Басты бет » Әлеумет » Жақсылық жасауға құштар

Жақсылық жасауға құштар

Атаулы күн

Еріктілердің санын нақты есептеп айту қиын, дегенмен қазіргі күні облыс орталығында мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әзір жастардың басын қосып отырған бес клуб бар. 5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күнінде ақтөбелік еріктілер қатарындағы ең үздік жігіттер мен қыздарды облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің атынан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова құттықтап, оларға деген алғысын жеткізді.

«Мейірім», «Жүректен — жүрекке», «Үміт нұры», «Ғажап», «Д.А.Р.» клубтарының мүшелері — жалғызбасты қарттарға, әртүрлі жастағы мүгедектерге қайырымдылық көмек жасаумен, шетелдіктерге қазақтың қонақжайлылығын паш етумен, түрлі табиғат апаттары жағдайында зардап шеккендерге жәрдем көрсетумен айналысып жүрген қыз-жігіттер.

Биылғы көктемде Ақтөбедегі су тасқыны кезінде зардап шегушілерге 600 ерікті көмек көрсетсе, Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне 100 ақтөбелік ерікті жас қатысқан.

Мысалы, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Сұлтан Жантөриев ЭКСПО-2017 көрмесіне ерікті ретінде қатысты. Көрме аясында шетелдіктерге қызмет көрсете жүріп, ол өзінің ағылшын тілі бойынша білімін де шыңдағанын айтады. Ал М. Оспанов атындағы БҚММУ студенті Нұргүл Құрманбай жалғызбасты қарттарға көмек көрсете жүріп, олардан өмірдегі сан қилы оқиғаларға қатысты көптеген ақыл-кеңестер естуге болатынын үлкен сәттілікке балайды.

— Оларға тек көмекке зәру жандар ретінде қарамаймыз. Көпті көрген қариялар біз еш оқулықтан таба алмайтын ақыл-кеңестерін айтып, өздерінің өмірлік тәжірибелерін бөлісу арқылы үнемі алға жетелеп отырады, — дейді ол.

Бұлбұл Елеусінова қоғам өміріне белсене араласып жүрген 22 қыз-жігітке Алғыс хаттар мен естелік-сыйлықтар табыстады.

 А. САРЫБАЙ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*