Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған 22 нысан бар

Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған 22 нысан бар

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин 11 ай ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

«Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен жиында аталған мерзім аралығында 1199 құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізе бастағаны туралы хабарлама қабылданғаны айтылды. Сондай-ақ, 874 жоспардан тыс тексеру жұмыстары ұйымдастырылып, оның нәтижесі бойынша 104 нұсқама берілген.

— Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі салалары бойынша 95 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 31 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Құрылыс жұмысын бастайтындардың көпшілігінде жобалау-сметалық құжаты болмай жатады, ол толтырылғанның өзінде талапқа сәйкес жүргізілмейді. Егер адам өміріне нақты қауіп төндіретіндей құрылыс болса, біз оны бұзуға дейін талап қоя аламыз.

Заңда құрылыс жұмыстарының нақты қанша уақытқа созылу керектігі туралы ештеңе көрсетілмеген. Ол үшін әр құрылыстың сметалық жобасы әзірленеді, сонда оны салу жұмысы қанша мерзімге жалғасатыны атап өтіледі. Оның барлығы арнайы сараптамадан өтіп барып қабылданады. Біздегі ғимараттардың құрылысы көбіне-көп 6 айдан 1 жылға дейін созылады.

Сондай-ақ, тексеріс кезінде 16 көлікгаз жабдықтау бекеті, 2 коммерциялық мақсаттағы және 1 құрылысы ұзаққа созылған ғимарат бұзылды, — деді Нұрлан Иманалин.

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысының сөзінше, жыл басталғалы қала құрылысы мен сәулет саласы бойынша лицензия алып, қайта рәсімдеу үшін 295 өтініш келіп түскен. Ал құрылыс талаптарына немқұрайлы қараған 7 кәсіпорын лицензиясынан айырылыпты.

Баспасөз мәслихаты кезінде Нұрлан Иманалин қазіргі таңда Ақтөбе қаласында құрылысы ұзаққа созылған 22 нысанның барын атап өтті.

— Оның ішінде 20-сына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп басталған. Ал тағы 2 нысанның жер учаскелерінің әу бастағы көзделген мақсатта қолданылмай отырғаны анықталып отыр.

Осы құрылыстардың иелерімен жиналыс өткізгенімізде, 7-еуінің жұмысының тұралап қалуына қаражаттарының тапшы екенін білдік. Оларға жеңілдікпен несие алып, құрылысты аяқтау үшін қаржы институттарына жолығуға кеңес бердік, — деді ол.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*