Басты бет » Денсаулық » 33 адам вич жұқтырған

33 адам вич жұқтырған

Биыл облыста 33 адам АИТВ (адам иммун тапшылығы вирусы) жұқтырған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға көп.

«Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз кеңесінде облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігердің орынбасарлары  Айбарша Төребаева мен Анна Каспирова аталған ауру туралы айтып берді.

Қазіргі таңда елімізде ЖИТС-ке қарсы «Денсаулыққа құқылы» тақырыбында кампания өтіп жатыр.

— Әр адам өзінің АИТВ статусын білуге құқылы. Вирусты жұқтырып алмау үшін алдын алу шараларын жасау керек. АИТВ жұқпасы анықталған жағдайда оның ЖИТС, яғни жұқпалы иммун тапшылығына жетпеуі үшін күресу керек. Осы мақсатта облыстық білім басқармасы, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, жастар ресурстық орталығы, «Арасан-Ақтөбе» серіктестігімен бірлесе отырып түрлі шаралар ұйымдастырдық, — деді Айбарша Төребаева.

Жастарға ЖИТС, яғни СПИД туралы ақпараттар беріліп, аурудан сақтану жолдары айтылған. Қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындары қамтылған. Ірі сауда орталықтарында арнайы шаралар өтіпті. Қазіргі күні барлық медициналық мекемелерде азаматтардың жұқпаға тексерілуі үшін ашық есік күні өтіп жатыр. Анна Каспированың айтуынша, облыста АИТВ жұқтырған 415 адам тіркеуде тұрса, оның 326-сы ел азаматтары. Биыл он бір айда 133 мың тексеру жүргізілсе, оның ішінде АИТВ жұқтырған 33 ақтөбелік анықталыпты. Олардың 88 пайызы вирусты жыныстық қатынас арқылы жұқтырған. Ақтөбеде алғашқы СПИД жұқтырған адам тіркелген уақыттан бастап осы кезеңге дейін 20 адам аурудан көз жұмған.

— Медицинада  «СПИД-тен адам өлмейді» деген түсінік бар. Себебі вирусты жұқтырғаннан кейін адамның қорғаныс қабілеті төмендейді, иммундық жүйесі зақымдалады. Иммунитетін жоғалтқан адам ауруға төтеп бере алмайды. Содан кейін түрлі аурудан өліп кетуі мүмкін. ЖИТС жұқтырған адамдар құрт ауруынан, нашақорлықтан көз жұмып жатады, — деді Айбарша Төребаева.

Сондай-ақ көпшілік арасында бұндай ауру жезөкшелер, есірткі қолданушылар, гомосексуалистер арасында ғана кездеседі деген түсінік қалыптасқан. Бірақ қазіргі таңда АИТВ-ға кез келген адам шалдығып жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*