арасында өтті. Осы бастамаға қолдау білдірген  «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншинге, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы филиалы басшылығына, басқа да қатысушыларға ризашылығымды білдіремін, — деді.

Бұдан соң «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин байқауға белсенді түрде қатысқан жүлдегерлерге алғысын білдіріп, алдағы уақытта мұндай шаралардың жалғасын табатынын жеткізді.

Колледж және лицей білім алушыларының арасында өткен үздік суреттер мен инсталляциялар байқауының қорытындысы бойынша І дәрежелі дипломмен Ақтөбе политехникалық колледжінің оқушысы Мира Жаймурзина (Жетекшісі — Д.Шаңғытбаева) марапатталды. Үздік видеоролик түсіру арқылы өткен байқау нәтижесінде Ақтөбе политехникалық колледжі жеңімпаз атанды. Облыс бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері, мектеп директорларына арналған облыстық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет» үздік бағдарлама байқауы бойынша Байғанин ауданынан келген Қарауылкелді орта мектебінің директоры Қанат Қойшығұлова марапатталды. Қ.Тоқышев үздік мақалалар облыстық баспасөз беттерінде жарияланатынын жеткізді. «Жемқорлықсыз мемлекет — уақыт талабы» тақырыбында мақала жазу байқауы бойынша І дәрежелі дипломмен Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің оқушысы Дастан Иманғали марапатталды. Сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлық және қоғам» атты үздік тәрбие сағаттарының сценариі бағыты бойынша Мәртөк ауданынан келген Аққайың орта мектебінің мұғалімі Руслан Жабағин жеңімпаз болды.

— Біздің жұмысымыз үздік деп танылғанына өте қуаныштымын. Біз жас ұрпақ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бағдарлама жобасын әзірледік. Бұл — профессорлық-оқытушылар құрамы мен оқушылардың ортақ жұмысы, — деді Қарауылкелді орта мектебінің директоры Қанат Қойшығұлова.

Ақбота ҚАЛДБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*