Басты бет » Басты жаңалықтар » Жұлдызды әлемнің сәулесі

Жұлдызды әлемнің сәулесі

Мерейтой

Кеше облыстық планетарийдің 50 жылдық мерейтойына орай «Жұлдызды әлем — күллі әлем» атты мерекелік шара өтті. Оған ҚР Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры, «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ-ның вице-президенті Айдын Айымбетов бастаған құрметті қонақтар, сала мамандары және жастар қатысты.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында алдымен журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өткізіліп, жер-жерден шақырылған қонақтар қуаныш иелеріне лебіздерін білдірді, сұрақтарға жауап берді. Қазақстанда тұңғыш ашылған планетарийдің халық арасында астрономия, космонавтика салаларының насихаттаушы жетекші орталықтардың бірі екені айтылып, оның еліміздің мәдени-ағартушылық және  қоғамдық өмірінде алатын орны сөз болды. Облыстық планетарийдің директоры Қорлан Бөлеков ұжымның жүріп өткен жолына, қазіргі жай-күйіне тоқталып, әлі күнге стационарлы һәм барлық талаптарға жауап беретін біздегі планетарийдің республика бойынша теңдесі жоқтығын атап өтті.

— Бүгінгі таңда планетарийде 20 адам жұмыс істейді. Бізде «Жұлдыздар бөлмесі» бар, оған 50 адам сыяды. Жыл сайын техникаларды, қондырғыларды жаңартып тұруға тырысамыз. Қызығушылық танытатын келушілеріміз аз емес.

Шығармашылық жұмыстарымыз да жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Аспан әлемінің қыр-сырынан хабар беретін үйірмемізге келетін ұл-қыздарымыз бар. Олардың арасында халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алып жүргендер кездеседі, — деді Қорлан Бөлеков.

Ал салтанатты мерекелік шарада ҚР Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры, «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ-ның вице-президенті, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов, Еуразиялық Планетарийлер ынтымақтастығының тең төрайымы, Төменгі Новгород планетарийінің өкілі Ульяна Авдеенко, Қазақстан Жазушылар одағының және ТМД Астрономия-геодезия қоғамының мүшесі, жазушы-фантаст Жүніс Сақұрпағы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, В.Фесенков атындағы Астрофизика институтының зертхана меңгерушісі Любовь Шестакова, Халықаралық астрономиялық олимпиадалардың төрағасы, Мәскеудегі Пущино радиоастрономиялық обсерваториясының жетекші ғылыми қызметкері Михаил Гаврилов, т.б. алыс-жақын мекендерден келген меймандар жүрекжарды тілектерін айтты. Одан соң облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев:

— Облыс басшылығы атынан бүгін 50 жылдығын тойлап отырған планетарий ұжымын шын жүректен құттықтаймыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында басымдықтың біреуі — адами капиталды дамыту деп көрсеткен болатын. Ол дегеніміз — жастарымыздың білімді болуы. Оған себепкер болатын мекемелердің бірі — осы планетарий деп білеміз. Сондықтан Қазақстанда ең алғашқы боп бой көтерген орталықты біз мақтан тұтамыз. Талай жастарды тәрбиелеп, білімге жетелеп, астрономияны зерттеуге бағыттаған мекемеге барлық жақсылықтарды тілейміз. Планетарийдің мерейтойымен құттықтау үшін жер-жерден келген қадірлі қонақтарға алғысымыз шексіз.

Тарих үшін 50 жыл көп уақыт емес. Осы аз уақытта үлкен жұмыстар атқарылды. Болашақта да бұл жалғасын табады деп ойлаймыз. Біз өз тарапымыздан бұл мекемені қолдауға әрқашан дайынбыз, — дей келе, облыс әкімдігі атынан жарты ғасырлық тойын атап өтіп отырған облыстық планетарийге кеңсе бұйымдарын алу үшін 1 миллион теңгенің сертификатын, сондай-ақ, бір топ қызметкерге Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтарды табыс етті.

Мерекелік шара аясында облыстық планетарийдің тарихынан сыр шертетін көшпелі көрме ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

Бір пікір

  1. Жастар арасында жетістікке жеткен және өзінің дарындылығымен елге танылған өте көп. Солардың ішінен сыйлыққа ие болуға іріктеп алу да өте күрделі жұмыс.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*