Басты бет » Әлеумет » Ардагерлердің әңгімесін тыңдады

Ардагерлердің әңгімесін тыңдады

Кездесу

1979 жылы тура осы желтоқсан айында кеңестік билік Ауған еліне әскер кіргізді. Сөйтіп, күштеп социализм орнатуды мақсат тұтты. Ақырында он жылға созылған қанды соғыс абыройсыз аяқталды. Алайда сол уақыттың талабына сай интернационалист-жауынгерлер атанып, қанды қырғынды бастан кешкен сарбаздардың жазығы жоқ еді. Сол ауған жерінде  өз борыштарын өтегендердің ішінде қазақ азаматтары да аз болған жоқ. Олардың талайы жат жерде жан тапсырды. Ал елге аман-сау оралған азаматтарды халқымыз ауған соғысының ардагері деп құрметтейді. Өйткені олардың да  жасы бүгінде алпысқа қарай аяңдап келеді. Кеше Ақтөбе қаласындағы қазақ гуманитарлық заң колледжінің кітапханасында осы Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті.

Кездесу кешінің басты қонағы болған ауған соғысы интернационалист-жауынгерлерінің облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасынов сол бір жылдардың тарихын, өзінің бастан кешкен оқиғаларын айтып берді. Жат жерде ерлікпен қаза болған майдандастарын еске алды. Соларды есте қалдыру мақсатында шығарылған «Біз антымызды орындадық» анықтамалығын көпшіліке таныстырып, бірнеше данасын кітапхана қорына тапсырды. Ауған соғысы, оған қатысқан ақтөбелік сарбаздар туралы деректі материалдар жинап, баспадан бірнеше кітаптар шығарған Серік Бекрахимов колледж оқушылары алдында қызықты әңгіме шертті.

Колледж оқушылары, кітапхана оқырмандары қонақтарға сауалдар қойып, өз ойларымен бөлісті.

Кездесу соңында колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Ерғазиев ауған соғысы ардагерлеріне ризашылығын білдіріп, биылғы жылы ашылғанына 15 жыл толғанын еске түсіретін оқу орнының ескерткіш сыйлықтарын тапсырды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*