Басты бет » Жаңалықтар » Облыс әкімі Қытайдағы қазақстандық студенттердің оқу үлгерімін бақылауды ұсынды

Облыс әкімі Қытайдағы қазақстандық студенттердің оқу үлгерімін бақылауды ұсынды

«Ақтөбе облысының әкімдігі, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы, Қытай мұнай университеті және  Қытайдағы Қазақстан Республикасы елшілігі  таңдау мен даярлаудың, оқу процесін бақылау мен жоғары білім алғаннан кейінгі жұмыспен қамтудың  қазақ студенттеріне арналған төрт жақты механизмін жасады», — деп хабарлайды «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агентігінің  Қытайдағы меншікті тілшісі.

Бұл жөніндегі келісімге Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қытай мұнай университетінің ректоры Чжан Лайбин және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Ван Цзюньчжэнмен жүргізген келіссөздері нәтижесінде  қол жеткізілді.

Кездесу барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Қытай мұнай универсиеті арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа екі университеттің ректорлары Бауыржан Ердембеков пен Чжан Лейбин қол қойды. Университеттер арасындағы әріптестік ынтымақтастық  профессорлық-оқытушылық құрамның, студенттердің, магистранттардың және аспиранттардың тәжірибелер мен ғылыми және әдістемелік материалдар алмасуын көздейді.

Сондай-ақ облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қытайдың мұнай университетінде оқитын қазақстандық студенттермен кездесіп,  оларды оқу үдерісіне байыппен қарауға, уақытты тиімді пайдалануға, білім көкжиектерін кеңейтуге және өз елін қадірлеуге, лайықты маманы болып шығуға шақырды.

Қазақстанның барлық өңірлерінен келген, оқу үлгерімімен үздік көзге түскен  20 студентке әкім сыйлық берді. Мұнымен бірге, жоғары оқу орнында Ақтөбе облысынан оқып жатқан 37 студенттің үлгерімін айрықша бақылауға алды.

«Қазақпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қытай мұнай университетінің «Халықаралық экономика және сауда» мамандығы бойынша 2-курс студенті Жансая Токишева облыс әкімімен болған кездесудің студенттердің білімге деген құштарлығын арттырып, болашағына сенімдерін ұлғайтқанын атап көрсетті.

Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың Пекиндегі екі күндік жұмыс сапары аясында екі жақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын да еске сала кетейік. Ол бойынша қытайлық Tianjin Bohua Petrochemical корпорациясы Ақтөбе облысында табиғи газдан полиэтилен мен полипропилен өндіретін зауыт құрылысына 4 миллиард доллар инвестиция салады.

Қытайлық «Kazakhstan Potash Corporation» компаниясымен Ақтөбе облысында калий тыңайтқыштарын өндіру мәселесі талқыланды. Ал «Nuctech» компаниясымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірлескен жоғары технологиялық жабдықтар шығаратын өндіріс ашу сөз болды.

Ақтөбе облысындағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстыру аясында аймақ пен қытайлық компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы төрт меморандумға қол қойылды. Пекинде «Kazak Invest» ҰК» жанында  инвестициялар тарту және экспортты дамыту бойынша Ақтөбе облысының өкілеттігі ашылды.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*