Басты бет » Жаңалықтар » Достық. Адалдық. Рақымшылық

Достық. Адалдық. Рақымшылық

«Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған «Д.А.Р.» еріктілер клубы он жылдығын атап өтті. Салтанатты шара Халықаралық еріктілер күніне орайластырылды.

Мақсат — еріктілердің басын қосып, еңбегін ескеру, сондай-ақ, үлкен жүректі азаматтардың байланысын одан сайын нығайту.

— 1985 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамблеясының шешімімен 5 желтоқсан Халықаралық еріктілер күні болып белгіленген-ді. Бұл мерекені біз де жыл сайын атап өтеміз.

Сондай-ақ, бұл күні мейірімді, белсенді, жаңалыққа жаны  құштар жастар мен ересектердің қауымдастығы — «Д.А.Р.» еріктілер клубы ашылған болатын. Оның құрылғанына биыл он жыл толып отыр. Достық, адалдық, рақымшылық атты әдемі үш жүздің бас әрпінен құралған клубтың атауы сияқты жұмысы да үлкен мәнге ие. Құрамында 18-70 жас аралығындағы 120 адамнан астам мүшесі бар орталықтың мүмкіндігі шектеулі жандарға көмегі зор.

Жалпы, еріктілер — түрлі бағытта өз көмегін көрсететіндер. Мұқтаж жандарға, мүгедектерге ақысыз негізде қолдау білдіріп, сауапқа кенелетін де осы кісілер, — дейді «Д.А.Р.» еріктілер клубының төрайымы Марал Нұралина.

Салтанатты жиын барысында клуб құрылғалы бері еріктілік қызметке атсалысып жүрген 13 белсендіге Алғыс хат пен естелік сыйлықтар беріліп, жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, жер-жерден жолданған бейнеқұттықтаулар тыңдалып, 20 қыз-жігіт аталған орталықтың қатарына қабылданды, оларға еріктілердің билеті ресми түрде табыс етілді.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, ерікті болудың арқасында адамның тағдырына немесе қоршаған ортаға жағымды ықпал етуге болады. Өз бос уақытыңды еріктілік қызметке арнау — сауапты һәм салиқалы іс…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

Бір пікір

  1. БҰЛ ИГІ ІСКЕ ҚАТЫСТЫ БАРЛЫҚ ЕРІКТІ АЗАМАТТАРҒА ҮЛКЕН АЛҒЫС!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*