Басты бет » Мәдениет » «Замандас» аналар клубы 5 жылдығын атап өтті

«Замандас» аналар клубы 5 жылдығын атап өтті

Аудандағы «Замандас» аналар клубының құрылғанына 5 жыл толуына орай аудандық Мәдениет үйінде кеш өтті.

Шара басында көпшілік аудандық Мәдениет үйінің фойесінде әр ауылдық округтен келген әжелер клубы ұсынған ұлттық тағамдар көрмесін тамашалап, құрт жасау, ағаш келісаппен тары түюден өнер көрсетті.

Бұдан кейін мерекелік шараның шымылдығы алтын құрсақ аналардың мейірімді жүрекпен сәбиін әлдилеп, өсіріп-тәрбиелеуі сомдалған сюжеттік бимен түрілді. Сонымен бірге «Замандас» аналар клубының атқарылған жұмыстары бейнебаян арқылы көрсетілді.

Шарада аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева «Замандас» аналар клубының барлық мүшелерін 5 жылдық мерейтойларымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ауданның мәдениетінің дамуына, жастардың жалынды, ұлтжанды болып қалыптасуына сүбелі үлес қосып жүрген аналарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Кеште ұлттық дәстүрімізді үкілеп жүрген әжелердің бірі Ғарифитиолла Бердешованы аудан әкімі мерейлі 70 жасымен құттықтап, камзол кигізді.

Шара барысында «Замандас» аналар клубының төрайымы Гүлжан Булаева клубтың атқарылған жұмыстарына тоқтала отырып, клуб жұмысының жандануына қолдау көрсетіп жүрген мекеме қызметкерлеріне алғысын жеткізді. Сыйластық пен татулықтың туын желбіретіп жүрген осындай аналарымыздың дара жолдарын үлгі етіп жүрген «Замандас» аналар клубының жанына құрылған «Әйел бақыты» келіндер клубының мерекелік лебіздері асыл әжелердің мерейін асырып, мерекеге сән берді. Адамзаттың қоғамнан қалыс қалмауы үшін, ұрпақ тәрбиелеуде бір бағытта қызмет етіп жүрген ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Аманғосов мерекелік тілегін шын көңілмен жеткізсе, өзге ұлт өкілдерінен құралған «Достық» клубы мерекелік құттықтауын әсем әнмен жолдады. Аталмыш шараға аудан өнерпаздарымен қатар мектеп оқушылары да үн қосты. «Асыл аналарына» ән арнап, жыр жолдарын тарту етті.

Шара ақжарма тілектермен өріліп, «Тағылым», «Шапағат», «Ұлағат», «Шаңырақ», «Парасат», «Өнеге» аналар клубтары мен «Ақ әже» халықтық ансамблі қазақ әндерін орындады.

«Замандас» аналар клубының 5 жылдық мерейтойы түстен кейін «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы мәдениет және демалыс орталығында мерекелік дастарқанға жалғасты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*