Басты бет » Басты жаңалықтар » Көлік жолдарын қысқы кезеңде уақытылы тазартып отыруды тапсырды

Көлік жолдарын қысқы кезеңде уақытылы тазартып отыруды тапсырды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында жергілікті және республикалық маңызы бар көлік жолдарының қысқы жағдайына қатысты мәселелер талқыланды.

Өңірдегі көлік жолының жалпы ұзындығы — 6 983,9 шақырым.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиевтің айтуынша, жергілікті маңызы бар 5 мың шақырымдық көлік жолына қысқы кезеңде қызмет көрсетумен  212 бірлік техникасы бар 34 кәсіпорын айналысып жатыр. Тайғаққа қарсы және инерттік материалдардың қажетті 764 тонна қоры мен дизель отынының  253,3 тонна резерві  бар.

Шараларды жедел қабылдау үшін мердігер мекемелерде жағдай нашарлаған жағдайда тәулік бойы жұмыс жасайтын кезекшілік ұйымдастырылды.      Сонымен бірге 250-ден аса арнайы техниканы жұмылдырған 15 кәсіпорын Ақтөбе қаласындағы 200 көшені, айналма жолдар мен қаланың бес ауылдық округінің жолдарын тазалаумен айналысуда. Әрбір мердігер мекеменің жұмысын тікелей кураторлар қадағалайтын болады, сонымен қатар, түнгі уақытқа кезекшілік ұйымдастырылды, — деп атап өтті А.Османғалиев.

Республикалық маңызы бар 1724 шақырымдық көлік жолына «Қазавтожол» КМК облыстық бөлімшесі жауапты.

«Биылғы жылы көлік өтетін жолдың кептелісін болдырмай, уақытылы тазалануы үшін «Қазавтожол» жалпы ұзындығы 4,2 шақырым болатын қарды ұстап тұратын темір бетон қалқандарын қондырды. Сонымен қатар, 29 жылыту бекеті, 320 тонна сұйық және қатты отын, 600 тонна тұз бен 6,8 мың текше метр топырақ дайындалды. Тәулік бойы диспетчерлік қызмет жұмыс жасайтын болады, — деп хабарлады КМК бөлімшесінің директоры Бағлан Баймағамбетов.

Айта кетейік, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен арнайы құрылған комиссия жолдардың қысқа дайындығын, мердігер мекемелердің әлеуметтік техникаларының жағдайын тексерген болатын.

Өңір басшысы арнайы техникалардың даярлығы мен инертті материалдардың болуын үнемі қадағалауда ұстауды тапсырды.

— Жолдың жағдайына жауапты барлық ұйымдар, мекемелер бірлесе әрі үйлесімді жұмыс жасаулары қажет. Басты міндет — жолдардағы көлік қозғалысына кедергі келтіретін қар кептелісіне жол бермеу. Мердігер мекемелердің басшылары жұмысқа байыппен қарап, келісімшарттағы барлық тармақтарды орындаулары керек, — деп атап өтті облыс әкімі.

Жиын кезінде сондай-ақ, облыс бюджетінің осы жылғы он бір айда орындалуы да қаралды.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның мәліметіне қарағанда, облыс бюджетінің кіріс бойынша нақты орындалуы — 108,8%, шығыс бөлігі – 97,4 %.

Әкімшілердің бірқатары, соның ішінде спорт, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы басқармалары, Мұғалжар, Хромтау, Алға, Мәртөк, Ойыл аудандары мен тағы басқалар  бюджеттік бағдарламаларды игермеген.

Аймақ басшысы жыл соңына дейін бюджет қаражатын толық әрі тиімді игеруді талап етті.

«Қаржыландыру жоспарының орындалуы күн сайын бақылауда болуы тиіс», — деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Жиынның күн тәртібіндегі үшінші тармақ — білім беру саласын бақылау департаментінің осы жылдың он бір айындағы қызметінің қорытындысы мен 2018 жылғы міндеттері болды.

Департамент басшысы Жанна Қайшығұлованың айтуынша, білім беру саласының неғұрлым өзекті әрі өткір мәселесі — оқушылардың оқу үлгерімі мен мектептегі білім сапасы. Бұған 4, 9 және 11-сынып оқушыларын аттестациядан   қайта өткізген 2017  жылғы оқу жетістіктерінің сыртқы бағасы дәлел.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, өңірде білім беру саласын дамыту үшін барлық қажетті шаралар қолданылуда. Бюджеттің осы салаға жіберетін шығыны жыл сайын өсіп келеді. Соның арқасында мұғалімдердің еңбекақысы өсіп, жаңа мектептер салынуда, олардың техникалық жарақтануы күшейтіліп жатыр. Білім сапасы қаржы салымына пропорционалды түрде өсуі қажет», — деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев білім беру басқармасына білім беру саласын бақылау департаментімен бірге мектептегі білім беруді түбегейлі күшейтіп, мекемені кадрлық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*